Өткен жылдың өзінде кәсіпорын өндірістік қуатынан асып түскен. Бұл жайында «KAZ Minerals» компаниясының сайтында жарияланды. Айта кету керек, Екібастұз аумағындағы Бозшакөл кен-байыту комбинаты аталмыш компания құрамына кіреді. Сонымен, қорытынды сандарға көз жүгіртсек, екібастұздық алып кәсіпорында өткен жылы 35,69 млн. тонна кен өндірілген. Сөйтіп, өндірістік қуаттылығынан 16 пайызға асып түскен. 2018 жылы бұл көрсеткіш 30,72 млн. тоннаны құрағанын айта кетейік. 2019 жылы өндіріс көлемінің көбеюіне компания басшылығы каолинитті кеннің қосымша қорын аршу септігін тигізгенін айтып отыр. Бұл саз жатқан жер өткен жыл бойы аршылып, қоймаға жеткізілген. Енді комбинат қоймаға көптеп жиналған осы каолинитті биыл өңдемек. Нәтижесінде өнім көлемі өседі деп күтілуде.

Ресми мәліметте былтыр Бозшакөлде үшінші тоқсанда 32,1 мың тонна мыс өндірілді делінген. Ал төртінші тоқсанда көрсеткіш 1 мың тоннаға кемігені байқалады. Дегенмен, диірмендерді қайта қаптамалау жұмыстары кендегі мыстың мөлшерін теңестірген. Бастысы, жылдық көлем - жалпы жоспарлы көрсеткіш деңгейінде. Яғни, былтыр 110,2 мың тонна мыс өндірілген. Жоспарлы көрсеткіш – 105-115 мың тонна аралығында. Өткен жылғы көлем 2018 жылғы көрсеткіштен 8 пайызға артық.

Бұл комбинатта алтын да өндірілетіні белгілі. Былтыр өңделген кен көлемінің аздығына байланысты төртінші тоқсанда алтын өндірісі аз-кем кеміген. Десе де, кәсіпорын өткен жылы алтынды оған дейінгі жылға қарағанда 13 пайызға көбірек шығарған. Яғни, 2019 жылы екібастұздық комбинат 144,8 мың унция алтын өндірген. Мұндай көрсеткішке қол жеткізуге кен құрамындағы алтын мөлшерінің молдығы оң әсер еткен. Оған қоса, 803 мың унция шамасында күміс алынған. Бұл да жоспарлы көлемнен 700 мың унцияға жоғары болған.

Аталған оң көрсеткіштерге қол жеткізуге, әлбетте, өндіріс орнындағы заманауи жабдықтардың пайдасы зор. Нақтысы, еңбек өнімділігі жоғары. Алып өндіріс орнына артар үміттің зор екенін жуырда Екібастұз қаласы әкімінің есептік кездесуінде облыс басшысы Әбілқайыр Сқақов айрықша атап өткен еді.

- Бозшакөл кен байыту комбинаты - қазіргі заманғы Қазақстанның ең ірі әрі озық жобаларының бірі. Бұл кәсіпорын мыс индустриясын бірнеше ондаған жыл қамтамасыз етуге қауқарлы. Алып өндіріс орнының заманауи құрылғылармен жабдықталуы еліміздегі мыс өндіретін кәсіпорындардағы еңбек өнімділігінен 15 есеге асып түсті, - деді облыс әкімі.

Шынымен де, бұл компанияда еңбек өнімділігі өзгелерден едәуір жоғары. Өйткені, мұндағы технологиялық тізбек толық автоматтандырылған. Мұндағы жұмыстың 90 пайызы заманауи жабдықтар арқылы жасалатынын «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС бас директоры Сергей Леу бір сөзінде айтқан еді. Нәтижесі көзге көрініп тұр.

Мәселен, Екібастұзда биыл өнер-кәсіптік кәсіпорындар 628,3 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Бұл дегеніңіз, өткен жылғымен салыстырғанда 2,4 пайызға өскен. Міне, осы өсім дәл Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының өнім көлемін айтарлықтай арттырып, рекордтық көрсеткішке жетуінен тіркеліп отыр. Былтыр кеншілер шаһарына тартылған инвестицияның басым бөлігі, нақтысы 49 пайызы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі көрінеді. Ал оның 23 пайызы Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының үлесі екені көп нәрсені аңғартса керек. Түптеп келгенде, мұның бәрі - еңбек өнімділігінің жоғары екенінің бір белгісі.

saryarka-samaly.kz