Бұл ретте емделуге қажетті препараттар мен медициналық маска құнының өсуіне жол берілмейді. Әсіресе, вирусқа қарсы, иммундық жүйені нығайтатын, жөтел, дене қызуын түсіру, ауруды басатын дәрілердің бағасы бақылауға алынып отыр. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, аймағымызда жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмаудың алдын алу мақсатында төрт жақты келісімшартқа қол қойылды. Бұл ретте дәрі мен медициналық бетперде бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында облыс әкімдігі, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және облыстық «ҚазМедФарм» фармацевтер мен дәрігерлер қауымдастығы арасында меморандум жасалды.

Атап өтерлігі, өңірде күн сайын дәріханаларға мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта медициналық бетперделердің саны жеткілікті, 21-22 теңгеден сатылуда. Тұрғындар арасында түсініспеушілік туындаған емес. Мамандар жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмау жұқтырған кезде әрбір 2-3 сағат сайын медициналық масканы ауыстырып отыруға кеңес береді. Сонымен қатар, қоғамдық орындарға шығуды азайтып, қолды сабынмен жиі жуу керектігін айтады. Суық тиюден сақтану қажет. Ағзада аталмыш аурулардың белгілері байқалған жағдайда дәрігердің қарауына жүгінген абзал. Бөлмені жиі желдетіп, дымқыл шүберекпен сүртіп отыру керек.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz