Себебі не?

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 156 мың ірі қара шетел асқан. Оның 121,6 мыңы көрші Өзбекстанға жеткізіліпті. Өткен жылы экспортталған 264 мың қойдың да көп бөлігі (200 мыңнан астам) өзбек ағайындыларға жөнелтілген. Министрліктің пайымдауынша, малдың жаппай экспортталуы алыпсатарлардың оң жамбасына сай келіп, ет өнімдері бағасының өсуіне түрткі болған. Қала берді, еліміздегі етті қайта өңдеу кәсіпорындары мен мал бордақылау алаңдарының жүктемесі біршама азайған. Шикізат тапшылығынан былтыр қуаттылығының жартысын ғана пайдаланған кәсіпорындар көп.

Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 10 жылда еліміздегі ірі қара санын 7 миллионнан 15 миллионға, қойды 30 миллионға жеткізу жоспарланған. Межеге қол жеткізу үшін шаруаларға импорттық аналық ірі қараны сатып алуға бар жағдай жасалып, әр басқа 225 мың теңге субсидия берілді. Нәтижесінде былтыр фермерлер 58 мың бас сиырды шетелден әкеліпті. Алайда, жылдың қорытындысын түзген министрлік экспортталған малдың одан 3 есе көп екенін анықтаған. Тірі мал экспортына тыйым салудың бірден-бір себебі - осы.

Өзбектің бағасы өзгеден тиімді

Былтыр экспортталған 156 мың ірі қараның 8830-ы ғана аналық мал. Шаруалардың айтуынша, еркек малдың шетел асуының еш зияны жоқ. Министрлік бағдарламадағы межені орындау үшін еркек малды «елеп отыр». Әйтпесе, шаруаларға еркек малды ұстау тиімсіз. Баянауыл ауданындағы «Мәжит» шаруа қожалығының басшысы Күлпан Жортуылова малды Оңтүстік Қазақстан облысынан келген алыпсатарларға тапсыратынын айтады.

- Жыл сайын шамамен 60-70 тайынша өткіземін. Қазақтың ақбас сиырының төлі болғандықтан, салмағын есепке алмай-ақ әрқайсысы үшін 160 мың теңгені қолыма ұстатады. Қала берді, еркек тайды да бірге тиеп әкетеді. Көптеген шаруаларға тиімді бұл. Аймағымыздағы «Абай» серіктестігі сияқты ірі мал бордақылайтын алаңдарының иелері келіп жатса, мал өткізуге қарсы емеспіз. Министрліктің мал экспортына шектеу қоюы шаруаларға кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұндай жағдайда мал бордақылау алаңдарындағы етті қабылдау бағасы көтеріліп, төрт түлікті өздері тиеп алып кетсе дұрыс болар еді, - дейді шаруашылық басшысы.

Баянауыл ауданының кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің маманы Әлия Қаниеваның айту-ынша, мал бордақылау алаңдарына өткізілген ірі қара үшін субсидия қарастырылған.

- Мұндай жеңілдік мемлекеттік бағдарламаға қатысушы шаруаларға ғана қолжетімді. Алайда бордақылау алаңдарына тапсырылатын малдың салмағы 200 келіден төмен болмауы тиіс. Әр келі үшін 200 теңге субсидия беріледі. Яғни, 1 сиырдан қосымша 40 мың теңге пайда түседі. Бірақ, бордақылау алаңдарына мал тапсырған фермерлерді субсидияның уақытылы төленбеуі алаңдатып отыр, - дейді Ә.Қаниева.

Кедергі келтірмейді

Облыстық ауыл шаруашылығы басқар-масы басшысының орынбасары Марат Әпсалықовпен хабарласқанымызда әзірге министрліктен нақты ешқандай құжат келмегенін айтады. Сол себепті қандай да бір пікір айту қиын, дейді ол.

ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Рашид Нұрбековтің мәліметінше, былтыр экспортталған 652 ірі қараның барлығы Өзбекстанға жөнелтіліпті. 177 бас қой Ресейге сатылған. Байқағаныңыздай, шетел асқан малдың саны аз. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Айдос Жақыповтың айтуынша, жыл сайын мал саны әжептәуір артуда. Биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша аймағымызда 448,3 мың ірі қара, 169,8 мың жылқы, 505,1 мың қой, 71, 4 мың ешкі тіркеліпті.

Бәсекелестік жоқ

Қазақстанның ет одағының төрағасы Асылжан Мамытбеков тірі мал экспортына тыйым салу саланың тоқырауына әкеледі деп есептейді.

- Менің ойымша, бұл - уақытша шешім. Мысал келтірсек, Австралия жылына 1 миллионнан астам ірі қара малды тірі күйінде экспорттайды. Қойдың саны одан бірнеше есе көп. Индонезия, Қытай сияқты елдерге миллиондап мал сатса да, не Австралия үкіметі, не фермерлер «өзгенің шикізатына айналып барамыз» деп бұғып отырған жоқ.

Керісінше, халықаралық тәжірибеде жануарларды тірі күйінде экспорттау - үлкен іс. Тірі малды кез келген елден сатып алмайды. Мәселен, Қытай Моңғолияның малын сойғызып, шикі етті ыстық суға салдырып, вирустық микробтарды өлтіріп барып қабылдайды. Біздің малды өзге елдер тірідей алып жатса, ол ветеринарлық саламызға сенгені деп айтуға болады. Аналық малды экспорттауға тыйым салынғаны дұрыс. Төрт түліктің бәрін экспорттауды шектеу орынсыз, - дейді А.Мамытбеков.

Маманның айтуынша, тірі мал экспортын шектеу мал өсіруге көңілі ауып келе жатқан халықтың ынтасын төмендетуі мүмкін. «Ел неге малын тірідей сатып жатыр? Бұл - отандық ет комбинаттары шетелдік ет өңдеу кәсіпорындарымен бәсекелесе алмай жатыр деген сөз. Өйткені олар біздікілерден жоғары баға ұсынып отыр», - деп есептейді вице-министр.

Естеріңізге салсақ, бір жылдары елімізде тері экспортына тыйым салынған болатын. Сөйтіп, қылшығын шығарамыз деп былшығын шығарған министрліктің басы дауға қалған еді. Яғни, тері құнсызданып шыға келді. Тері өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етеміз деген талпыныс бекер болды. Себебі, елімізде бұл іспен жүйелі айналысып жатқандар аз. Ал шетелдіктер малдың терісі мен сүйегін де кәдеге жарататындықтан, тірі малға біздегіден жоғары баға ұсынады. Қысқасы, министрліктің бұл жаңалығы мал ұстап отырған шағын шаруашылықтардың жұмысына салқынын тигізбей, керісінше жандандырады деп сенеміз.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ.

saryarka-samaly.kz