Шараға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының медициналық қызметтердің сапасын мониторингілеу бөлімінің басшысы Ахметжанова Алмагүл Мұқатайқызы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы стратегиялық даму және инновациялық технология бөлімінің басшысы Смоғұлов Қанат Қайыргелдіұлы, Ақтоғай аудандық ауруханасының бас дәрігері Құрманғалиева Гүлбақыт Ғалымқызы қатысып, өңір тұрғындарын толғандырып жүрген сауалдарына толымды жауап берді.

Тілші сауалы:

- 1 қаңтарда енгізілетін міндетті әлеу-меттік медициналық сақтандырудың маңыздылығы қандай? Жаңашылдықтың мәнісі неде?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуіне аз уақыт қалды. Жаңашылдыққа 2017 жылдан бастап дайындалып келеміз. Сақтандыру жүйесі азаматтардың табыс мөлшеріне қарамастан, медициналық көмектің толық көлемін алуға мүмкіндік береді. Оған жоспарлы стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және жоғары мамандандырылған медициналық қызмет жатады. Жалпы, тұрғындар қымбат емшараларды алу үшін қалтасынан қомақты қаржы жұмсайтынын білеміз. Бұдан былай тұрақты жұмыспен қамтылған, сақтандырылған адамдар мұндай қызмет түрін тегін алатын болады. Бұл жаңашылдық бағасы тым қымбат тексеру шараларын алуға мүмкіндігі жоқ адамдарға да тиімді.

Тілші сауалы:

- МӘМС екі пакет бойынша қызмет көрсетеді екен. Екі пакетті кімдер тегін алады? Соларға толық тоқталып өтсеңіз...

Гүлбақыт ҒАЛЫМҚЫЗЫ:

- Иә, жұртшылық екі түрлі пакет бойынша медициналық көмек алатын болады. Біріншісі - кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Бұған ауыр әрі шұғыл жағдайда көмек көрсету, санитарлық авиация, созылмалы ауруларды бақылау, ауыр жағдайдағыларды стационарда емдеу шаралары енгізіледі. Демек, адамдардың сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан, барлығы емхана дәрігерлеріне қаралып, стационарларда ем қабылдай алады. Медициналық оңалту қызметін туберкулезге шалдыққандар ғана пайдалана алады. Жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да емделеді. Тұрғындар алғашқы медициналық-санитарлық көмекті тіркеуде тұрған емханаларынан алады. Яғни, адамдар екпе, скринингтен өту, жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларды дәрігерлік бақылау, созылмалы аурулар мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды динамикалық бақылау сияқты медициналық қызмет түрлерін пайдалана алады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру екінші пакетке жатады. Яғни, табысы аз, қалтасы қымбат шараларды көтермейтін МРТ, компьютерлік томография, қанмен және қан компоненттерімен қамтамасыз ету, медициналық оңалту және қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шаралары, емдік тамақтану сынды шаралар жатады. Яғни, алғашқы пакет барлық тұрғындарға мәртебесіне қарамастан, тегін көрсетіледі. Ал екінші пакетті тек сақтандырылған адамдар ғана тегін алады.

Құрметбек, Кенжекөл ауылы:

- Облыстық психо-неврологиялық диспансерде есепте тұрмын. 2-топтағы мүгедекпін. Сақтандыру жүйесі енгізіл-геннен кейін басқа диспансерге ауыса аламын ба? Қазіргі диспансерден шығып қалмаймын ба?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Облыстық психо-неврологиялық дис- пансер - аймағымыздағы жалғыз емдеу мекемесі. Ал тіркелу мәселесі тек емха-наларға ғана байланысты. Қазіргі диспансерде есепке алынғандықтан, одан шыға-рылмайсыз. Сақтандыру жүйесінде сізге жеңілдік қарастырылған. Медициналық көмек тегін беріледі. Ал емхананы таңдау өз еркіңізде.

Тілші сауалы:

- Аймағымызда МӘМС жүйесін енгізуде қандай жұмыстар жүргізілуде? Емхана тіркеуіне алынбағандардың саны қанша?

Қанат ҚАЙЫРГЕЛДІҰЛЫ:

- Ағымдағы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша аймағымызда 49 043 адам тіркеуге алынбаған болатын. Жедел жұмыстардың нәтижесінде 40 мыңнан астам адамды анықтадық. Оның ішінде 37867-сі өзге өңірге қоныс аударса, 1847-сі қайтыс болған. 20 адам із-түссіз жоғалып кеткен. Өткен аптада тіркеуге алынбағандардың саны 10733 адамды құраса, қазір бұл көлем 8120-ға тең. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстарды аяқтаймыз деген ойдамын. МӘМС-ті енгізуде өңірдегі медициналық ұйымдардың техникалық базасының дайындығы пысықталды. Қызметкерлер жаңа жүйемен жұмыс істеуге әзір.

 Тілші сауалы:

- Жеңілдік кімдерге қарастырылған?

Гүлбақыт ҒАЛЫМҚЫЗЫ:

- Жаңа жүйе адамдардың 15 санаты үшін тегін болады:

* балалар;

* жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар;

* жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;

* 3 жасқа дейінгі бала тәрбиесімен үйде отырған адам;

* бала тууына, бала асырап алуына, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста отырған тұлғалар;

*18 жасқа дейінгі мүгедек баласын күтіп отырған жұмыс істемейтін адамдар;

*зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде мүгедектер және Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

* сот үкімімен жазасын өтеп жатқандар;

* тергеу изоляторында отырғандар;

* жұмыс істемейтін қандастар;

* «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілері- мен марапатталған көпбалалы аналар және «Батыр ана» атағына ие болғандар, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегерлері;

* мүгедектер;

* күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер.

* бала күнінен бірінші топ мүгедектігін күтіп отырған жұмыс істемейтіндер;

* жұмыс істемейтін атаулы әлеуметтік көмек алушылар.

Тілші сауалы:

- Сақтандыру жүйесіне қосылған адамдарға қымбат шаралар тегін болады дедіңіз. Жыл басынан тұрғындардың көпшілігі МРТ, КТ сынды тексерулерге жазылатын болса, дәрігерлерге салмақ түспей ме? Мұндай қымбат шараларды жүргізетін құрылғылар барлық ауруханада жоқ екенін білеміз.

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Дұрыс айтасыз. Бұл жағдай - облыс көлемінде өзекті мәселе қатарында. Қымбат емшараларды жүргізетін магнитті-резонансты томография, компьютерлік томография облыс орталығындағы 5 медициналық мекемеде ғана бар. Құрылғылар Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана, облыстық балалар ауруханасы, кардиологиялық орталық, онкологиялық орталық пен №3 қалалық ауруханада орнатылған. Мұндай тексерулер дәрігерлердің берген жолдамасына сай жүргізіледі. Қиындық туындамайды деген үміттеміз.

Тілші сауалы:

- Мұндай құрылғылар облыс орта-лығында ғана болса, ауыл халқының жағдайы қалай ескеріледі?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Ауыл тұрғындары жергілікті амбулаторлық бөлімше мамандарының жолдамасын алуы керек. Сақтандырылған болса, облыс орталығында тегін тексеруден өтеді. Сақтандырылмаса, ақша төлеуі тиіс.

Марал, Павлодар қаласы:

- Жақында Усолка шағын ауданына көшкен болатынмын. Бұған дейін Толстой көшесінде тұрғандықтан, №1 қалалық емханада тіркеуде тұрмын. Тұрақты жұмысым бар. Тұрғылықты мекенжай бойынша басқа емханаға тіркеуге тұрмасам, сақтандыру жүйесі бойынша көмек ала аламын ба?

Қанат ҚАЙЫРГЕЛДІҰЛЫ:

- Жыл сайын 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жергілікті тұрғындар қажетті емхананы таңдап, тіркеуге тұрады. Тұрғындардың таңдауына шектеу қоя алмаймыз. Дегенмен әр адам тұрғылықты мекенжайына жақын орналасқан емханаға тіркелгені дұрыс. Өйткені сырқаттанып қалса, баласы ауырып қалса, учаскелік дәрігерлерді үйге шақыра алмайды. Мысалы, №1 емхананың дәрігері Усолка шағын ауданына барып, қызмет көрсете алмайды. Осы жағдайды ескеру керек. Егер шешіміңізді өзгертпей, сол емханада қала беретін болсаңыз, үйіңізге дәрігер шақырта алмайтыныңызды білгеніңіз жөн.

Тілші сауалы:

- Жоғарыда айтылған мерзімде емхана тіркеуіне тұрып үлгермегендердің жағдайы қалай болмақ?

Қанат ҚАЙЫРГЕЛДІҰЛЫ:

- Олар жыл соңына дейін тіркеуге алынған емханаға қаралатын болады. Тек келер жылдың басынан бастап қалаған емхананы таңдай алады.

Нұрлан, Павлодар қаласы:

- Менің тұрақты жұмысым жоқ. Екінші пакетке жататын қызметті қалай алсам болады?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Жыл басында жаңа жүйе тұрғындар үшін жеңілдік қарастырады. Яғни, 1 қаң- тардан бастап, сәуір айына дейін меди-циналық көмек барлық тұрғындарға бірдей көрсетіледі. Ал 1 сәуірден бастап сақтандыру жүйесіне тіркелмегендер екінші пакет ұсынатын көмектен қағылады. Сақтандыру жүйесіне тіркелмегендер бұл қызметтерді ақылы түрде қолданатын болады. Егер мүлдем жұмыс істемесеңіз, жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелуіңіз керек. Сол кезде сіз жеңілдік қарастырылатын санатқа жатқызылатын боласыз.

Марат, Ақсу қаласы:

- Ағам Ақсу қаласына қарасты ауылдардың бірінде бақташы болып жұмыс істейді. Жалдамалы жұмыс-керлер сақтандыру жүйесіне қалай қосыла алады? Қаржыны қалай аудару қажет?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Жалпы, бақташылар мал иесімен келісімшартқа отыруы керек. Сол арқылы жұмыс беруші ағаңызға сақтандыру жүйесіне қаржы аударатын болады. Егер бұл жағдай мүмкін болмаса, ағаңыз өздігінен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына бірыңғай жиынтық төлем аударуы керек. Оның ай сайынғы көлемі қалалықтар үшін 1 айлық есептік көрсеткіш 2525 теңгені құраса, ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК 1263 теңгеге тең. Осы соманы ай сайын төлейтін адам сақтандырылғандардың қатарына енеді.

Тілші сауалы:

- Тұрғындар сақтандыру қорына түсіп жатқан қаражат көлемін қалай бақылай алады?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Тұрғындар мәртебесін анықтау үшін www.fms.kz сайтына еніп, оң жақтағы төменгі бұрышта орналасқан «Статусты анықтау» пәрменін басу арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін енгізуі қажет. Бұл арқылы сақтандырылған немесе сақтан-дырылмағанын анықтай алады. Ал қанша көлемде қаржы аударылғанын тексере алмайды. Оны әр адам айлық алған кезде берілетін түбіртектен көре алады.

Анар, Екібастұз қаласы:

- Тұрақты жұмыспен қамтылған адам МРТ, КТ сынды тексеруден тегін өтуі үшін қалай әрекет етуі тиіс?

Гүлбақыт ҒАЛЫМҚЫЗЫ:

- Екінші пакетке жататын бағалы қызмет түрлері дәрігердің жолдамасы аясында жүзеге асырылады. Яғни, сіз магнитті резонансты томографиядан өтуге өздігінен шешім қабылдай алмайсыз. Алдымен тіркеуге алынған емханаңызға барып, дәрігердің қабылдауына жазыласыз. Дәрігер сізді аталған тексеруден өткізуді қажет деп тапса, жолдама жазып береді. Аталмыш қағаз арқылы қажетті тексерістен өте аласыз.

Сәния, Май ауданы:

- Мен - 4 баланың анасымын. Маған көпбалалы ана ретінде жеңілдік қарастырыла ма?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Жоғарыда жеңілдік қарастыралатын 15 санатты атап өттік. Оған сәйкес, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналар және «Батыр ана» атағына ие болғандар, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегерлері екі пакетті тегін алады. Басқа көпбалалы аналарға жеңілдік қарастырылмаған. Бәлкім, болашақта өзгерістер енгізіліп, санатқа енулеріңіз мүмкін. Олай болмаса, жұмысқа тұру немесе бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы сақтандырыласыз.

Тілші сауалы:

- Қызмет бабымен жиі іссапарға шығатын қызметкерлер медициналық қызметті басқа өңірден ала ала ма? Әлде тек тұрғылықты мекенжайы бойынша емделуі керек пе?

Гүлбақыт ҒАЛЫМҚЫЗЫ:

- Қызмет бабымен жиі жолға шығатындар өзге өңірдегі медициналық мекемелердің көмегіне жүгіне алады. Сақтандырылған болса, екінші пакетті де тегін алады. Бірінші пакетке жататын шұғыл көмек сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан тегін беріледі.

Жазира, Успен ауданы:

- Шалғайда, шағын ауылдарда тұратын үй шаруасындағы әйелдер сақтандыру жүйесі арқылы көмек ала ала ма?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Бала күтіміне байланысты үйде отырған әйелдерге жеңілдік беріледі. Ал үй шаруасында отырғандар жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Болмаса, ай сайын бірыңғай жиынтық төлем төлеуі тиіс.

Бақыт, Железин ауданы:

- Менің жолдасымның тұрақты жұмысы жоқ. Отбасылық жағдайға байланысты қызметінен кетіп, ауылға көшуге тура келді. Енді ай сайын төлем төлеуі тиіс. Аталмыш қаражатты бір жылға алдын ала төлеп тастаса бола ма?

Қанат ҚАЙЫРГЕЛДІҰЛЫ:

- Әрине. Бірыңғай жиынтық төлем төлейтіндер жарты жылға, 12 айға алдын ала төлем жасай алады. Егер қалада тіркеуде тұрса, ай сайын 2525 теңге, ауылда тіркелсе, 1263 теңге төлеуі керек. Осы соманы 6 немесе 12 айға көбейтіп, алдын ала төлем жасай аласыз. Бірақ зейнетақы жарнасы ай сайын аударылатындықтан, әрбір 30 күн сайын төлеген тиімді.

Мұқатай, Тереңкөл ауданы:

- Шеттен көшіп келген қандас-тарымыз ҚР Азаматтығы статусын бірдей алмайды. Олар ауру-сырқауға шалдықса, медициналық көмекті қалай алады?

Гүлбақыт ҒАЛЫМҚЫЗЫ:

- Шеттен келген қандастарымызға ҚР Азаматтығын алмас бұрын уақытша ықтияр хат беріледі. Сол арқылы олар медициналық көмекті алатын болады. Шұғыл көмек кез келген адамға тегін көрсетіледі.

Данияр, Аққулы ауданы:

- Студенттерге жеңілдік қарас-тырылғанын білеміз. Менің бауырым - Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық академияның 4-курс студенті. Әлі 3 жыл білім алуы тиіс. Бұл ретте студенттердің жас ерекшелігіне шектеу қойыла ма?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Иә, студенттер жеңілдік санатына енгізіледі. Медициналық академияның студенттері 7, 9 жыл білім алатынын білеміз. Студенттердің жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмайды. Бастысы, жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқыса, болғаны. Уайымдауға негіз жоқ.

Нұргүл, Шарбақты ауданы:

- Сақтандыру жүйесі арқылы тісті тегін емдеуге бола ма?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Стоматологиялық қызмет сақтандыру жүйесінде қарастырылған. Оның бірі шұғыл жағдайда, екіншісі жоспарлы негізде көрсетіледі. Бірінші жағдайда адамның тісі жұлуды қажет етсе, сақтандырылған адам ғана бұл қызметті тегін алады. Ал екіншісі балаларға, жүкті әйелдерге, мүгедектерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға ғана көрсетіледі. Бұл ретте қазір медициналық ұйымдар арасында байқау жариялануда. Мекемелер өтініштерін ұсынады. Біз олардың құрылғылары мен қызмет сапасына қарай, қаражат төлейтін боламыз. Бұған жекеменшік ұйымдар да қатыса алады. Яғни, ортада бәсеке пайда болады. Қызмет көрсететін медициналық мекемелердің тізімін облыстық денсаулық сақтау басқармасының сайтынан көре аласыз.

Ақбота, Павлодар қаласы:

- Гайморит деген аурумен күресіп келе жатқаныма 2 жылдан асты. Тіркеуде тұрған емханадан ем қабылдасам да, ем шараға көп қаражат жұмсаймын. Сақтандыру жүйесі арқылы рентген, мұрын қуысын тазалау шаралары да тегін бола ма?

Гүлбақыт ҒАЛЫМҚЫЗЫ:

- Жалпы, тегін көмек көрсетілетін 25 созылмалы ауру түрі бектілген. Бұл қатарға артериялық гипертония, қант диабеті, асқазан жарасы, туберкулез сынды ауыр аурулар кіреді. Гайморитті емдеу бойынша емханада жүргізілетін шаралар тегін болады. Ал қажетті дәрі-дәрмекті сатып алуға тура келеді.

Жанболат, Ертіс ауданы:

- Сақтандырылмаған адам өзге өңірде оқыс жағдайға тап болып, ота жасау қажет болды делік. Дәрігерлер бұл жағдайда қалай әрекет етуі керек?

Қанат ҚАЙЫРГЕЛДІҰЛЫ:

- Ота деген - шұғыл жағдайда жасалатын шара. Сондықтан бұл қызмет алғашқы пакетке жатқызылғандықтан, тегін көрсетіледі. Қазақстанның тұрғыны еліміздің кез келген аймағында жүріп, медициналық көмек алатын болады.

Жазира Баянауыл ауданы:

- Менің құрбым - 3 баланың анасы. Ажырасқан. Жолдасы алимент төлемейді. Тұрақты жұмысы жоқ. Ол сақтандыру жүйесіне қалай қатысады?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Бұл санатқа жеңілдік қарастырылмаған. Сондықтан құрбыңыз бірыңғай жиынтық төлемді төлеуі қажет. Бұлай әрекет етпесе, екінші пакетті ақылы негізде алатын болады.

Медет, Павлодар қаласы:

- Санитарлық-курорттық ем алу сақтандыру жүйесіне ене ме?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Санитарлық-курорттық ем алу бұған дейін де тегін берілмейтін. Әркім қалтасынан қаржы шығарып, демалу орнында ем қабылдайды. Сондықтан сақтандыру жүйесі арқылы мұндай мүмкіндікке жеңілдік жоқ. Яғни, тегін жолдама ешкімге берілмейді.

Жамал, Екібастұз қаласы:

- Сақтандыру жүйесіне қосылғаннан кейін жолдамасыз кез келген емхананың көмегіне жүгіне аламыз ба?

Гүлбақыт ҒАЛЫМҚЫЗЫ:

- Ай сайын ақша аударып жатырмыз деп кез келген емхананың қызметіне жүгіне алмайсыз. Тек тіркеуге алынған емхана мамандарына қаранып, қажетті тексеруге жолдама аласыз.

- Серік, Павлодар қаласы:

- Менің анам жыл сайын стационарда ем қабылдайды. Кейде қажетті дәрілер таусылып қалып жатады. Сол кезде оны біз өз қаражатымызға сатып аламыз. Ал сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін ақшамызға алған дәрінің төлемін қалай қайтарып аламыз?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Негізі стационардағы ем тегін жүргізілуі тиіс. Өйткені әрбір мекеме бекітілген жоспарға сәйкес, бөлінген қаржыға қажетті дәрілерді сатып алады. Препараттар жыл соңына дейін жетуі тиіс. Науқастарға дәріні сатып алуды жүктеу заңбұзушылыққа жатады.

Сайлау, Павлодар қаласы:

- Менің бауырым үйленген. Келі- нім - студент. Қазіргі уақытта бауырым бала күтіміне байланысты үйде отыр. Екеуі де жеңілдік санатына жата ма?

Қанат ҚАЙЫРГЕЛДІҰЛЫ:

- Студенттер мен бала күтіміне байланысты үйде отырған ер адамға да жеңілдік қарастырылған. Олар сақтандыру жүйесіне жататын қызметтерді тегін алады.

Тілші сауалы:

- Қазіргі уақытта қанша медицина- лық ұйыммен келісімшарт жасалды. Олардың қызмет сапасы қалай бақы-ланады?

Алмагүл МҰҚАТАЙҚЫЗЫ:

- Бүгінде 65 медициналық ұйыммен келісім жасадық. Олардың жартысынан астамы – жекеменшік. Қызмет сапасы міндетті түрде бақыланады. Адамдарға жүргізген ем шаралары дұрыс болса, қаржы аударылады. Егер шағым түссе, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 138-бұйрығына сәйкес, жазаланады. Сондықтан жауапсыздыққа жол берілмейді деген ойдамыз. Қызмет сапасына қанағаттанбаған тұрғындар 8 (718) 2 37-19-04 телефон нөміріне және 1406 медициналық сақтандыру қорының орталық нөміріне қоңырау шала алады.

Тілші сауалы:

- Медициналық сақтандыру қорына қанша қаражат аударылды?

Қанат ҚАЙЫРГЕЛДІҰЛЫ:

- Еліміз бойынша 200 млрд. теңгеден астам қаражат түсті. Оның ішінде Павлодар облысында жұмыс берушілерден түскен қаражат көлемі 10 млрд. теңгеден асты.

Сәуле, Павлодар қаласы:

- Тұрақты жұмысым бар. Сақтандыру қорына ай сайын жарна төленеді. Егер мен 1 немесе 2 жылдың көлемінде екінші пакетке жататын қызметті мүлдем алмасам, жиналған қаражат қайда кетеді? Оны қайтаруға болмай ма?

Гүлбақыт ҒАЛЫМҚЫЗЫ:

- Қорға түскен ақша ешкімге қайтарыл-майды. Сіз 2 жыл бағасы қымбат емшара алмасаңыз, 3 немесе 4 жылдан кейін алатын боласыз. Есесіне бағасы қымбат шараларды қалтасы көтермейтіндерге көмек көрсетесіз.


ТҮЙІН: «Тікелей желі» шарасы кезінде оқырмандардан 80-нен астам сауал түсті. Кейбір сұрақтардың мазмұны ұқсас және тақырыпқа сай келмегендіктен жарияланбады. Сауалдарға жауапты басқарма өкілдерінен естіген оқырман өздеріне қажетті толық мағлұмат алады деген ойдамыз.

 

«Тікелей желіні» жүргізген - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген - Серік ҚАПАРОВ.

saryarka-samaly.kz