Павлодар облысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімінің басшысы Нүрия Көбенованың айтуынша, тек осы жылдың басынан бері аталмыш бағдарлама аясында аймақта 118 жоба мен 2 мыңға жуық түрлі деңгейдегі іс-шара ұйымдастырылып, 720 мың адамды қамтыған. Бұл мақсатқа 10,5 млрд. теңге жұмсалған. Аталған қаржының 7 млрд. теңгесі демеушілер есебінен алынған екен.

- Ең алдымен осы бағдарламаның жүзеге асуына облыстық білім беру, ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармалары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, өнер орталықтары, музейлер мен оқу ордаларының үлкен үлес қосқанын ерекше атап өткім келеді. Негізінен, біздің облыста бағдарламаның басты бағыты ретінде «Туған жер» жобасы таңдалып алынды. Ол жалпыұлттық патриотизмді қалыптастыруға, отандастарымыздың туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған. Соның аясында тағы да бірнеше жоба қолға алынып, сәтті жалғасын табуда. Солардың бірі - «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасын жүзеге асыру барысында 43 киелі нысан абаттандырылып, 200 мыңнан астам адам қатысқан 65 туристік бағыт жұмыс істеуде. Сондай-ақ, жоба шеңберінде облысымызда «YMAI» зертханасы мен «Ақынақ» әскери-тарихи қайта құру клубы ашылды. Онда бірегей археологиялық олжаларды зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, мұнда қазба жұмыстарының нәтижесінде Павлодар қаласындағы Байдалдың қорғандарынан табылған Х-ХІІ ғасырлардағы Ұлы Дала көшпелілерінің «Қимақ арбасы» жылжымалы үйін қалпына келтіру, Ақтоғай ауданынан табылған орта ғасырдағы «Күміс әйелдің» тарихи келбеті мен киімін зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Toraighyrov University ғалымдары Май ауданындағы қазақ және жоңғар қақтығысы болған «Қалмаққырған» жерінің археологиялық мұрасын зерттеуде. Археологтардың бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – қазақ-жоңғар соғысымен байланысты ХVІІІ ғасырдың әскери-саяси оқиғаларын дәлелдейтін мағлұматтар табу. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде аталмыш университет ғалымдары «Серектас шайқасы» деген кітап шығарды. Онда тарихшы ғалымдар мен этнографтардың Қалмаққырған шайқасы туралы тарихи зерттеулері жарияланған. Сонымен қатар, «Қалмаққырған жерін археологиялық-этнографиялық зерттеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Өңірдегі киелі жерлерді насихаттайтын билбродтар орналастырылды. Павлодарлық белсенді жастарға «Рухани Тour» жобасы аясында еліміздің қасиетті орындарын аралап, танысуға мүмкіндік берілді, - дейді Нүрия Көбенова.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қоғамдық сананы жаңғырту жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз. Мақаланың мақсаты «Ұлы даланың жеті қыры» ретінде анықталған бабалар мұрасын қайта насихаттау ғана емес, сонымен қатар тарихи сананы жаңғыртудың арнайы алты бағдарламасын дәріптеу болып табылады. Атап айтсақ, тарих ғылымы, мұражай ісі және басқа да жобалар. Осы бағыттар бойынша да көп игі іс атқарылуда.

- «Ұлы даланың Ұлы есімдері» арнайы жобасына Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми қоғамдастығымен құрылған «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғасы» атты 25 бейнероликтің тұсаукесері, «Қазақстанның көрнекті дауысы» және «Дала дауысы – Голос степи» атты музыкалық жинақтарының тұсаукесері, Наум Шафердің бірегей мұражай-үйі қорындағы атақты халық орындаушыларының ән репертуары енеді. Сонымен қатар, осы жылы Баянауыл ауданында режиссер, драматург Жұмат Шанинге ескерткіш орнатылды. Кентанушы Қосым Пішенбаевтың 175 жылдығына орай Жұмат Шанин ауылында салтанатты түрде кесене ашылды, оған қала жұртшылығы, еңбек ардагерлері қатысты. Ал Май ауданының Жаңатілек бөлімшесінде Абылай хан дәуірінде өмір сүрген Тілеуқабыл батырға, Ақтоғай ауданында Алаш қайраткері Иманқұл Жүсіповке, Ертіс ауданында Түгел батырға ескерткіш орнатылды. «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасы аясында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Ұлы даланың өнерпаздар керуені» жобасын қолға алды. Жобаның мақсаты - ата-бабаларымыздың ұлы мұрасын, халық ауыз әдебиеті үлгілерін насихаттау. Керуен жыл бойы облыстың барлық аудандарын аралап шықты. Сондай-ақ, мектептердің жағдайы мен техникалық жабдықталуын жақсарту мақсатында «Мектебіме тағзым» жобасы іске асты.

Міне, тізбектеп айта берсек, биылғы жылдың алғашқы 11 айының ішінде бағдарлама аясында толағай жұмыстар атқарылды, - дейді Павлодар облысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімінің басшысы.

Ұлт Көшбасшысы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсет-кіштерінің бірі», - деген болатын. Осы ойды жүзеге асыру мақсатында «Қонақжай people» жобасы жүзеге асып, аймағымызға өзге өңірлерден түрлі деңгейдегі қонақтар келуде екен. Мәселен, екінші жыл қатарынан облысқа Ресейдің Новосібір, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан және Якутиядан балалар делегациясы келіп, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, тілі және тарихымен танысып, достық фестиваліне қатысып қайтқан. Сондай-ақ, өткен жазда өңірімізге халықаралық ЮНЕСКО ұйымынан бір топ ғалым келіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысты. Нақтырақ айтсақ, шетелдік сарапшылар «Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті» бағдарламасы аясында Ертіс өңірінің тарихи ескерткіштеріне зерттеу жүргізіп, Марғұлан орталығында болды. Олар кешенді археологиялық қазба жұмыстарын облысымыздың бірнеше ауданында жүргізді. Халықаралық экспедиция «Баянауыл» табиғи паркінің аумағындағы сақ бекінісі мен қасиетті орындарда жалғасын тапты.

Атап өтерлігі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты арнайы жоба табысты жүзеге асуда. Аталмыш жоба шеңберінде павлодарлық өнер ұжымдары өзге өңірлерге концерттік бағдарламамен шығып, облыс мәдениетінің мәртебесін көтеруде. Солардың негізгілеріне тоқталар болсақ, Омбы қаласында «Сибирь зажигает звезд» халықаралық музыка фестивалі, Нұр-Сұлтан қаласында «Тамыры терең туған жер» көрмесі, Ш.Жиенқұлова атындағы V Республикалық қазақ би байқауына «Нұр» би ансамблінің қатысуы, Көкшетау қаласында «Самиян» тобы мен «Ретро» вокалды ансамблінің гастрольдік концерті, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ғасырдың биік тұлғасы» көрмесі, Ресейдің Новосібір облысының Қарасуық қаласында қазақстандық-ресейлік «ZhaStar» жобасын жүзеге асыру шеңберінде екі жақтың жас актерлерінің шығармашылық кездесуі, Қарағанды облысының Бұқар жырау ауылында «Ғасырдың дара шыңы» көрмесі, Алматы қаласында Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының гастрольдік сапары, Өскемен қаласында «Джазфилософиясы» джаз оркестрінің гастрольдік концерті және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылған. Сондай-ақ, мұндай мазмұнды бағдарламалар аймағымызда да қолға алынуда. Атап айтар болсақ, «Жастық шақ» атты I халықаралық дирижерлер шеруі, геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған республикалық мәнерлеп оқу сайысы, облыс орталығындағы «Ertis Promenade» жобасы және тағы басқа шаралар бар. Тек бір ғана «Ertis Promenade» жобасы бойынша үш ай бойы апта сайын қазақстандық және шетелдік эстрада әртістерінің концерті ұйымдастырылып, 70 мыңнан астам көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Орталық жағажайдағы сахнада үш ай бойы өнер көрсеткен жұлдыздардың қатарында Қазақстан Республикасының Халық әртісі Роза Рымбаева, танымал әншілер Қайрат Нұртас, Ринат Малцагов, Меруерт Түсіпбаева, Роза Мұқатаева, Дильназ Ахмадиева, Жанар Доғалова, Луина, Дастан Оразбеков, Ирина Дубцова, Ираклий Перцхалава, Доминик Джокер, Леонид Руденко, Артур мен Райм дуэті және «МузАрт», «В кураже», «Ағайынды Жүгінісовтер», «Alem band», «Action», «ФМ», «Домино», Қайрат Баекенов және «Формат», DJ PUZA, FARA, DJ Baur, Nejtrino, «Burito», «Quest Pistols», «The Jigits», «Пицца» топтары бар екенін атап өткен жөн.

Мұндай белгілі адамдардың өңірімізге келіп өнер көрсетуі павлодарлықтар үшін үлкен мәртебе екені сөзсіз.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі жаңа жобалар, байқаулар көптеп қолға алынуда. Оған жерлестеріміз де белсенділік танытып жатқанын атап өткен жөн. Халық арасында үлкен қолдауға ие болған сондай игі шаралардың бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы. Қазіргі таңда аталмыш бағдарламаның үшінші маусымы басталып кетті. Дайындық жұмыстары қызу жалғасуда.

- Бұл жобаға 18-39 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Олар алты бағыт бойынша өтінім береді. Яғни, ғылым, қоғам, медицина, бизнес, мәдениет және спорт. Қазылар алқасының құрамына Серік Сәпиев, Александр Винокуров, белгілі қоғам қайраткерлері Асылбек Қожахметов, Қуаныш Шонбай, Саясат Нұрбек, Мұрат Әбенов, Рахым Ошақбаев, Халық әртісі Роза Рымбаева кірді. Биыл іріктеу екі кезең бойынша өтеді. Бірінші кезең - дәстүрлі, ауқымды халықтық дауыс беру. Екінші кезең құзыретті қазылар алқасы қосымша жеңімпаздарға іріктеу жасайды. Қазылар алқасының шешімімен іріктелген және ресми сайтта ең көп дауыс жинаған қатысушылар жобаның жеңімпаздары болып табылады. Ал қорытындысы осы жылдың желтоқсан айында Елбасының қатысуымен таныстырылады. Бүгінгі таңда біздің өңірден 63 адам өз кандидатурасын беріп, сайтта 44 адам тіркелді. Ең көп кандидат саны спорт саласынан. Осындай шаралар арқылы өз ісіне жауапты, талантты да белсенді жастарға қолдау көрсетіп, өзгелерге үлгі етіп көрсетеміз. Сонысымен де, бұл жобаның маңызы зор, - дейді Нүрия Көбенова.

Аталмыш бағдарлама бойынша аймағымызда ауқымды жұмыстар жасалып, көп жобалар жүзеге асуда. Солардың ішінде бірнеше жобаның үздік атанып, көптің көңілінен шыққанын атап өткен жөн.

- Үздіктердің ішінде «Қазқонақ», «Күн сәулесі», «Ертіс өңірінің киелі орындары балалар көзімен», «Көрші», «Асық ойнайық», «Шаңырақ», «Алмалы бақ – берекенің қайнары» жобалары бар екенін атап өтуге болады. Мәселен, облыстық білім беру басқармасы ұйытқы болған «Ертіс өңірінің киелі орындары балалар көзімен» атты жобасы арқылы Павлодар облысының аса маңызды киелі объектілері мен атақты тұлғаларының танымалдылығын арттыруға мүмкіндік туды. Ал «Көрші» жобасы көршілер арасындағы қарым-қатынас дәстүрлерін нығайтуға және жандандыруға, аула тұрғындарының қызықты демалысын ұйымдастыру да үлкен маңызға ие. «Асық ойнайық» жобасы аясында облыстың барлық қалалары мен аудандарында ұлттық спорт түрлерін қайта жандандырудың жарқын мысалдарының бірі ретінде «Асық ату» спорттық ойынын дамыту жұмысы жеделдетілді. Осылайша, бұл жобалардың әрқайсысы мазмұндылығымен ерекшеленіп, өз мақсатына жетті,- дейді Нүрия Көбенова.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz