Алексендр ТЕРЕНТЬЕВ, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын қорғау департаментінің директоры: - «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард» сынды қаржылық пирамида белгілері бар ұйымдар заңсыз банктік қызметін атқарып келген. Оны жоғары табыстылықты уәде етуден-ақ аңғаруға болады. Сонымен қатар, жаңа қатысушылар әкелуі арқылы сыйақы берілетінінің өзі көп нәрсені білдіреді. Жарнамалық науқанның кең түрде жүргізілуі, инвестиция салудың жалған нысандарын пайдалану да күмән келтіруі тиіс. Қаржылық пирамидалар, әдетте, өздерінің заңсыз әрекеттерін интернетке жарнамалар жариялау, тарату арқылы аңқау, сенгіш азаматтарды тартуға бейім. Олар кеңселерінде де «депозит» ашу үшін адамдар тартудың жарнамалық акцияларын жүйелі түрде ұйымдастыруға тырысады. «Депозит» ашу кезінде ақшаны компания кассасына тікелей тапсырады. Мұның өзі банктік қызметтің заңсыз екенін көрсетеді. Себебі, депозиттік қаржыны лицензиясы бар құзырлы орган ғана қабылдай алады. Ал жоғарыда аталған ұйымдарда банктік қызметтер жүргізуге еш рұқсаты жоқ. Жалпы, кез келген ұйымға қаржы немесе мүлік салмас бұрын, оның микроқаржылық ұйымдар тізілімінде бар-жоғын анықтап алу керек. Ол біздің агенттік сайтында «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» айдарында орналастырылған. Тізілімде болмаса, демек оның әрекетін құзырлы орган реттей алмайды. Енді, мұндай ұйымға сауатты адам ақшасын салмасы анық. Естеріңізде болсын, ешбір ломбард депозит ашумен айналыса алмайды. Сондықтан, күмәнді мекемелерден аулақ болған абзал. 


Қайрат ӘБІШЕВ, облыстық мәслихат депутаты: - Кейде адамдар аузы күймейінше, тоқтай алмайды. Бәрі оңай ақша тапқысы келеді. Бұған дейін де қаншама қаржылық пирамидалардан жапа шеккендер болды. Бірақ алаяқтардың құрығына түсу деректері толастар емес. Менің ойымша, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттырудан бөлек, қоғамда қандай да бір жаңа ұйым пайда болысымен құзырлы органдар олардың әрекетінің заңдылығын тексеруді мықтап қолға алу керек. Әйтпесе, мыңдаған адам зардап шегіп, барынан айырылғаннан кейін іске кірісу нәтиже бермейді. Мұндай тексерістер міндетті түрде болатынын білсе, алаяқтар да айылын тартады. Оңды-солды уәде беріп, көптің сеніміне де кіре алмайды. Сонымен қатар, тұрғындар қандай да бір қаржылық әрекетке бармас бұрын заңгерден кеңес алуды ұмытпаған жөн. Жасыратыны жоқ, аталған ломбардтың пайдасын айтып, таныстарымның бірі жақсылап «жарнамалаған» еді. Бірақ табыс пайызының адам сенбестей көптігі күмән келтірді. Сондықтан бас тарттым. Жалпы, адамдарға қанағат қажет. Дұрысы, аз болса да, ақшаңды сенімді жерге салып, қаржыңды еш уайымсыз алғанға не жетсін?!


Айнұр ИМАНБАЕВА, қала тұрғыны: - «Жеңіл ақша болмайды» деген түсінік әр адамның жадында сақталуы тиіс. Ақшаңызды 40 пайызға өсіріп беруі мүмкін емес қой. Жалпы, нарықтағы ұсыныстардан екі есе артыққа еселеп беруге «ниетті» ұйымның ниеті дұрыс емес екенін бірден түсіну қиын емес. Өз басым мұндай ұсыныстар түсе бастаса, бірден бас тартамын. Себебі, оңай олжаның болмайтынын санама құйып өстім. Демек, мұндай ішкі иммунитетті баланың бойында жастайынан қалыптастыру қажет. Кез келген табыс маңдай термен келетінін ұғындыру керек. Әлгі «Қара касса» деген пәле пайда болғанда қолқа салғандар көп кездесті. Тіпті, рұқсатымсыз арнайы WahtsApp тобына да қосып қойғандар бар. Ақтарып көрсем, миыма сыймайтын дүние екен. Бірден топтан шығып кеттім. Негізі, қаржылық пирамидалар, алаяқтық әрекеттер қазіргі қоғамда қаншама отбасының, туыс-туғанның, дос-жаранның арасына сызат түсіруде.

 

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz