Қазақстанда 30 күн қалады

Елімізге қонаққа келген шетел азаматтары тіркеуге тұрмай-ақ, мемлекетімізде 30 күн жүре алады. Бұл ретте оларды ел аумағына кірген кезде шекара қызметінің мамандары тіркейді. Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, бұған дейін қолданылып келген көші-қон карточкалары енді болмайды. Егер шетелдің азаматы елімізде 30 күннен артық қалатын болса, жергілікті көші-қон басқармасына барып, мерзімін ұзартуы тиіс. Егер үш күн ішінде сала мамандарына жүгінбесе, оған ескерту беріледі. Бұл көлем 5 күнге артса, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Егер 10 күннің ішінде қалу мерзімін ұзартпаса, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Егер қосымша 15 күн қалып, басқарма мамандарына бармаса, бұл іспен сот айналысатын болады. Атап өтерлігі, шетелден туыстарын, достарын қарсы алған адамдар және қонақ үй, жалдамалы пәтердің иелері 3 күннің ішінде көші-қон басқармасына хабарласып, өзге мемлекеттен адам келгенін ескертуі керек. Бұл талапқа бағынбағандар да айыппұл арқалайды.

Айыппұл арқаламайды

Отбасы жанжалына жол беріп, жақын-дарының берекесін алған адамдарға да жаза күшейді. Бұдан былай әйелдер қауымы жолдасынан жәбір көрген жағдайда бірден учаскелік инспекторға хабарласуы тиіс. Бұдан былай отбасы бюджетіне салмақ түспейді. Жанұядағы жанжалдың орын алуына себеп болған адамға ескерту беріледі немесе әкімшілік қамауға алынады. Бұған дейін олар тек айыппұл арқалайтын.

- Бұл мәселе талайдан бері көтеріліп келді. Мысалы, күйеуі әйелін соққыға жығып, дене жарақатын келтіргені үшін 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төлеуге міндеттелетін. Бұл қаражат отбасылық бюджеттен төленетін. Сондықтан жәбірленушілердің көбі құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіне бермейтін. Енді құқық бұзушыға алдымен ескерту беріледі. Егер бір жылдың ішінде бұл әрекет қайталанса, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Сондықтан, ерінен жәбір көрген азаматшалар тәртіп сақшыларының көмегіне ойланбастан жүгінуі керек, - дейді Жасқайрат Қайыров.

Жол жауапсыздықты кешірмейді

Елімізде орын алатын жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі жүргізушінің жауапсыздығы салдарынан орын алады. Жаңа заң осы олқылықтың орнын толтырды десек, қателеспейміз. Бұған дейін, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 608-бабы бойынша мас күйде көлік жүргізгендер көлік жүргізу құқығынан 3 жылға айырылатын. Енді ащы суды ұрттағандар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылады. Егер жүргізуші әлдебіреудің денсаулығына зиян келтіріп, өзгенің көлігін соқса да, осы жазаға тартылады.

- Жол полиция қызметкерлері көлікті тоқтатқан кезде, жүргізушінің қолында куәлігі болмаса, оған қатысты дерек электронды форматта тексеріледі. Егер ақпараттық базада куәлік алмағаны анықталса, 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі керек. Ал көлік жүргізу құқығынан айырылғандар техниканы басқарса, 10 тәулікке қамауға алынады. Бұл әрекетін екінші рет қайталаса, 15 тәулікке темір торға тоғытылады. Бұған дейін мұндай әрекетке барғандар 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеп, жазадан құтылатын. Енді мұндайға жол жоқ, - дейді Жасқайрат Қайыров.

Атап өтерлігі, жұртты жиі мазалаған тыныштық уақыты кешкі сағат 23.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейінгі мерзімді құрайды. Бұл уақыт әлі өзгертілмеді. Талқыдан өтуде.

Темір торға тоғытылады

Павлодар облыстық полиция департа-ментінің мәліметінше, өткен жылы өңірде 44 зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Оның 8 оқиғасында кәмелетке толмаған жасөспірімдер жәбір көрген. ҚР Қылмыстық Кодексіне сәйкес, арсыз әрекетке барғандардың ісі ауыр деңгейдегі қылмысқа жатқызылып, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұған дейін бұл қылмыс орташа деңгейде қарастырылып, құқық бұзушы 3 жылдан 5 жылға дейін қамауға алынатын. Жаңа заңға сәйкес, мұндай істе татуластыру шарасы қолданылмайды. Ал қызмет барысында мұндай әрекетке барғандар 9 жылдан 12 жылға бас бостандығынан айырылады. 14 жасқа толмаған жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түскендер 20 жыл түрмеге тоғытылады немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылады.

Ауылдағы ағайынды күнкөрісінен айыратын барымташылар да жазадан оңай құтылмайды. Бұл ретте мал ұрлығы бойынша жеке бап бекітілген. Олар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мұндай істе де татуластыру шарасы қолданылмайды.


Осылайша, ҚР Қылмыстық Кодексі мен ҚР Әкімшілік Кодексінің бірқатар баптарына өзгертулер енгізіліп, жаза күшейтілді. Мұндай жаңашылдық жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықты, отбасындағы жанжалды, жол апаттарын, мал ұрлығын азайтуға жол ашса екен дейміз.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz