Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Күзеков бұл жағдай аймағымызда да күрделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл 9 айдың ішінде өңірде 440 адам инсульттен көз жұмған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10-15 пайызға артық.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта егде адамдармен қатар жасы 30-дан енді асқан азаматтар да осы аурудың құрбанына айналады екен. Өйткені жастар бойындағы сырқатқа аса мән бермейді. Басы мен тамағы ауырып, ауыз қуысы құрғаса да көңіл бөлмей жүре береді. Бірақ ағзадағы мұндай өзгерістер - осы кеселдің басты белгісі. Екі дүниенің ортасында қалдыратын инсульт дерті өздігінен пайда болмайды. Қанның ұюы, қант диабеті, гематологиялық аурулардың барлығы инсультке әкеледі. Сондықтан жыл сайын ауруға шалдықпасақ та, дәрігерге қаралып, тексеруден өтудің маңызы зор.

Ақ желеңділер аталмыш дерттің белең алуына жастардың күйзеліске ұшырауы, жеке мәселенің шешілмеуі сынды жағдайлар себеп екенін айтады. Жұмыс, отбасының қамы деп жүріп, қан қысымы көтеріліп жүргендердің өзі денсаулықтарына немқұрайлы қарайды екен. Учаскелік дәрігердің берген дәрісін ішпей, жас шамасына сенетіндер де көп. Салдарынан қуаты мен күш-жігері таусылып, ес-түссіз реанимацияға қалай түскендерін білмей жататындар да жиі кездеседі.

Ақтоғай аудандық ауруханасының бас дәрігері Гүлбақыт Құрманғалиеваның айтуынша, инсульт екі түрге бөлінеді. Алғашқысы – ұйыған қан түйіршіктерінің (тромб) ми қан тамырын бітеуінен пайда болса (ишемия), екіншісі – қан тамыры жарылып, миға қан құйылудан туындайды.

Ишемиялық инсульт алған науқасқа 4 сағат ішінде жедел ем-дом жасалуы тиіс. Кенеттен бет-аузы қисайып, тіл күрмеліп, аяқ-қол тепе-теңдігін сақтай алмаса, жедел жәрдем қызметін шақыру қажет. Көмек өз уақытында көрсетілмесе, адамның жағдайы қиындай түседі. Дәрігерлер оқиға орнына жеткенше науқасты тегіс жерге жатқызып, басын сәл көтеру керек. Терезені ашып, таза ауамен тыныс алғанына жағдай жасауы қажет. Мұндай оқиға кезінде адамдардың көпшілігі адамның тілін қасықпен, қолмен басатынын білеміз. Бірақ бұл дұрыс емес. Дәрігерлердің айтуынша, науқасқа дәрі де беруге болмайды. Қазіргі уақытта адамдардың бойында қозғалыс аз. Барлығы техниканың көмегімен жұмыс істегендіктен жастар арасында остеохондроз жиі кездеседі. Салдарынан арқа мен мойынға жиналатын тұз жұлындағы екі тамырды басады екен. Бұл жағдай ишемиялық инсультке жеткізеді екен.

- Аталмыш дерт бойынша диспансерлік есепте тұрған адамдардың тұрақты түрде қабылдайтын дәрісі болады. Бірақ кейбір науқастар денсаулығы жақсарғаннан кейін, берген препараттарды ішуді ұмытып кетеді. Дәріні тұрақты түрде қабылдамау инсульттің қайталануына жол ашады. Сондықтан есепке алынған адамдар осы жағдайға мән берсе екен дейміз. Бұдан бөлек, қазір адамдардың арасында күйзеліске тез ұшырайтындар көп кездеседі. Барынша дене жаттығуына уақыт арнап, қозғалыс үстінде жүрудің пайдасы зор, - дейді дәрігер.

Инсульт - мүгедектікке жеткізетін кесел. Егер науқасқа ем қонбаса, оны 1 топқа жатқызады екен. Тамағын өзі жей алатындар 2-топқа, өздігінен жүріп, тұра алатындар 3-топқа жатқызылады. Өкінішке қарай, қарекетсіз жататын 1 топтағы мүгедек жанға күтуші қажет. Мамандар бір рет инсультті бастан өткерген адамға аяқтан тұрып кету оңайға соқпайтынын айтады. Бас миының қалыпқа келуі сырқатқа шалдыққан адамның өмірге деген құлшынысына байланысты. Соңғы уақытта ішімдіктің салдарынан осы кеселге душар болғандардың да қатары артуда. Ішімдік, темекі, құрамында кофеин бар энергетикалық сусындардың да зияны көп. Оларды шамадан тыс пайдалану осы кеселге жол ашады екен. Қазіргі фаст-фуд сынды дайын өнімдер адамдарды семіздікке шалдықтыруы мүмкін. Сондықтан мамандар жаяу жүруге кеңес береді. Бұл пікірді Швецияның ғалымдары дәлелдеген болатын. Готенбургск университетінің ғалымдары аптасына 4 сағат, күніне шамамен 30 минут серуендеп, дене жаттығуын жасайтын адам бұл дерттің алдын алатынын айтады.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz