Дәстүрлі оқушылар спартакиадасы мен естелік пойызы жобасының авторы - балалар және жасөспірімдер спорт клубының директоры Тоқтамыс Кенжеғалиев. Алғашқысы 2000 жылы басталса, екіншісі 2010 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Негізгі мақсаты - балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу, одан кейін ауданға еңбегі сіңген тұлғалардың есімін ұлықтау, құрмет көрсету. Әр жылы бір адамды таңдап алады да, ауданда жыл бойы ұйымдастырылатын спорттық шаралардың барлығын сол есімнің құрметіне арнайды.

Шараға аудан әкімі Абзал Балғабаев қатысып, спартакиаданың басталуымен аудан тұрғындарын және биыл ұлықталатын Күләй және Қабдынасыр Шарбақбаевтардың әулетін құттықтады.

- Мұндай шаралар біздің келешек ұрпақ үшін ауадай қажет. Бірінші жасөспірімдердің спортқа деген белсенділігін арттырса, екіншіден, ауданның дамуына үлес қосқан еңбек адамдарының есімдері насихатталып жатыр. Жобаның биылғы кезеңінің сәтті жүзеге асып, нәтижелі болуына барша аудан жұртшылығы үлес қосайық. Жас спортшыларға сәттілік тілеймін, - деді Абзал Әбілқақұлы.

Жоба жетекшісі Тоқтамыс Кенжеғалиевтің сөзінше, өткен 2019 жылды Социалистік Еңбек Ері Жұмабек Жанғожиновке арнапты. Ал келесі жылы елге әйгілі сынықшы Мерғалым Мұхтариханұлының есімі ұлықталады. Жалпы, «Қазақстан-2050» Стратегиясының естелік пойызы, аты айтып тұрғандай, 2050 жылға дейін жоспарланған. Сол уақытқа дейін қай жылы қандай адамға құрмет көрсетілетіні де белгіленген. Биылғы спартакиадаға арқау болған Шарбақбаевтар отбасы да ауданда қой шаруашылығының өрлеуіне ұлан-ғайыр үлес қосты. Бір үйден екі Еңбек Ерінің шығуы соның айғағы болса керек. Күләй Төлеуқызының еңбек жолы 1933 жылы Май ауданында Қазақстанның 10 жылдығы ұжымшарында басталған. Аққулы ауданына 1952 жылы көшіп келіп, өмірінің соңына дейін осында еңбек етті. Черное ауылындағы 23-кеңшарда шопан болып жұмыс істеді. Қой шаруашылығын жетік меңгерген шопан солтүстік меринос қойын өсіру жолында ұзақ жыл тер төкті. Еңбегі бағаланып, 1958 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Анасының еңбек жолын жалғаған баласы Қабдынасыр Ерғалиұлы бұл атақты 1981 жылы алыпты.

- Соңына елеулі іс қалған адамдарды «өлді» деуге болмайды. Естелік пойызы арқылы тарихтан аты өшіп бара жатқан адамдарды қайта «тірілттік». Осы жоба бойынша ел араладық, шетелге де жолымыз түсті. 2014 жылды Әбілқайыр Баймолдинге арнап, Ресейдің Невель қаласына дейін бардық. Невель тұрғындары жерлесімізді ерекше құрметтейді екен. Міне, осы қатарлы соғыс майдангерлері мен бейбіт күннің еңбек батырларының соңына қалдырған ұлағатты істерін жас ұрпақтың есіне салып отыру бізге міндет, - дейді Тоқтамыс Жәнібекұлы.

Жоба бойынша жыл бойы спорттың 20 түрінен жарыстар өтеді. Спартакиадаға «старт» берілген күні оқушылар арасында волейболдан аудандық турнир өтті. Оған аудандағы 21 мектептің ұлдар және қыздар командалары қатысып, жеңімпаздар марапатталды. Ұлдар арасында Аққулы орта мектебі жеңіске жетсе, Қазы орта мектебінің командасы екінші орын, Шарбақты орта мектебінің командасы үшінші орынды еншіледі. Қыздар арасындағы ойында Жамбыл орта мектебінің оқушылары жеңіске жетсе, екінші орынды Ямышев мектебінің командасы еншіледі. Үздік үштікті Малыбай мектебінің қыздар командасы түйіндеді.


Нұрсұлу ШАРБАҚБАЕВА, Шабар ауылының тұрғыны: - Мен - Социалистік Еңбек Ері Күләй Шарбақбаеваның немересімін. Апамыздың еңбек жолы үзілген жоқ. Ұрпақтары да бүгінде мал шаруа-шылығымен айналысып келеді. Ол кісінің өмір жолы ұрпақтарына үлгі-өнеге болды. Үлкендерден естігенім, 1960 жылдары ауданға іссапармен келген Дінмұхамед Қонаев біздің үйге түсіп, апамыздың қолынан дәм татқан екен. Біздің еңбекке деген құштарлығымызды оятқан да - Күләй апамыз. Дәстүрлі аудандық спартакиада биыл біздің әулетімізге арналатынын естіп ерекше қуандық. Ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз.

saryarka-samaly.kz