Инвесторлар үйінде «Мұнай-газ саласындағы әлеуметтік әріптестік» тақырыбында семинар-жиын өтті. Шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек облыс орталығындағы мұнай өңдеу кәсіпорнының өңір экономикасындағы рөлін атап өтті.

- «Павлодар мұнай-химия зауыты» төлейтін салық Павлодар қаласы бюджетінің 40 пайызын құрайды. Осыдан-ақ, аталмыш кәсіпорынның облыс орталығының дамуына қосып отырған үлесін байқауға болады. Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында түрлі бағытта демеушілік көрсетеді. Мәселен, «Ertis Promenade» сахнасында өтетін концерттерге шақырылатын танымал жұлдыздардың гонорарын өтеп, облыстың намысын қорғап жүрген спорт командаларын қаржыландырады, - деді Ұ.Жазылбек.

Сонымен қатар, Ұлан Еркінұлы облыста әлеуметтік әріптестікті дамыту жөнінде үшжақты комиссия жұмыс істейтінін атап өтті. Соның аясында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 89 пайызы ұжымдық келісімшарт жасады. Жыл басынан бері аталмыш комиссияның 25 отырысы өтіп, онда еңбек қарым-қатынасына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Облыстық кәсіподақ төрағасы Динара Айтжанова кәсіподақ қызметкерлерінің білім деңгейін арттыру үшін биыл алғаш рет Toraiqhyrov university «Кәсіптік одақтардың билік және бизнеспен ықпалдастығы» бағыты бойынша салалық магистратура ашылғанын айтты.

Осы орайда «KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Ақмурзина 2020-2022 жылдарға арналған жаңа салалық келісімге енгізілген негізгі өзгерістерге тоқталды. Бұл құжатта еңбек қауіпсіздігімен қатар, жұмысшыларды ынталандырудың тиімді тұстары қарастырылған.

Облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов мұнай-газ саласында қызметкерлердің міндеттері мен құқықтарын қорғау жүйесі оң жолға қойылғанын тілге тиек етті. Десе де, кемшін тұс та жоқ емес.

- Ірі өндіріс орындарының басым бөлігі мердігер компания-лармен жұмыс істейді. Өкінішке қарай, олардың барлығы бірдей серіктестердің жұмысын бақылай бермейді. Әсіресе, мердігер ұйымның өз қызметкерлеріне жалақыны уақытылы аударуы қадағаланбайды. Сонымен қатар, кейбір кәсіпорындар келесі жылдан бастап енгізілетін электронды еңбек келісімшартын қолдануға дайын емес, - деді А.Қапанов.

ҚР Энергетика министрлігі мұнай өндірісін дамыту департаменті директорының орынбасары Сәтжан Кәрімов мұндай мәселелерді үш жақтың өкілдерін жинап, жан-жақты талқылауды ұсынды. Сондай-ақ, шара соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек пен Павлодар мұнай-химия зауытының үздік қызметкерлеріне «Қазақстан мұнайына – 120 жыл» мерейтойлық медалін табыстады.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz