«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп-керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға арналған. Яғни, осы бағдарлама аясында кәсіпке икемі болғанымен, қалтасында қаржысы тапшы жастарға үлкен қолдау көрсетілуде. Аққулы ауданының тұрғыны Ария Қазыбекова да осы «Еңбек» бағдарламасының шарапатын көруде. 2019 жылдың соңына қарай «Бизнес-Бастау» бағдарламасы арқылы бір айлық оқу курсынан өтіп, тігіншілік ісіне арналған бизнес жобасын әзірлеген. Кәсіпкердің жоба-жоспарын арнайы комиссия мүшелері де құптап, кейін 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Мемлекет берген ақшаға екі тігін машинасын және тігін ісіне қажет басқа да құрылғылар сатып алды. Қазіргі күні балалардың көрпе-жастығын және жаңа туған сәбидің жаялығын тігумен айналысуда. Әсіресе, дүниеге келген сәбиді ауруханадан шығаруға арналған сәнді көрпелерге көп тапсырыс түсетінін айтады.

- Бір айлық оқу курсынан көп дүниені көңілге тоқыдық. Мысалы, бизнес жобасын әзірлеу, оны іске асыру және дайын өнімді нарыққа шығару секілді жеке кәсіпті жүргізудің қыр-сырын меңгердік. Ал тігін өнерінен бұрыннан хабарым бар еді. Соның ішінде жаңа туған сәбидің жөргек көрпесін сәндеп тігу, көрпе-жастығын дайындау сүйікті ісім болатын. Мемлекеттің қолдауының нәтижесінде қол білетін ісімді табыс көзіне айналдыру аса қиын болмады. Ауылда менің жұмысыма тапсырыс берушілердің қатары көбейіп келеді, - дейді Ария Жүрсінқызы.

Кәсіпкер алдағы уақытта отбасымен жеке кәсіптің тағы бір түрін бастауға бел буып отыр. Атап айтқанда, ауыл үйлерінің арасына тұрмыстық қоқыс қалдықтарын шығаратын контейнерлер орнату. Яғни, екі үй арасына бір жәшік қояды да, соған салынған қоқысты белгіленген уақытта арнайы орынға төгіп отырады. Сонымен қатар, мұндай қоқыс жәшіктері мекемелер мен ауқымды құрылыс нысандарына да ауадай қажет. Бұл, біріншіден, ауыл көшесінің тазалығын қамтамасыз ету болса, екіншіден, қоршаған ортаны ластаудың алдын алады.

- Шынын айту керек, қазір ауылда қоқыс тастайтын жер жоқ. Әркім өз ауласына үйеді. Бұл – белгілі бір мөлшерде экологияның бұзылуына әкеледі, ауланы да ластайды. Бірақ, бұл жобаны жүзеге асыру үшін көлемді қаржы керек екен. Сондықтан, мемлекет тарапынан берілетін 5 млн. теңгенің қаржылай грантына өтінім бердік. Егер жобамыз мақұлданып, тиісті қаржы қолымызға түссе, қоқыс контейнерлері мен арнайы машинасын сатып алмақшымыз, - дейді А.Қазыбекова.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Әсем Балтабаеваның сөзінше, өткен жылы Аққулы ауданында 208 адам кәсіпкерлік курсынан өтіп, оның 136-сы мемлекеттік грантқа ие болған. Мемлекеттен көмек алған тұрғындардың барлығы жеке кәсіптерін ашып, аудан халқына қызмет көрсетуде.

saryarka-samaly.kz