Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров бір сөзінде: «Қазақтың әні өлсе, жаны өледі, әдебиеті жесір қалады. Жаны өлген адам ағаш сияқты болады, ағашты отқа жағады. Қазақты отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын жасаңдар», - деген. Міне, бүгінгі қарекетімізді де сол қазақтың дәстүрлі әнін жоғалтпаудың қамы деп білген дұрыс болар. Бұл дәстүрлі ән мен жыр фестивалі ел Тәуелсіздігінің биылғы 28 жылдығы мен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының құрметіне арналды. Ұлттық өнер ұлықталған үлкен жиынды ұйымдастырушылар Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасындағы аты көпке мәшһүр болған дәстүрлі әншілер мен жыршы термешілерді ат шалдырып алдырыпты. Осында өнер көрсеткен өнерпаздардың барлығын қазақ даласындағы дәстүрлі ән және жыр-терме мектептерінің қазіргі өкілдері деуге келеді. Себебі, әр өңірден келген орындаушы өз аймақтарында қалыптасқан ән-жыр мақамы бойынша ән салды. Мұндай ауқымды өнер мейрамын қолдаушыларсыз қолға алу, жанашырларсыз жағаға жеткізу мүмкін емес, әрине. Сондықтан, осынау үлкен шараның басында облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Ернұр Дәуенов және Успен ауданының әкімі Николай Дычко сынды өнер жанашырлары тұрғанын атап өту қажет.

- Құрметті өнерсүйер ағайын. Сіздерді біздің шаңырақта көргеніме қуаныштымын. Бүгінгі концертке елдің ең үздік дәстүрлі ән орындаушыларын шақырып отырмыз. Осы бастамаға қолдау көрсеткен барша азаматқа және алыстан ат арытып келген өнерпаздарға Успен жұртының атынан алғысымды білдіремін, - деді аудан басшысы өзінің алғысөзінде.

«Ән мен жырдан ақ шашу» деп аталған дәстүрлі ән-жыр фестивалін Успен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Медет Тауасқан жүргізді. Концерттің ұйымдастырылу форматы да, өнерпаздарды сахнаға шақыру сценарийі де бұрынғыдан мүлдем өзгеше. Яғни, барлық әншілер мен жыршылар сахна төріне тігілген киіз үйдің ішінде дөңгеленіп отырды да, бірден ортаға шығып, өнерлерін көрсетті. Бұл сәт бұрынғы сал-серілердің сән-салтанаты мен ойын-сауық кештерін көз алдымызға әкелгендей болды. Сахна шымылдығы жергілікті жас ақын, термеші Жігер Бөкеннің арнау өлеңімен ашылды:

Әнім де сәні менен тұрар айбын,

Ән бұзылса рухымнан тұралаймын.

Қай әншіге бұйырған бақыт деші,

Тыңдарманы түзелген мынадай күн.

Бүгін, міне, ауылымда той боп жатыр,

Осы күнді біз қанша тілеп едік.

Бауыры тас болмаса талайлардың,

Кетер бүгін әуенге жүрегі еріп.

Сөз түзелді, ұлы Абай айтқандайын.

Ағайын, біз де енді түзелелік.

Әншілердің ән керуенін Ертіс-Баян жұртының мақтанышына айналған танымал дәстүрлі әнші Ербол Айтбаев бастап берді. Ол қазақ өнерінің шамшырағына айналып, Арқаға ән оздырған жерлесіміз Естай Беркімбайұлының туындыларын нақышына келтіре шырқады. Одан кейін кезінде осы өңірдің сәні мен салтанатына айналған қазақтың ерке қызы Майра әндеріне кезек берілді. Талай жастың өнер шырағын жаққан «Мен қазақпын» жобасының қатысушысы және республикалық «Текті сөздің төресі – терме» байқауының жүлдегері Салтанат Қисатова «Майра» әнін шырқап, көрерменін бір тамсандырды.

Бұл сахнадан Біржан сал, Ақан сері, балуан Шолақ, үкілі Ыбырайлардың ізін басып, үкілі домбыраны серік еткен көкшелік серілер де көрінді. Арқаның дәстүрлі ән мектебінен тәлім алған танымал әнші Назира Бейсенова Бұқар жыраудың «Батырың өлді, Бөгенбай!» деп аталатын толғауын және Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін шырқады.

Бұдан соң сахна сазы ежелден жыр өңірі атанған Сыр дәстүрлі ән мектебіне қарай ауысты. Жалпы, дәстүрлі өнерден хабары бар қауым жақсы біледі. Қазақтың жыршылық дәстүрі осы Сыр өңірінде қатты дамыған. Тіпті, бір ауылдың өзінен жүзге тарта жыршы шыққанын ескерген бұрынғылар «Сырға барсаң жыршымын деме!» деген сөз қалыптастырған. Бір ғана Қызылорданың өзінде жыршылық өнердің төрт мектебі қалыптасқан. Бұлар Нұртуған жырау, Жиенбай жырау, Нартай жырау және Сәрсенбай жыраудың мақамы болып бөлінеді. Міне, сол жыраулардың жолымен жыр айту дәстүрін жалғап жүрген Марат Сүгірбайға ән кезегі берілгенде қиқулап, қол соғып отырған жұрт бір сәт тына қалды. Ол - түркі халықтарының ортақ абызы - Қорқыт бабамыздың қобызын әспеттеп жүрген ерекше өнер иесі. Тұрмағамбет жыраудың «Өсиет», Шораяқтың Омары деп танылған үлкен шайырдың «Әділ іс» термесін және халық әні «Шилі өзен» әнін ерекше шабытпен орындады. Сырдың сарынын Қызылорда облысының Қармақшы ауданынан келген жыршы-термеші Күнсұлу Түрікпен жалғады. Бұдан соң жиналған қауым Маңғыстау мақамына құлақ түрді. Нартай және Сүгір жыраулардың жыр-термелерін насихаттап жүрген Оспан Құлсымақ Ұзақбай жыраудың «Мәжілісте сөз бастау» термесін орындады. Айта кету керек, бұл жігіт 2017 жылғы «Мен қазақпын» мега жобасының жеңімпазы болған.

Жалпы, қазақтың дәстүрлі әні мен жыршылық өнерінде белгілі бір шекара жоқ. Әлемге тарыдай шашылған қандаста-рымыздың да өздерінің қалыптастырған үні мен орындау мақамы бар. Мысалы, кезінде Өзбекстанда туып, кейін Алматы облысына қоныс аударған Сәбит Дабыл есімді азамат өзбек жерінде қалған қазақтардың әншілік және жыршылық мектебін жақсы меңгерген. Ол Базар жыраудың өсиеттерін әнге қосты. Ал, Жетісу өңірінен Шаттық Уатқан деген жас термеші келіпті. Ол - кешегі Сүйінбай, Жамбыл және Кенендер салған сара жолды жалғап жүрген өнерпаз.

Концертке Успен ауданының үш әншісі қатысты. Олар – Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің түлегі Жалын Құнанбай, халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі Ербақ Құрметжан және Қытай еліндегі «Күйтүн» ақындар институтын тәмамдаған Бөкен Жігер. Үшеуі де соңғы бірнеше жылдың ішінде ғана келіп, аудандық мәдениет үйінде қызмет атқаруда. Жас әнші Ербақ Құрметжанның орындағаны Көдектің әні «Ал, Дариға». Бұл - көп әншінің ән қоржынына түспегендіктен өте сирек орындалатын туынды. Ал әннің шығу тарихы қысқаша былай екен: Көдек жас кезінде бір сұлу қызға ғашық болған ғой. Бірақ, қыздың ата-анасы екі жастың сөз байламына құлақ аспастан өздері қалаған байдың баласы – Өмірхан деген жігітке ұзатып жібереді. Сүйгеніне қолы жетпеген Көдек ақын күйінгеннен бай баласы Өмірханды келемеждеп, сол әнді шығарған. Баянауылдан келген Азамат Базарбай Майлықожаның термесі «Ата-ананың қадірін» орындады.

Концерт соңында сахна төріне облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Ернұр Дәуенов шығып, фестивальде өнер көрсеткен әншілердің барлығын ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Жүлделер облыс әкімдігінің және Ақсу, Екібастұз, Шарбақты, Железин, Тереңкөл, Аққулы аудандары әкімдерінің демеушілігімен дайындалған.

Осы күні Успен аудандық мәдениет үйінде Ертіс-Баян өңіріне белгілі ақындар мен дәстүрлі ән өнерінің өкілдері келелі кездесу өткізіп, алдағы жылдың жоспарларын талқылады. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің сөзінше, келесі жылға бірнеше ірі мәдени жоба жоспарланған. Мысалы, Естай атындағы дәстүрлі әншілер байқауы, республикалық ақындар айтысы, М.Шамсутдинова атындағы ән байқауы және «Ақын мен әнші» сынды ірі жобалар жоспарға қойылған.

- Алдағы уақытта дәстүрлі әншілер мен ақындардың қоғамдағы имиджін арттыру бағытында жұмыс істейтін боламыз. Міне, сол арқылы ғана өнер мен мәдениеттің құнын көтере алады екенбіз. Сонымен қатар, келесі жылы Әл-Фарабидің 1150 жылдығына және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ақын мен әнші» жобасын қолға алмақшымыз. Осы шара аясында жергілікті ақындар мен дәстүрлі әншілер арнайы жоспар құрып, шалғай аудандар мен ауылдарды аралайды. Яғни, әншілер ән айтса, ақындар өлең, жырларын оқиды. Міне, осы жұмыстардың сәтті жүзеге асуына баршаларыңызды белсенді атсалысуға шақырамын, - деді Ернұр Нұрланұлы.


Ербол АЙТБАЕВ, дәстүрлі әнші, Павлодар облысы: - Ұлттың мәдениеті мен бет-бейнесі, жаны мен табиғаты дәстүрлі әнінде жатыр. Әніміз бен жырымызды сақтау арқылы ғана басқа құндылығымызды сақтай аламыз. Бүгінгі шара болашақта да жалғасын тауып, дәстүрге айналса деген ұсыныс бар. Яғни, науқаншылықпен емес, жүйелі түрде жалғасын тапса құп болар еді. Әнді қолдау арқылы қазақтың рухын оятамыз, сол арқылы ұлттың санасын байытамыз. Біздің ерлігіміз бен өрлігіміз және салтымыз бен дәстүріміз сынды барша құндылығымыз әнде жатыр. Ендеше, қазақ ән өнері жасай берсін, шарықтай берсін.


Марат СҮГІРБАЙ, жыршы, Қызылорда облысы: - Мен бұған дейін де талай үлкен дәстүрлі әншілер концертіне қатыстым. Бірақ бүгінгі фестивальдің құрылымы өзгеше болды. Әсіресе, өзге ұлт өкілдері басымырақ өңірдің төрінде осындай шара ұйымдастырудың өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл бірінші дәстүрлі әнімізді дәріптеу болса, екінші ана тілімізді өзгелердің санасына сіңірудің таптырмас құралы деп білемін. Еліміздің қай өңірінде болса да осындай дәстүрлі өнер фестивальдері көптеп өткізіле берсе екен. Мұндай мәні зор, мағыналы шаралар енді өсіп жатқан жас ұрпақтың бойына өзіміздің қазақи болмысымызды қалыптастыруға зор ықпал етеді.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz