Өрттің өршуіне не себеп?

Бұл жөнінде облыс әкімдігінде өткен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия отырысында айтылды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Ернұр Өтегеновтің мәлімдеуінше, көбіне табиғи құбылыс - найзағай себеп болған. Облыс әкімі Болат Бақауов өрттің өршуіне биыл жаздағы құрғақшылық айтарлықтай әсер еткенін ескеру керек, деді.

Сонымен қатар, жалпы облыс аумағында биыл 316 дала өрті тұтанған. Көп жағдайда өрт сөндіру бекеттері мен аудан-қалаларда құрылған еріктілер құрылымдары тұтанған аймаққа алдымен жетіп, әрекетке көшкен. Техникалық жабдықталуды күшейту үшін департамент биыл 7 өрт сөндіру техникасын жергілікті атқарушы органдарға өткізген. Департамент орын алған табиғи өрттерді саралай келе, бірқатар мәселелерді алға тартты. Айтуынша, кейбір өрт оқиғаларын «өрт» деуге келмейді. Сондықтан, құзырлы министрлік мұндай деректерді бағалау талаптарын өзгертсе деген пікір білдірді. Мәселен, бір жеке тұрған ағаш тұтанса да, ол орман өртіне баланатын көрінеді. Сол себепті өрт аумағына қарай баға берілуі тиіс, дейді.

Сонымен қатар, кейбір аудандарда өрт сөндіру жабдықтарымен қамтылу көрсеткіші тым төмен көрінеді. Мысалы, Баянауыл ұлттық паркіндегі мұндай олқылық биыл жазда орын алған ауқымды өрт кезінде анық байқалған. Паркте небары 13 өрт сөндіруші және тозығы жеткен 5 көлік қана бар. Осы ретте, департамент басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігі аталмыш ұлттық парктің жеке құрамы мен техникалық жабдықталу нормасын қайта қараса деген ой айтты.

Облыс әкімі Болат Бақауов аудан-қалаларда өрт сөндіруде айтарлықтай қолғабыс жасайтын еріктілерді керек-жарақтармен толық қамтуды тапсырды. Өрт сөндіру кезінде қолданылатын арқаға асатын сөмкенің он адамға біреу ғана болуы еш қисынға келмейді, деді. Жыл сайын төтенше жағдайлар орын алғанда кәдеге жарату үшін бюджетте қарастырылатын қаржыны осындай құрал-жабдықтар сатып алуға да пайдалану керектігін атап өтті. Сондай-ақ, орман шаруашылығы қызметкерлерінің жұмыс сапасын арттыруды тапсырды.

Жер пайдаланушыларының ескі шөпті әдейі өртеу әрекеттері көп жағдайда дала өртінің өршуіне жетелейді. Бұл мәселеге байланысты аймақ басшысы шараны қатаңдатуды тапсырды. Жоспарлы түрде өртейтін болса, олар бәрін бақылауда ұстауы тиіс. Әсіресе, жайылымдық жерлерде жиі орын алады. Жер пайдаланушыларына жазбаша түрде ескерту жасалмақ.

Айта кету керек, 2020 жылы Баянауыл, Аққулы, Май, Успен, Шарбақты және Павлодар аудандарында өрт бекеттерін ашу жоспарланған. Жиында жеке үйлердегі өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау жайы да сөз болды. Облыс басшысы жергілікті әкімдерге, мәслихат депутаттарына аз қамтылған отбасыларды аралап, осы жағдайды назарда ұстауды жүктеді.

Көктемнің қамы

Комиссия отырысында көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар да талқыланды. Нақтысы, су алу қаупі бара аумақтарда бөгеттерді бекіту жұмыстары жүргізілуде. Айта кету керек, су тасқыны қаупін сейілтуге бағытталған 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар кешені, республикалық жол картасы аясында өңірімізде биыл үш жоба іске асырылуда. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Қабылтаеваның мәлімдеуінше, Баянауыл ауданында Ащысу өзенінің арнасын тазарту, тереңдету және жағасын бекіту жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнда бөгет орнатылған. Ескісі де күшейтіліпті. Ақтоғай ауданының Шұға ауылы маңында су өткізу құбырлары салынуда. Облыс әкімі Болат Бақауов екеуінде жүргізілген жұмыстардың сапасын жіті қадағалау қажет, деді. Сонымен қатар, Май ауданында Ертіс өзенінің жағасын бекіту және арнасын түзетуге бағытталған жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Жобаның құны 50 млн. теңгеге бағаланып отыр. Аймақ басшысы мұндай сомаға ауқымды жұмыс жасау мүмкін еместігін ескертті. Сондықтан жоба қайта қаралмақ. Б.Бақауов көктемде Шүлбі мен Бұқтырмадан жіберілетін су көлемі қадағаланса, қауіп болмауы тиіс, деді. Аймағымыз шамамен 6,5 текше метр суды кесте бойынша қабылдай алады.

Қараусыз малдың қатері

Жолдардағы қауіпсіздік, қысқа әзірлігі мәселесі де талқыланды. Әсіресе, қараусыз малдың әкелетін қаупі айтылды. Облыстық полиция департаменті басшылығы иесіз төрт түліктің жолға шығуы салдарынан орын алатын апаттар жиілегенін мәлімдеді. Биыл мұндай 41 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Адам өліміне жетелеген жағдайлар да болған. Кейбір малдың иесін табу қиынға соғатын көрінеді. Көбінде таңбасы болмайды. Облыс әкімі бұл мәселені жергілікті әкімдіктер жіті қадағалауы тиіс, деді. Тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет.

«ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ облыс филиалы басшысы Ақылбек Қабылдин осы түйткілмен жыл сайын күресіп келе жатқандарын айтады. Енді заманауи технологияларды қолдануға көшуді көздеп отыр. Айтуынша, жол жиегіне арнайы діңгектер орнатылады, олардан шығатын микросигналдар төрт түлікті үркітіп, жолға шығуына кедергі келтіреді. Облыс әкімі Б.Бақауов Павлодар-Нұр-Сұлтан бағытындағы жолда малды трассаға жібермейтін арнайы торлар орнатылғанымен, төрт түлік ішінде қамауда тұрғандай жүр, деді. А.Қабылдин бұл жағдайды мойындап отыр. Айтуынша, біз бен сіздің қауіпсіздігімізді қорғауы тиіс бұл торлар қолды болып жатыр. Қалқаман кенті маңында тордың бір бөлігін ұрлап әкеткен.

Өзен үстіндегі өткелдерді қыста ашу жайы да айтылды. Облыс көлемінде ресми тіркелген 15 өткел бар. Әзірге, ауа райы жылы болғандықтан, мұз әлі қалыңдамаған. Сондықтан, мамандар өзен үстімен жүру қауіпті, дейді. «Қазгидромет» биылғы қыс жылы әрі жауын-шашын нормадан аз болады деп болжап отыр.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz