Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Татьяна Нагуланың мәліметінше, жыл басынан бері облыс бойынша 553 жәрмеңке өткізіліп, 2057, 4 миллион теңгенің өнімі сатылған. Сондай-ақ, павлодарлықтар Елордада ұйымдастырылған жәрмеңкеге белсенді атсалысып, 1170 тоннаның өнімі үлестірілген. Жалпы, облыс бойынша өткізілетін жәрмеңкедегі азық-түлік бағасы нарықтағы бағадан 30 пайызға дейін арзан екенін атап өткен жөн.

Павлодар қаласындағы жәрмеңкенің жөні бөлек. Әр апта сайын кем дегенде 3 ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері төбе көрсетіп жүр. Ауылдың табиғи өнімін сағынған қалалықтар таң атпас- тан кезекке тұрып, дорбасын қампитып қайтады. Әсіресе, зейнеткерлердің қарасы қалың. Ай сайынғы зейнетақысын үнемдеп жұмсайтын қариялар бір апталық азық-түлігін шанасына салып әкетеді.

- Бес күндік жұмысы бар азаматтар демалысты күтсе, зейнеткерлер демалыстағы жәрмеңкені күтеді. Жәрмеңкенің орталықта, яғни «Квазар» сауда үйінің маңында ұйымдастырылғаны жақсы болды. Қоғамдық көліктер жиі қатынайды. Зейнетақы мөлшеріне көңілім толады. Балалар «әуре болмай, үй жанындағы дүкеннен сатып ала салмайсың ба?» дейді. Ауылдың құрт-қаймағын жеп өскендіктен, жәрмеңкеде сатылатын табиғи өнімдердің орны бөлек, - дейді зейнеткер Зәуреш Әділханова.

Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Болат Аманжолов жәрмеңкенің бағаны тұрақ- тандыруда пайдасы орасан екенін атап өтті.

- Жыл сайын тұрғындардың тұтынушылық сауаты артып келеді. Жәрмеңкедегі өнімнің бағасы әлеуметтік дүкендермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Содан болар, жәрмеңкеге халық көп келеді. Алдағы уақытта сатылатын өнім түрлерін арттыру жағын қарастыру керек болар, - дейді Б.Аманжолов.

Жәрмеңкеге жиі атсалысатын тауар өндірушілердің бірі – Успен ауданындағы «Белоусов» жеке кәсіпкерлігі. Күнбағыс майымен танымал болған жеке кәсіпкерліктің тауарына сұраныс мол.

- Жәрмеңке тұрғындарға да, бізге де тиімді. Дүңгіршек жалдау үшін қалтамыздан бір тиын шығармаймыз. Әр сенбіде шамамен 150 литрге дейін күнбағыс майы сатылады. Бағасы – 360 теңге, - дейді жеке кәсіпкерлік басшысы Константин Белоусов.

Соңғы уақытта жәрмеңкеде қазақтың ұлттық тағамдарын сатып тұрған азаматтардың да саудасы қызып тұр. Мұнда қымыздың 1 литрі 600 теңгеден сатылуда. Қоспа 1500 теңгеден, талқан 1200 теңгеден үлестіріледі. Құрттың дәміне қарай 3 түрі сатылады. Пішіні де әртүрлі. Қолдың майы 2100 теңгеге бағаланған.

- Немерелерімнің туған күндері қыс мезгілінде. Жылдағы дәстүрге сай туысқандардың басын қосып, ақ дастарқан жаямыз. Ас мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдарын енгізу міндетті. Шетелдің газды сусындарынан гөрі қымыз әлдеқайда пайдалырақ. Қалада тұрғандықтан, қоспа, талқан әзірлеуге мүмкіндік бола бермейді. Жәрмеңкеге келіп, арзан бағамен керегімді сатып аламын, - дейді зейнеткер Күлпан Есболатова.

Қысқасы, қос тараптың да көңілінен шығып отырған жәрмеңкенің тиімділігі мол. Маңызды шараны ұйымдастырып жүрген билік өкілдері тұрғындардың өтініш-тілегін назарға алып, жәрмеңкенің жандануына атсалыса бермек.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz