Халқымызда «Ауылын көріп, азаматын таны» деген жақсы нақыл сөз бар. Расында, түтіні түзу ұшқан, төрт құбыласы тең ауыл көрсеңіз, сол жақсылығы мен жетістігіне ұйытқы болар азаматы барын білесіз. Тұрсын Әділханқызы 1957 жылы Үлгілі елді мекенінде дүниеге келген. Бұл – елімізге аты мәшһүр суырып салма ақын Иса Байзақовтың туған ауылы. Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы - мұғалім. Кезінде білім беру саласында көп жыл жұмыс істеп, алдына келген шәкірттерін өзінің баласындай тәрбиелей білген ұлағатты ұстаз. Ертіс ауданындағы №2 орта мектепте және Үлгілі орта мектебінде 20 жылға жақын жұмыс істеген. 2010 жылы мұсылмандық бес міндеттің бірі – қажылық парызын өтеп келіп, елге имандылық дәнін себуде. Ол туған ауылының көркеюіне, жанданып- жаңаруына көп үлес қосып келеді. Атап айтар болсақ, ауыл тұрғындарының рухани жаңғыруы және өткен тарихын тануы жолында аянбай еңбек етуде. Бұған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы зор пайдасын тигізгенін айтады.

Тұрсын Әділханқызы қолға алған үлкен жұмыстың бірі – «100 өлең мен ән» жобасы. Бұл жобаның мақсаты – кезінде осы елді мекенде өмір сүрген өнер адамдарының әндері мен күйлерін жинастыру, соғыстан келген хаттар мен ауылға арналып жазылған өлең-жырларды топтастыру. Одан кейінгісі - атақты жерлестердің кітаптары мен еңбектерін жинап, ауыл кітапханасына орналастыру. Осы ауыл туралы жазылған туындылар қатарында елге белгілі қаламгерлер – Мұсахан Қанапияновтың «Ұстаз», Бақытжан Қанапияновтың «Төре тұмсық», Аманжол Құсайыновтың «Өмір өрнектері», Ахат Жақсыбаевтың «Иса» кітабы және Ғалымбек Жұматовтың еңбектері бар. Сонымен қатар, белгілі суретші Ғалым Қаржасовтың бірқатар қылқалам туындысы осы ауылға арналған.

- Жалпы, бұл ауылдан өткен өмір жолынан өнеге алар өрелі адамдар көп шыққан. Себебі, ауылымыздың тарихы терең, небір қиын-қыстау кезеңнен бір жұдырықтай жұмылып өтті. Міне, сол кезде ауылдың қалпын сақтап қалған кейіпкерлердің қай-қайсысы болса да құрмет тұтуға лайық. Олардың еңбегін ұмытпай, тарихта қалдыру - бүгінгі ұрпақтың міндеті. Менің ең басты мақсатым – ауылды жоғалтпау. Себебі, мектепте бала саны азайып келеді. Өздерінің туған ауылдарын тастап, орталыққа көшіп жатқандар да көп. Сондықтан, оңтүстік өңірлерден көшіп келіп жатқан ағайындарды осы ауылға орналастырса, ауылымыз толып, бала саны көбейер еді, - дейді Тұрсын Әділханқызы.

Тұрсын апаның ендігі арманы – Үлгілі ауылын Қазақстанның киелі жерлер тізіміне енгізу. Осы мақсатта өңірдің киелі орындарын анықтап, кезінде асыл дініміздің кең таралуы жолында еңбек еткен ғұлама-ғалымдар туралы мәліметтер жинастырылуда. Егер осы арманымыз іске асса, ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсарып, жұмыс орындары ашылар еді, дейді. Міне, осы мақсатта этнотуризмнің жобасын әзірлеп, схема-картасын да жасап қойыпты.

Тұрсын Әділханқызы елдің имандылығына, діни сауат ашу мәселесіне де ерекше назар аударуда. Кейіпкеріміздің бастамасымен қазір ауылда мешіт құрылысы жүргізіліп жатыр. Ауылда барлық діни рәсімдер мен мерекелер осы кісінің мұрындық болуымен өтіп келеді. Мешіт қабырғасынан кітапхана қорын ашып, оған жергілікті қаламгерлердің кітаптарын жинастыруда.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz