Бұл жөнінде ақша айырбастау пункттері қызметі туралы заңға түсініктеме берген Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаментінің директоры Жомарт Қажмұратов мәлім етті.

Айта кетейік, бұрын айырбастау пункттерінің жұмыс уақытына ешқандай шектеу болмаған. Енді жаңа талап шығып отыр. ҚР Ұлттық банкі Павлодар филиалының валюталық операцияларды бақылау бөлімінің бастығы Қымбат Тұрғылдинованың айтуынша, облыс көлемінде валюта айырбастайтын 122 орын бар. Оның 18-і жеке ақша айырбастау пункті саналады. Қалғандары - екінші деңгейлі банктер жанындағы ақша айырбастау кассалары. Талаптар 18 пунктке қатысты болмақ.

Ұлттық банк азаматтардың елімізге кіріп-шығуына қолайлы болуы үшін әуежайлар мен вокзалдардағы, шекарадағы айырбас-тау пункттері тәулік бойы жұмыс істемек.

Тағы бір өзгеріс ақшасын айырбастауға келген клиенттердің жеке бас мәліметтерін тіркеуге қатысты болып отыр. Мәселен, 500 мың теңгеден төмен соманы айырбастауға келген клиенттің жеке мәліметтері жеңілдетілген түрде, яғни, арнайы журналға тіркеледі. Тек жеке басын куәландыратын құжатты ғана ұсынады.

Мамандардың айтуынша, бұл - бүкіл әлемде қолданылатын тәжірибе. Ал айырбас-тайтын қаржысы 500 мың теңгеден артық азаматтарға қатысты талап өзгермеген. Олардың бұрынғыдай жеке куәлігі, аты-жөні толық, құжатының түрі, берілген датасы, нөмірі, жарамдылық мерзімі алынады. Сондай-ақ, жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетіліп, заңды мекенжайы да жазылады.

Ұлттық банк ақша айырбастау пункттерінің жарғылық капиталына қатысты да талаптарды өзгерткен. Мұндай талап олардың орналасқан жеріне, кент пе, қала ма, соған байланысты сараланған. Ұлттық банк қаулысының алғашқы нұсқасында банктік емес айырбастау пункттеріндегі жарғылық капитал мөлшері 100 млн. теңге деп межеленген екен. Яғни, орналасқан жері ескерілмеген. Енді кенттер мен шағын қалалардағы нысандардың жарғылық капитал көлемі 50 млн. теңгеге түсіріліпті. Сонымен қатар, бұл жаңа талаптардың күшіне енетін күні де шегерілген. Әу баста биыл 1 қаңтардан бастап енгізілуі тиіс еді. Енді Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының айырбастау пункттерінен 1 сәуірден бастап талап етілсе, облыстардың әкімшілік қалалары мен облыстық маңыздағы қалалар 1 шілдеден бастап көшеді. Ал кенттер мен шағын қалалардағы айырбас-тау пункттері жарғылық капиталдың тиісті мөлшерін 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін қамтамасыз етуі керек.

Ұлттық банк айырбастау пункттері шоттарында жарғылық капитал сомасының 20 пайызы шамасында қосымша қаржының болуын талап етпейтін болды.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz