Павлодар қаласындағы қоғамдық көліктермен 17 әлеуметтік топ өкілдері жеңілдікпен қатынайды. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер мен оқушылар, көпбалалы отбасылардың балалары мен ата-аналары және тағы басқалары бар. Тасымалдаушы компаниялар аталмыш 17 топтың 10 тобына жеңілдіктерді өз есебінен береді. Ал қалған 7 топ өкілдерінің тегін немесе жолақының жартысын ғана төлеуі үшін жергілікті әкімдік қаржы қарастырады.

Айталық, өткен жылы екінші топ мүгедектері, жасы бойынша құрметті демалысқа шыққандар, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар, атаулы әлеуметтік көмек алатын, көпбалалы отбасылардың балалары мен аналары жеңілдікпен жүруі үшін мемлекеттік қазынадан 335 млн. теңге бөлінді. Бұл сома «Павлодар облыстық көлікшілер одағы» қауымдастығының есебіне сәйкес, барлық тасымалдаушы компаниямен келісе отырып, кәсіпорындардың шоттарына аударылды. Мәселен, былтыр Павлодар автокомбинаты 117,7 млн. теңге, №1 автобус паркі 109,2 млн. теңге, Трамвай басқармасы 80,7 млн. теңге алды. Ал биыл бұл мақсатқа 343 млн. теңге қарастырылды. Алайда қоғамдық көлік қызметін ұсынушылар мұндай өтемақы «жыртығымызға жамау бола алмайды» дегенді алға тартып отыр. Тіпті, өтемақы көлемі артпаса, жеңілдік қарастырылған топтарды 1 наурыздан бастап тасымалдаудан үзілді-кесілді бас тартты.

- Соңғы уақытта автобусты жөндеуге қажет бөлшектер, жанар-жағармай бағаларының өскенін ескерсек, бюджеттен бөлінетін өтемақы табыс әкелмек түгілі шығындарды толығымен жаппайды. Сондықтан 7 әлеуметтік топты жеңілдікпен, тегін тасымалдау үшін мемлекеттік қазынадан қарастырылатын сома көлемі ұлғайғанын қалаймыз. Зейнеткерлерді, 23 жасқа дейінгі жетімдерді, екінші топ мүгедектерін, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың аналарын, оқушылары мен студенттерін жолақының жарты құнына немесе ақысыз тасымалдай отырып, қызмет көрсететін компаниялардың тығырыққа тіреліп, қарызға батпауы үшін 700-800 млн. теңге көлемінде өтемақы төленуі керек. Әйтпегенде, жеңілдігі бар тұрғындарды тасымалдауға мүмкін-дігіміз болмайтынын ескерттік, - дейді «Павлодар облыстық көлік-шілер одағы» қауымдастығының президенті Василий Рудаков.

Әйтсе де, жергілікті билік мұндай талаппен келіспейді. Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің секторы меңгерушісі Гүлнар Амиралин тасымалдаушы компаниялардың талабына негіз болар құжаттық дәлелдердің жоқтығын алға тартты.

- Қала ішіндегі қоғамдық көлік-тердің басым бөлігін қамтитын алты кәсіпорын басшылығы жергілікті бюджеттен 7 әлеуметтік топ үшін төленетін өтемақыға көңілдері толмайтынын білдірді. Бұл ретте қаржылай шығын мен жолаушылар санының көптігін негіз ретінде келтірді. Бірақ, олардың есептерін, сөздерін айғақтайтын құжаттар жоқ, - дейді Г.Амиралин.

Сектор меңгерушісінің айтуынша, жеңілдікпен жүруге құқылы топ өкілдері үшін берілетін төлемақы былай есептеледі: жыл сайын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жеңілдікпен жүруге құқылы азаматтар санын береді. Айталық, облыс орталығында 59 644 зейнеткер бар. Олар жолақы құнының тең жартысын, яғни 40 теңге төлейді. Қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесі болмағандықтан, қалалық бөлім 60 мыңға жуық зейнеткердің жартысы айына 16 рет автобуспен қатынайды деген есепке сүйенеді. Соған негізделе отырып, бір әлеуметтік топ өкілдері үшін тасымалдаушы компанияларға төленетін жалпы өтемақы көлемін есептейді.

Айта кетелік, қазіргі уақытта жеңілдіктен қарастырылған 7 топқа жататын 70 мыңға жуық тұрғынның жолақы шығындарын мемлекет өтейді. Олардың нақты қандай үлесі қоғамдық көлікпен қатынайтыны, жалпы қала ішіндегі жолаушылар легі қайта есепке алынбақ. Павлодар қаласының әкімдігі осындай есепті жүргізетін, тиісті сертификаты бар компанияны іздестіруде.

- Облыс орталығындағы қоғамдық көліктер тасымалдайтын тұрғындар есебі 2015 жылы жүргізілген болатын. Ол тұста жалпы саны ғана назарға алынды. Ал биыл жеңілдік қарастырылған топ өкілдерін жеке, толық жол ақысын төлейтіндер жеке есепке алынады. Жоспар бойынша, бұл жұмыс 1 мамырға дейін жүргізіледі. Содан соң мемлекеттік қазынадан жолақы құны жартылай немесе толық өтелетін топтарға жататын тұрғындар саны анықталады. Сәйкесінше, тасымалдаушы компанияларға да соған байланысты өтемақы беріледі, - дейді Г.Амиралин.

Тасымалдаушы компаниялардың талабынан соң түрлі деңгейде кездесулер өткізіліп, қос тараптың міндеттері тағы бір мәрте назарға алынды. Егер қоғамдық көлік иелері 1 наурыздан бастап жеңілдікпен жүретін жолаушыларды тасымалдау-дан бас тартатын болса, әкімдік пен компания арасындағы келісімшарт біржақты негізде бұзылып, күшін жоюы мүмкін.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz