«Бақсақ, бақа екен»

Драма желісі бойынша айрандай ұйып отырған бір отбасының шаңырағы шайқалып, керегесі сөгіледі. Оған себеп - Асан қарттың (Жұмахан Доспаев пен Бейбіт Шәнім) жалғыз ұлы Баянғали (Бауыржан Манатбек) мен келіні Нұргүлдің (Еркежан Төлеубек пен Аида Садықова) жат ағымның уағызын тыңдап, жетегінде кетуі. Оларды азғырушы Мәлік (Дәурен Әділ мен Нұржан Сарқамбаев). Ол қоғамда орын алып жатқан кейбір уақытша қиындықтарды өз мақсатына жету үшін шебер пайдалана біледі. Аңқау елге «молда» болған Мәліктің сөзіне шынымен иланып, сеніп қалған Баянғали: «Біздің елдің азып-тозғаны соншалық жамандықтың бастауы - арақ қанымызға сіңіп, таңғы оразамызды сонымен ашатын халге жетіппіз. Елімізде қыздарымыз жасанды түсік жасаудан басқа елге қарағанда алдыңғы қатарда. Үйленуден ажырасу басым. Ең сорақысы, шет елге балаларын сатып жатыр», деп насихатшының сөзін қостайды. Осы орайда қажы (Руслан Нұғыманов) оларға қарсы шығып: «Баянғали мырза! Сіздің мынауыңыз - битке өкпелеп, тоныңды отқа жағу. Ертең бәрі де орнына келеді, тек шыдамдылық керек. Сіздер жастарды дін жолына тәрбиелейміз деп, теріс ағымға кетіп бара жатсыздар. Анау көрсетіп жүрген бейнетаспаларыңды отандастарыңды адастыру үшін насихаттауға ақша беріп түсірмегеніне кім кепіл? Бұл - барып тұрған арандатушылық. Мәлік мырза, сіз біздің елге жастарды әлемдегі жоғары оқу орындарына араб тілінде дайындаймыз, мұсылмандықты насихаттаймыз деп келгенсіз... », - деп бұл бассыздыққа жол бермейтінін айтады.

Осылайша, шиеленіскен драмада Асан қарттың «жат жерден жақсы өмір іздеп, жарға жығыласыңдар» деген сөзіне келіні Нұргүл де қарсы шығады. Ол жақта өздерін тамаша өмір күтіп тұрғанына бек сенімді еді. Ақыры қарияға немересі Азатты (Рахат Жұмаханов) тастамай, әкесінің көз жасына қарамай үшеуі Сирияға аттанады. Туған жерінің топырағынан жерініп, өзгенің қаңсығын таңсық көрген қос мұңлық бейнетас-падан көрген ғажайып өмірдің орнына атыс-шабысқа толы, соғыстың ортасына тап болып, лаңкестік топтың мүшесіне айналып шыға келеді.

Байлық пен тыныштықты, аста-төк керемет өмірді аңсап кеткен екеу өздері тәрізді адасып, опық жеген көптің қатарына қосылады. Осы кезде «байтал түгіл бас қайғы» болған Баянғали мен Нұргүл тым құрыса жалғыздары Азатты елге аман қайтарудың жолын іздейді. Мұны сезген содырлардың жетекшісі Дүлей (Медет Садығазин) «адасқан» құлдарын аяусыз қырып, ойына келгенін жасайды. Бұл қойылымның шарықтау шегі еді...

Спектакльді сенімді әрі шынайы етіп жеткізу - актерлердің басты міндеті. Дәл осы тұста да өнер иелерінің өздеріне жүктелген міндеттерін абыроймен алып шыққанын атап өткен жөн. Олар көрерменнің жүрек түкпірінде көпке дейін сақталып қалатын түрлі оқиғаларды көрсету арқылы «өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болудың» бақыт екенін түсіндірді.

«Ұзақ зерттедім...»

Қойылым авторы - Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық Қазақ драма театрының актері, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сый- лықтың лауреаты, белгілі өнер қайраткері Кеңес Жұмабеков. Драматургтің айтуынша, аталмыш туынды еліміздің бірқатар театрларында қойылып үлгерген.

- Бұл қойылымды алғашқы болып ел назарына ұсынған өзім еңбек ететін Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театры болды. Кейіннен Өскемен қаласындағы театр сахналағаннан кейін Павлодар өңірінің актерлері де спектакльді ұсынды. Бұл - мен үшін үлкен қуаныш. Барлық театр-лардағы қойылымдардың премьераларына қатысып, көрдім. Ертіс-Баян өңіріне менің туындымды төкпей-шашпай, тиянақты етіп жеткізген - спектакльдің қоюшы режиссері, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Рауза Тәжібаева. Драманы барлық қырынан ашып, оны көрерменге сенімді етіп жеткізуде труппаның атқарған еңбегі зор, - дейді К.Жұмабеков.

Автор бұл тақырыпқа қалам тартпас бұрын, діни экстремизм мен терроризм тақырыбын әбден зерттегенін айтады.

- Бұл драма үлкен ізденіс пен толқыныстан шыққан туынды. Көркем шығарма емес, қиялың арқылы шарықтатып, оқиға желісін өрбіте беретін. Нақты деректерге сүйеніп, осы жағдайды басынан өткерген адамдармен тілдесу арқылы осы тақырыпты ұзақ зерттедім. Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары да көп жазады, кей деректерді солардан алдым. Біздің облыстан кетіп қалып жатқандар да бар. Әсіресе, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында көп. Солардың бір-екеуімен кездестім. Қазір біреуі екі баласымен қайтып келген. Жолдасы сол жақта қайтыс болған. Сирияда болып, сол жақтағы сұмдықты өз көзімен көрген қандастарымыздың бойында қорқыныш бар. Зерттеу барысында әлі мектепке бармаған балалардың автоматтың түрін түстеп, оны шашып жинаған кезде жылдамдықтарына көз ілеспейді. Олар мұны әке-шешесімен бірге шекара асып кеткен кезде, сол жақта жүріп үйренген ғой. Өкінішке қарай, елге қайтатындардың көбі балалар мен аналар ғана. Ал азаматтар әлдеқашан ажал құшқан немесе отбасы мүшелерін құтқару үшін өздерін құрбан еткен, - дейді өнер иесі.

Қай өңірде қойылмасын, «Адасқандар» көрермендер тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Ал павлодарлық көрермендер аншлагпен тамашалаған туындыға Алматы, Тараз, Шымкент қалаларының тұрғындары да бас бармақпен баға беріпті.

Ал аталмыш қойылымды көрерменмен қауыштырған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артисі, қойылымның режиссері Рауза Тәжібаева екенін автор тілге тиек етті. Р.Тәжібаеваның айтуынша, өнер иесі бұған дейін Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін» қоюды ойлап жүрген екен.

- Режиссер бір туындыны елге ұсынар алдында ұзақ ойланып, көрермен нені қалайтынын іздеуге кіріседі. 2016 жылдары жастарымыздың жат діннің ағымына еріп, Сирияға кетіп қалуы жиілеп кеткен кез еді. Сөйтіп жүргенде, Қарағандыда «Адасқандар» драмасы қойылыпты деген ақпаратты естігеннен кейін, елең ете қалдым. Осыдан соң Кеңес Жұмабековке хабарласып, сценарийін алып, асықпай танысып шықтым. Мені бұл драма қатты ойландырды. Бірден осыны қоюға бел будым. Жасыратыны жоқ, алғашында орта аса қабылдай қоймады. Бірақ мен оның қалай шығатынын, актерлердің сахнадағы образдарына дейін ойластырып қойған едім. Бүгінгі қоғамға берері мол, бұқараның жүрек қылын басатын, елдің мәселесіне айналған оқиғаны неге театр сахнасында көрсетпеске? Мұның көрерменге берері мол екенін көріп тұрмын. Сөйтіп, іске кірісіп, небары 1-2 айдың ішінде «Адасқандарды» сахналап шықтық. Тұтас ұжымнан үлкен еңбекті, көп ізденісті талап еткен туынды болды. Меніңше, мына тақырыптың өзі елін сүйетін әр қазақты ойландырары анық. Қойылымдағы ақсақал сияқты әрбір ата-ана бауыр еті баласынан, туған-туысынан қапияда ажырап қалмас үшін ертерек ес жинауы керек, - деді Р.Тәжібаева.

Баянғалидың алдануы, әкенің ұлын теріс ағымнан арашалап қалуы үшін жан ұшыра күресуі, азғырушының айласы мен тәсілі, жас баланың туған Отанына қалай оралғанын білгіңіз келсе, театрға асығыңыз!

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz