Ауқымды жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау саласының өкілдері қатысты.

Әбілқайыр Бақтыбайұлы аймағымызда түрлі сала бойынша оң динамика барын атап өтті. Соңғы жылдары облыс экономикасы 3 пайызға өсіп, өндірілген өнім көлемі 2 трлн. теңгеге жеткен. Бұл ретте өнеркәсіптік сектордың үлесі зор. Оның өсімі 02,4 пайызды құрайды. Тау-кен өндіру саласын алатын болсақ, Бозшакөл кен-байыту комбинатында мыс рудалары мен концентраттарын өндіру көлемі 1,2 есеге ұлғайған. Мұнай өңдеу өндірісі - 2,9 пайызға, металлургия саласы - 2,6 пайызға, химия саласы - 10,7 пайызға, машина жасау саласы 7,2 пайызға артқан.

- Өткен жылы өңір экономикасына 495 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға артық. Аталмыш көлемнің 80 пайызы жеке инвестицияны құрайды. Ірі инвестициялық жобалардың қатарына - Ақсу ферроқорытпа зауытының пештері мен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ №5 энергоблогын жаңғырту жұмыстары жатады. Аталмыш жобаларға тартылған инвестиция көлемі 80 млрд.теңгеден асып отыр. Осы бағытта 2024 жылға дейін сапалы жобаларды жүзеге асырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мақсаты тұр. 2020 жылы өңір экономикасына 500 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады деп жоспарлануда. Бұл ретте 8 ірі жоба қолға алынып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орындары құрылмақ, - деді Ә.Сқақов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экспорттық әлеуетті арттырып, жаңа сауда нарықтарын бағындыруды айтқан болатын. Бұл ретте өңірде бірқатар ауыз толтырып айтатын жетістік бар. Мысалы, павлодарлық кәсіпорындар әлемнің 40 мемлекетіне өз тауарларын экспорттайды. Шикізаттық емес өнімдердің экспорты 1 млрд. АҚШ долларына жеткен.

Аймағымызда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында да ауқымды іс атқарылған. Өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілері 3,8 пайызға артып, аталмыш салада еңбек ететін адамдардың саны 136,4 мыңға жеткен. Президент тапсырмасына сәйкес, аймақтағы суармалы егістік алқабы 1,4 есеге немесе 30 мың гектарға ұлғайтылған. Бүгінде мал азығы және көкөніс өнімдерінің шығымдылығын арттыру бағытында 102 мың гектар көлемінде егістік алқабы суарылады. 2022 жылға дейін бұл көлемді 145 мың гектарға арттыру көзделуде.

Өткен жылы өңірде жалпы аумағы 332,5 мың шаршы метрді құрайтын баспана іске қосылған. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 17 пайызға жоғары. Нәтижесінде облыста 10 тұрғын үй салынып, 706 адам пәтерге ие болды. Алдағы уақытта халықты баспанамен қамту мақсатында жаңа құрылыс стратегиясы жүзеге асырылатын болады. 2020 жылы 140 нысанда жүргізілетін құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстарына 54,5 млрд. теңге бағытталып отыр. Бұл ретте «Нұрлы жер», «Nurly Ertis», «Бизнестің жол картасы - 2020» сынды бірқатар мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылмақ. Биыл халықты таза ауызсумен қамту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады. Аймақ басшысы «Ауыл – ел бесігі» жобасына ерекше тоқталып, қазына қаражаты ілкімді істерге ғана бағытталатынын атап өтті.

- Ауылды дамытуға арналған бағдарлама 4 аудан орталығында жүзеге асырылды. Нәтижесінде 9 әлеуметтік нысан қалыпқа келтіріліп, ұзындығы 43 шақырымнан асатын жол жөндеуден өтті. Биыл 18 елді мекендегі 29 әлеу-меттік нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл ретте жалпы сомасы 3,4 млрд.теңгені құрайтын 59 жоба жүзеге асырылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бюджет қаржысы көмекке мұқтаж жандардың қажеттілігіне жұмсалатын болады. Әсіресе, бағасы қымбат жиһаздар, конференциялар мен форумдарға жұмсалатын шығын азайтылады. Бұл бағытта тиісті тапсырмалар берілді. Үнемделген қаржы маңызды мәселелерді шешуге жұмсалады - деді Ә.Сқақов.

Өңір басшысы білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша жүзеге асқан жұмыстарға да тоқталып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін халық арасында кеңінен насихаттау ісіне көңіл бөлуді тапсырды.

Жиын барысында облыстық мәслихат пен қоғамдық кеңестің 2019 жылы атқарған істері де баяндалды.

«Павлодар облысы бойынша әскери-патриоттық тәрбие қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Николашин облыс орталығында Абай саябағын ашу жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл бастаманы қоғам қайраткерлері де қолдап отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, ұлы ойшылдың 175 жылдығына орай ашылатын демалыс орны жастар жиі келетін саябаққа айналуы тиіс.

Отырыс соңында кеңес мүшелері аймағымызда жүзеге асқан жұмыс-тарға оң бағасын беріп, Әбілқайыр Бақтыбайұлына қызметте табыс тіледі.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz