- Жасқайрат Иманбекұлы, қазір таңның кеш атып, кештің ерте батқанына байланысты көлік жүргізушілердің көру қабілеті төмендей түсетінін білеміз. Бұл жағдай жол апатының орын алуына себеп бола ма?

- Күндізгі уақытта жүргізуші 1 километр қашықтықтағы жолдағы адамдарды, малды анық көре алады. Ал қараңғы түскенде көру қабілеті 20 метрге дейін азаяды. Салдарынан көлік жүргізушілерінің жылдам тоқтауға мүмкіндігі болмай жатады. Сондықтан жол апатына жол бермес үшін, барынша жылдам-дықты азайтып, жауапкершілікті арттырған абзал. Жалпы, қыс мезгіліндегі ауа райы құбылып тұр. Бірде жылы, екінші күні салқын. Осыдан көктайғақ орын алды. Өткен аптаның сенбі-жексенбісі қардың көп түсуіне байланысты Шідерті – Нұр-Сұлтан және Шідерті-Қарағанды бағытындағы жолдар жабылды. Жауапты мамандар қар құрсауында қалған жолдарды жедел түрде тазалағанның өзінде бір күн аталмыш бағыттар бойынша қатынауға тыйым салынды. Жұмыстардың барлығы жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жасалғандықтан, тұрғындар ескертпелерге құлақ асып, мамандардың әрекетіне түсіністік танытуы керек.

- Жалпы, жол-көлік оқиға-сының орын алуына көп жағ- дайда кім кінәлі? Жүргізуші ме әлде жаяу жүргінші ме?

- Жыл басынан бері Павлодар облысында 694 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 997 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алып, 61 адам бақиға аттанды. Оның ішінде балалардың қатысуымен 116 жол апаты тіркелді. Өкінішке қарай, 3 бала мерт болды. Ал жаяу жүргіншілер 257 жол оқиғасының орын алуына себеп болды. Салдарынан 15 адам қайтыс болып, 255-сі жарақат алды. Ауыр деңгейдегі жол апаттары республикалық маңыздағы жолдарда орын алады. Аймағымызда соңғы жол апаты Ақтоғай ауданында орын алған еді. Екі адам оқиға орнында көз жұмса, бала ауруханада жан тапсырған еді.

Жалпы, қала ішінде жаяу жүргіншілер жолағында орын алатын апаттар саны көп. Жаяу жүргіншілер аталмыш жолақ арқылы өткенде барынша абай болғаны дұрыс. Жолаққа жақындағанда жан-жаққа қарауға тиіс. Өйткені көктайғақтың салдарынан сағатына 40 шақырым жылдамдықпен келе жатқан көліктің өзі тез тоқтай алмауы мүмкін. Бұдан бөлек, құлаққап тағып алатындар көбейді. Сонымен қатар, жол үстінде ұялы телефонмен сөйлесетіндер де жиі кездеседі. Жаяу жүргіншілер жолағы орнатылмаса да, жолдың арғы бетіне жүгіре жөнелетіндер де бар. Мұндай жауапсыздық қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін.

Республика деңгейінде және облыс көлемінде жолға шыққан малдың салдарынан орын алған апаттар көп. Бұл жағдайға төрт түлік иесінің қараусыз жіберуі себеп. Әсіресе, түнгі уақытта жолда келе жатқан жүргізуші малды көрмей қалады. Осы орайда, малдың мойнына жарық шағылыстырғыш құрылғы ілу керектігін ескертеміз. Болмаса, ірі қараны жолдың бойына жібермеген жөн. Сондықтан жаяау жүргінші де, жүргізуші де, мал иесі де жауапкершіліктерін арттыруы керек.

- Облыстық полиция депар-таменті жол апатын азайтуда тың бастаманы қолға алып жатқанын естідік. Жаңашылдық оқыс оқиға санын қаншалықты азайтады деп ойлайсыз?

- Жол-көлік оқиғасының санын азайту мақсатында лазерлі жаяу жүргіншілер жолағын орнату жөнінде ұсыныс жасадық. Бұл ретте шет елдің тәжірибесіне сүйенетін боламыз. Мәселен, қызыл түс жанған кезде лазерлі сәулелер жолақты қызыл түспен қоршайтын болады. Мұндай жарықты алыста келе жатқан жүргізуші бірден көреді. Облыс әкімдігі қысқы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде зор қолдау білдіріп отыр. Аймағымызда қар тазалау техникалары жедел жұмыс істеп жатқанын атап өткім келеді. Сонымен қатар, балалардың қатысуымен болатын оқыс жағдайлардың алдын алуда облыс орталығында 40 билборд, жол ережесін түсіндіретін LED экрандар орнатылып, дыбыстық хабарламалар беріледі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

- Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz