Республикадан - 80 млрд!

Облыс әкімі Болат Бақауов қатысқан сессияда қазына қаржысы қандай бағыттарға жұмсалатыны егжей-тегжейлі айтылды. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев жобаның әр тармағына тоқталды.

- Бюджет жобасын әзірлеуде Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері басты назарға алынды. Сонымен қатар, әлеуметтік міндеттемелерді орындау, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы тұрақты экономикалық дамуға жайлы жағдай жасау жағы ескерілді. Қаражат ауылдарды көркейту, көлік және инженерлік инфрақұрылымдарды жақсарту, аграрлық секторды алға бастыру сынды маңызды істерге бағытталып отыр, - деді М.Тұрлыбаев.

Қуантарлығы, 2020 жылы облысымызға республикалық бюджеттен 79,3 млрд. теңге көлемінде мақсатты трансферттер мен кредиттер беріліп отыр. Бұл қаражатқа бірқатар мәселелер шешімін таппақ. Атап өтер болсақ, 16,1 млрд. теңге білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, архивтер және спорт салалары қызметкерлерінің айлығын арттыруға бағытталады. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 2,3 млрд. теңге колледждерге жабдықтар сатып алуға, орта білім ұйымдарын жан басына қарай қаржыландыру жұмысына, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларының жоғары білім алуына бөлініп отыр.

Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмайды. Бұл салаға 1,3 млрд. теңге қарастырылуда. 3,7 млрд. теңге әлеуметтік қорғау шараларын іске асыруға жұмсалмақ. Нақтысы, еңбек нарығын дамытуға, атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға жаратылады.

Республикалық қазынадан бөлінетін 7,8 млрд. теңге ауыл шаруашылығына айтар- лықтай қолдау болмақ. Басым бөлігі шаруалардың шығындарын субсидиялауға бағытталады.

«Nurly Ertis» бағдарламасы алдағы жылы да жалғасын таппақ. Еңбек қолы көп өңір-лерден тұрғындарды көшіру үшін баспаналар сатып алынады. Бұл мақсатқа республикадан 3,7 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Қаржы «Еңбек» бағдарламасы аясында аймағымызға тиесілі болады.

Бұған дейін айтқанымыздай, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өңірімізде 34 жоба іске асады. Міне, осы жобаларды республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыруға 1,2 млрд. теңге қарастырылуда. Оған Ақтоғай, Аққулы, Шарбақты, Май, Успен аудандарында жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар жаңа кейіпке енеді. Мәселен, Аққулы, Ақтоғай, Успен аудандарында үш мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жобаларды қосымша қаржыландыруға облыстан 145 млн. теңге қарастырылған.

Тағы бір айта кетерлігі, республикадан келетін 34,2 млрд. теңгеге өңірімізде 99 жоба жүзеге асады. Солардың ең маңыздысы 49 ауылдық елді мекенге таза ауызсу құбыры тартылады.

Облыс әкімі Б.Бақауов республикадан көптеп қаржы бөлінуіне атқарушы орган мамандары құзырлы министрліктермен тығыз жұмыс жүргізіп, өңірімізден сайланған ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының белсенділік танытуы айтарлықтай ықпал еткенін атап өтті.

Әлеуметтік блокқа - басымдық

Ал облыстық бюджетке келетін болсақ, қазынаның әлеуметтік бағыттылығы сақталады. Яғни, 76 млрд. теңге әлеуметтік блок қажеттіліктерін өтеуге жұмсалады. Бұл дегеніңіз былтыр осы салаға жұмсалған қаржыдан айтарлықтай артық.

Облыс қазынасынан 20 млрд. теңге білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталады. Бастауыш сыныптардың 51 мың оқушысы тегін тамақтанып, облыстың 111 толық комплектілі мектебі Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарты бойынша жиһазбен жабдықталады. 800 компьютерлік техника сатып алынып, бір компьютерге келетін бала санын азайту мүмкін болмақ. Шағын мектептердің жабылуына байланысты оқушыларды көрші елді мекендерге тасу үшін 30 мектеп автобусы сатып алынады.

Денсаулық сақтау жүйесіне алдағы жылы қазынадан 2,7 млрд. теңге бөлінеді. Қаржы медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталады. 50 науқасты тегін медициналық тізілімге кірмейтін дәрі-дәрмектермен қамту көзделіп отыр. Бұл мақсатқа 392,7 млн. теңге бөлінбек. Ақ желеңділер тапшылығын азайту үшін 103 студенттің медициналық ЖОО-да оқуларын жалғастыруға да қаржы қарастырылған. Қалалық және ауылдық ауруханаларға маммографиялық, ультрадыбыстық, флюоро-графиялық аппараттар сатып алынады. Үш медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізіледі.

- Әлеуметтік қолдауға бюджеттен 4 млрд. теңге бөлінеді. Өткен жылғымен салыстырғанда қарастырылатын қаржы 11 пайызға өсті. Одан кейінгі екі жылға да қаражат жоспарланған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын сақтау және әлеуметтік қорғау ел саясатының маңызды бағыт-тарының бірі екенін білесіздер. Жалпы, алдағы жылы жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес 2000-нан астам мүмкіндігі шектеулі тұрғын әлеуметтік көмек алады, - деді Мақсат Қайратұлы.

Әр ауылға – ауызсу

Бюджет қаржысы жолдарды жөндеуге, ауылдарды ауызсумен қамтуға да көптеп жұмсалмақ. Мәселен, 2020 жылы 6,2 млрд. теңгеге көлік инфрақұрылымы дамытылады. Былтырғыдан 2,4 есеге артық. Жолдарға орташа жөндеу жүргізу бойынша 32 жоба іске асады. Оған облыс қазынасынан 5,2 млрд. теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде аймағымыздағы «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайдағы жолдар үлесі қазіргі 82,6 пайыздан 85 пайызға көтеріледі, деді М.Тұрлыбаев.

Бюджет жобасын талқылау барысында облыстық мәслихат депутаттары толғандырған сұрақтарын қойды. Мәселен, депутат Қарлығаш Түсіпбекова ауылдарды таза ауызсумен қамту қашан республикалық орташа көрсеткішке жететінін сұрады. Нақтылай кетсек, еліміз бойынша ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған су жүйесімен қамтылу көрсеткіші 59,9 пайызды құрайды. Біздің өңірде ол биыл 40,8 пайызға жетті.

- Соңғы жылдары осы мақсатта айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Келесі жылы 13,6 млрд. теңге республикалық бюджеттен бөлінеді. Яғни, 49 жобаны қаржыландыру көзделіп отыр. Олардың 30-ы келесі жылы іске қосылады деп межеленген. Нәтижесінде көрсеткіш 49 пайызға жетеді. Қалған 19 жобаны аяқтау үшін тағы 8,5 млрд. теңге қажет. Бұл қаржыға республикалық бюджетті нақтылау кезінде өтінім бермек ниеттеміз. Егер олар да алдағы жылы аяқталса, онда аймағымызда ауылдардың таза ауызсумен қамтылуы 54 пайыздан асады. Сонымен бірге, басталған жобалық-сметалық құжат-тарды аяқтауға қаржы қарастырдық. Егер сол 36 ауылдық елді мекенде су тартудың жобалық-сметалық құжатын аяқтап, 2021 жылдың республикалық бюджетіне енгізе алсақ, көрсеткішіміз тіпті 64,6 пайызға жетеді. Қосымша 10 ауылға су тарту үшін құжаттарын әзірлеуге келесі жылға қаржы бөлдік. Егер оларды да іске асырсақ, 67,4 пайызға қол жеткіземіз. Ал халқының саны 200 адамнан аспайтын 115 елді мекенге КБМ орнатылады. 19-ында бүгінде КБМ бар. 2020 жылы 32 КБМ орнату үшін қаржы бөлінді. Жалпы, Президенттің, облыс әкімінің осы бағытта нақты тапсырмалары бар. Сондықтан, қазіргі қарқынмен 2023 жылға дейін ауылдарды толық таза ауызсумен қамитын боламыз, - деді М.Тұрлыбаев.

Ауылдарды таза ауызсумен қамтуға қыруар қаржы бөлініп жатқанын ескерген сессия төрағасы, мәслихат депутаты Александр Касицын алдағы уақытта бұл жобалардың нәтижелі іске асуын бақылауға алуымыз керек, деді.

Осылайша, сессияға дейін мәслихаттың тұрақты комиссиясында жан-жақты талқыланған үш жылдық бюджет жобасы қабылданды. Экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Анатолий Бойчин бюджет жобасында барлық ұсыныс-тілектер мүмкіндікке қарай ескерілгенін атап өтті. Айтуынша, депутаттардың ұсынған 59 жобасының 27-сі облыстық бюджеттік комиссия тарапынан қолдау тапқан.

Халықтың қамы

Облыс әкімі Болат Бақауов үш жылдық бюджет өңір дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

- Үш жыл бұрын қабылданған бюджет бойынша біраз жұмыс атқарылды. Енді міне, биылғы жылдың соңғы сессиясында маңызды қаржылық құжатымыз қабылданды. Келесі жылы облыс бюджеті 8,5 млрд. теңгеге өседі. Сөйтіп, 223,6 млрд. теңгені құрайды. Бұған дейінгі жылдардағыдай әлеуметтік бағыттағы басымдылығын сақтайды. Алдағы жылы қазына қаржысының 53 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Өткен жылы 47 пайыз болды, - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, шағын мектептердің жабылуына байланысты оқушыларды тасуға автобустар сатып алынатынын атады. Бұл оңтайландыру ең алдымен білім сапасын арттыруға бағытталғанын ескертті. Ауылдарда әлеуметтік нысандарды жөндеу назардан тыс қалмайды. Дегенмен, аудан-қала әкімдері де салық базасымен жұмысты ширатып, өздері де ғимараттарды жөндеуге қаржы қарастыруы қажет, деді облыс әкімі. Айта кету керек, алдағы жылы шағын кәсіпкерліктерден түсетін корпоративтік кіріс салығы аудан-қалаларға берілмек.

- Әлеуметтік нысандар жағдайын жақсартуға баса көңіл бөлінеді. 16 әлеуметтік нысан құрылысы басталады. Павлодар қаласында екі мектеп, Абай атындағы №10 лицей-мектепке қосалқы ғимарат салынады. Үштерек ауылындағы балабақша ғимараты жөнделеді, Кемеңгер ауылында ғимарат бастауыш мектепке лайықталады. Екі мәдениет үйі Есілбай мен Ямышево ауылдарында бой көтереді. Мойылды, Жетекші ауылдары мен Ақсу кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Тереңкөлде хоккей корты, Шарбақты мен Майқайыңда стадион салынады. Жалпы, халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында аймағымызда сумен қамту, жол, тұрғын үй мәселелерін шешуге 14 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалады. Нәтижесінде, бюджеттің жартысын өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттау жөніндегі Президенттің тапсырмасын орындайтын боламыз, - деді Б.Бақауов.

Аймақ басшысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында құрылатын екі шұғыл қызметті айрықша атады. Яғни, 109 және 112 қызметі пайда болады. Алғашқысы коммуналдық қызмет, қоғамдық көлік жұмыс-тарын біріктірсе, екіншісі арқылы төтенше жағдайлар кезінде шұғыл көмек көрсету көзделген. Облыс әкімі осы жобалардың бәрін жүзеге асыруда, құжатты қабылдауда белсенділік танытқан депутаттар корпусына алғысын білдірді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz