Мемлекет басшысы мақаласында мына мәселелерге көп назар аударған екен: Атап айтқанда, «Абай – Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүддесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» сияқты бірнеше тарау бойынша өз ой-пікірін білдіріпті. Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл- дық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту керектігін айтты. Республикалық және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Мерейтой аясында Абай мұрасын тағы бір зерделеп шығып, ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі ретіндегі мұраларын кеңінен насихаттау керектігі нақты көрсетілді. Себебі ақынның ой-тұжырымдары - біздің халқымызға ауадай қажет рухани азық.

Ұлттық болмыстың үлгісі. «Жаңғыру - өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшылдың ХХІ ғасырдың екінші жартысында айтқан: ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған» - дейді Президент. Расында ақынның ұлағатты сөзіне бүгінгі қоғамның аса зәру екенін байқаймыз. Осы орайда, Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңіндегі:

«Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді ырқың» немесе «Сәулең болса кеудеңде» деген шығармасындағы:

«Берекелі болса - ел,

Жағасы жайлау ол бір көл», - деген мысалдар халықтың береке-бірлігін, ынтымақ пен тату-тәтті өмір сүру формасынан хабар беріп тұрғаны айдай анық.

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ұлттық жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан былай қарай қазақ әдеби тілі дамуының жаңа дәуірі басталады. Ол - қазақ әдеби тілінің жаңа сатыға көтеріліп, ұлттық сипат алу дәуірі еді. Бұл кезеңдегі әдеби тілдің (әдебиеттің, поэзияның) жаңа сапалы сатыға көтерілуі, ұлттық сипат алып, демократиялық жазба әдебиеттің тууы – Абай Құнанбайұлы есімімен тікелей байланысты.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы - қазақ әдеби тілінің дамуындағы жаңа кезең. Біріншіден, поэтикалық тілдің бүтіндей жаңа сатыға көтерілуі, екіншіден, әдеби тіл шеңберінің поэзияны ғана емес, көркем проза жанрын да қамтуы, үшіншіден, басқа да жазба әдебиет жанрларының (публицистикалық, баспасөз, ресми-кеңсе, т.б.) тууы, төртіншіден, осылардың нәтижесінде мәдени-өндіріс құралдары дамып, қазақ әдеби тілінің қоғамдық қызметі кеңіп, жаңа сипатқа ие болғанын байқаймыз. Абайдың қазақ тілін білу керектігі әр өлеңінде, сөзінде айтылып отырады десек, артық айтқандық емес. Қазақ тілін насихаттауда Абай – «қызыл тіл», «сөзі тәтті», «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын», «абайлар әрбір сөзді өз халынша, аузымен орақ орған өңкей қиқым», «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», «өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы», т.б. ойлы, мағыналы тіркестер арқылы жеткізеді. Осы айтылғандарды түйіндей келе, Абай бір ауыз сөзбен былай дейді:

Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

Әлемдік мәдениеттің тұлғасы. Президент бұл мақаласында: «Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерінен кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейге таныта алмай келеміз. Ғұлама Абай - қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», - деген екен.

Абайдың «толық адам» болып қалыптасуы- на ықпал еткен - ең алдымен өзінің өскен ортасы, фольклоры, (түркі, қазақ) елінің даналарымен ойшылдарының, шешендер мен билердің, Ұлы Дала кемеңгерлерінің ғибрат сөздері. Одан кейін шығыс және батыс құндылықтары. Шығыс әдебиеті мен мәдениетінің орны Абай үшін тіптен бөлек болды. Әрине, он тоғызыншы ғасырдан бері қарай шығыс білгірлері де Абайдың есіміне қанық болғаны, өлеңдерін оқып, білгені мәлім болар. Ежелгі Шығыс әдебиеті мен мәдениетінің Абайдың шығармаларында алатын орны жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Абайдың өзінің шығармаларында айтылып өткен: Әзербайжанның ақыны Фзули Сүлейменұлы Ахмет, тәжік-парсының ақыны Фердауси Абілқасым Туси, тәжік-парсы ақыны Шамси–Шамсуддин. Міне, осы секілді есімдер ақын әлемімен тығыз байланысты. Одан басқа, Абай шығармаларымен үндестік тауып, рухани байланысты көптеген шығыс ойшылдары мен ғұламаларын ерекше атап, жаза беруге, жалғастыра беруге болады.

«Шығыс та, батыс та Аллаға тән» - делінген Құран кәрімде. Ежелгі Шығыстың әдебиеті мен мәдениетінен Абай рухани ләззат алып, жан рахатын қалай мейлінше қандырса, сол сияқты көне Батыс әдебиеті мен мәдениетінен де нәр алып, керегінше сусындады деуге әбден болады. Батыс әдебиеті мен мәдениетінің кейбір тұстары Абай үшін өте жақын танысумен бетпе-бет келудің қилы кезеңдерімен, әртүрлі оқиғаларымен ерекшеленетіні байқалады. Әсіресе, Абайға патшалық жандармерияның сенімсіз адам ретінде қарап, саяси көзқарастағы адам деп күдік тудырғаны, үй ішін тінтіп, астан-кестеңін шығарғаны әлі де сыры ашылмай жатқан көп жайттарды аңғартады. Әрине, бұл бүгінгі мақаланың аясына сыймайтын, өз алдына жеке, дербес жайттар екендігі белгілі. Сонымен, Абай Құнанбайұлы батыстың әдебиеті мен мәдениетіне көңіл қоя жүріп, өзі де өзге жұртқа кеңінен танымал болады. Осы ретте, Абайға қатысты кейбір мәселелерді ішінара айтып өткенді дұрыс көріп отырмыз.

Абайдың ұлы Тұрағұл өзінің естелігінде: «Сол орайда Семейге генерал-губернатор келіп, қасында бұрын уезной болып кеткен Лосовскі бар. Елдің приговорына қарап, менің әкемді жер аударылсын деп резолюция салмақшы болғанда менің әкеммен екі арасында, әлгіні Лосовскі жүріп, әкемді генерал-губернаторға жолықтырыпты. Сөйлескенде не айтқанын білмейміз, сен заманыңнан басың асқан адам екенсің депті». Бұл – Тұрағұлдың әңгімесі.

Абайға басқа ұлт өкілдерінің сол уақытта берген жалғыз бағасы бұл емес. Абаймен жиырма бес жыл дос болған адам Көкбай Жанатайұлының естелігінде: «Сонымен кейінгі жылдарда Семейге миссионер Сергей деген кісі келіп, мұсылман дінін қорғаушы молла, имамдар болса сөйлесемін деп іздегенде Семей қаласындағы мұсылман оқымыстыларының барлығы араларынан бірауыздан Абайды сайлап шығарып, Сергейден жеңілмей, өзінің абиұрын аман сақтап шығуына мешітке жиылып, мінәжат қылып, Абайға бата беріп, тілек тілеп жіберткен. ...Сергейдің қасында көп поп бар екен. Солардың кейбіреулері бір әредікте мұсылман дінінің ұсақ мәселелері туралы Абаймен дауласқысы келсе керек. Сонда Сергей: «Сендер қойыңдар, Ыбрайым Құнанбаев сендердің тістерің бататын кісі емес» - дейді. Көкбай Әлиханмен дос болған. Бұл мәлімет соншалықты құнды болғандықтан, орысша жазылғанын өзгертпей беретін боламыз. «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деп аталатын көптомдық кітаптың, қазақ даласының тарихына арналған 18-томында, осы кітапты жазушылардың бірі - Әлихан Бөкейханов: «Наконец, как представителя нового течения в киргизской поэзии, следует назвать Кунанбаева («Кононбая» деп басылған-Қ.М.) - автора многих стихотворений изящных по форме и поэтических по содержанию (особенно описания природы). Этому же автору принадлежат хорошие переводы «Евгения Онегина» и многих стихотворений Лермонтова (который оказался наиболее понятным для киргиз), таким образом у Семипалатинских оленши (певцов) можно слышать, например, «Письма Татьяны» распеваемое, конечно, на свой мотив» - дейді. Тіпті, қазақ поэзиясын жаңа сапаға көтерген Абай деп айтып өткен. Абайдың інісі Ысқақтың тұңғыш баласы Кәкітай Абай кімдердің шығармасын сүйіп оқығанын айтыпты. «Абай оқыған орыс жазушылары: Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой (Абай өзі Толстой мен Салтыковтың шәкірті еді -А.Қ.), Тургенев, Салтыков, Достоевский, Белинский, Добролюбов, Писарев, Чернышевский, Крылов. ... Европа ғалымдарынан: Сиенсер, Льюс, Дрэисрдің еңбектері...» Бұл абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметхановтың «Кәкітай Ысқақұлы Құнанбай немересі» - деген мақаласында кездеседі.

Жаңа қоғамның жанашыры. Мақа-лада: «Жаңа Қазақстанның өзегін жаңа қоғам құрайтыны анық. Бұл ретте ұлтымыздың қадір-қасиетін арттырып, халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін жетілдіруге баса мән беруіміз керек» делінген. Ал «Әлеуметтік жауапкершілік қайткенде орнына келеді?» деген сауалға келгенде оның жауабы Абайдың «Толық адам» формуласынан табылатындығын тілге тиек еткен. Бұл – тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама.

Абай өлеңіндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмыс жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» - деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады. Абай - еңбектің жаршысы, жақтаушысы. Ақын өсиетіне тағы да жүгінсек: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ, қорқақ ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз, надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» - дейді. Осы қара сөздің ішінде де мақалада айтылған жайттардың көбі көрініс тапқанын айта кеткенді дұрыс көрдік. Соның кейбірін: қаскүнемдік, қызметке таласқыш, жалқаулық, тойымсыз, өнерсіз, арсыз, надан, т.б. қазақ ұғымына жат қылықтарды өткір сынаған. Ойшылдың көрегендігін тарих сан мәрте дәлелдеді де. Сондықтан да қазақ тарихында көздің жасымен жазылған тарихи оқиғалар, жайттар аз болмады. Ендеше, сол тарихи кезеңнен сабақ алатын уақыт жеткен сияқты, сондықтан да болашақта еркін қоғам құратын «толық адам» дайындау мәселесі алдымыздан аяқ аттаған сайын шыға берері сөзсіз.

 

Айтмұхамет ТҰРЫШЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

saryarka-samaly.kz