Ауқымды шараға Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімханов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі, «Павлодар жылу желілері», «Павлодар-водоканал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеке құрамы, жедел жәрдем қызметі және еріктілер қатысты. Тактикалық оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты Шүлбі су қоймасынан су босатылып, Кенжекөл ауылында төтенше жағдай туындады. Әсіресе, Әбдіков, Көк жайық, Дружба көшелерінің бойында орналасқан жеке сектордағы 15 үй су астында қалып, 161 адамның өміріне қауіп төнді. Табиғаттың тосын құбылысына төтеп беру мақсатында мамандар су басу қаупі төнген аймақтардағы халықты эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындарын жылыту пунктіне жеткізді. Олар жергілікті мектепте орналасты. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, ыстық шәймен қамтылды. Жергілікті жұртшылық жүргізілетін оқу-жаттығу туралы алдын ала хабарландырылғанын атап өткен жөн. Халықты жедел түрде құлақтандыру жүйесі орнатылды. Қорадағы мал да қауіпсіз жерге шығарылды. Оқу-жаттығу барысында Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің жауынгерлері су өткізу құбырларын тазалады. Павлодар облыстық төтенше жағдайлар депар-таментінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Ернұр Өтегенов өңірде көктемгі су тасқыны кезеңіне әзірлік мығым екенін атап өтті.

- «Көктем – 2020» оқу жаттығуы кезінде су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүргізілді. Бұл ретте қар шығару ісі қарқын алып, су құбырлары тазартылды. Өңірдегі барлық елді мекендердің дайындығы тексерілді. Аймағымыз бойынша жеке құрамнан 600 адам мен 250-ден астам техника жұмылдырылды. Шығыс Қазақстандағы су қоймаларынан Ертіс өзеніне су жіберілетін кезде Кенжекөл ауылына қауіп төнетінін білесіздер. Сондықтан мамандардың табиғаттың тосын мінезіне әзірлігін бақыладық. Қала және аудандарда арнайы жедел штаб құрылды. Мұндай жаттығулар Ленин кентінде де жүргізіледі. Облысымыз бойынша 31 елді мекенге қауіп төніп отыр. Ауа райының құбылуына байланысты бұл сан артуы мүмкін. Алдағы күндері өңірде қар жауып, соңы жауын-шашынға ұласуы ықтимал. Наурыз айының басында сынап бағанасы төмендейді деп күтілуде. Табиғаттың кез келген тосын мінезіне дайын болуымыз керек, - дейді Ернұр Сапарұлы.

Оқу-жаттығу кезінде мамандар 4 бағыт бойынша жедел әрекет етті. ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі Ербол Сағындықовтың айтуынша, алдымен су астында қалған аумақтар оқшауланып, тұрғындарды құтқару жұмыстары жүргізілді. Су басу қаупін азайту мақсатында бөгеттерге құм толтырылған қапшықтар орналастырылды. Еріген қар суы сорылып, электр желілері қалыпқа келтірілді.

Кенжекөл ауылының әкімі Серік Шуақбаевтың айтуынша, биыл елді мекенге қар қалың түскен. Сондықтан жергілікті билік жағдайды бақылауда ұстап, жылыту пунктерін дайындап қойған.

- Биылғы жағдайды өткен жылмен салыстыруға болмайды. Өйткені жауған қардың мөлшері екі есе көп. Ауылда қар тазалау жұмыстары қарқын алды. Елді мекен су астында қалған жағдайда тұрғындар мен ірі қараны орналастырылатын қауіпсіз орындар дайындалды. Бұл ретте жергілікті шаруа қожалықтарымен келісім жасалды. Ауылда Әбдіков көшесіне келетін қауіп зор. Аталмыш орынға қажетті көлемде инертті материалдар жеткізілді. Сонымен қатар, 6 КамАЗ, 2 жүк артқыш, 2 МТЗ-80 тракторлары қызмет көрсететін болады. Барлық жағдай назарға алынған, - дейді Серік Шуақбаев.

Мамандар биыл төтенше жағдайды болдырмау мақсатында тиісті жұмыстардың барлығы жүргізіліп жатқанын, техниканың сақадай сай екенін жеткізді. Қалай десек те, табиғи апат айтып келмейді. Сондықтан сақтық шараларын осы бастан күшейткен абзал.

saryarka-samaly.kz