Павлодарлық Айнұр Темірова үш ұлына сапасы күмән келтіретін, зияны көп тәттілерге қарағанда ұлттық тағамдарды бергенді құп көреді. Әсіресе, күнделікті дастарқаннан табылатын құрт, қоспа мен женттің пайдасы дүкен сөрелерінде самсап тұрған өнімдерден көп деп пайымдайды. Сондықтан бірде қоспа мен шоколадты араластырып, тәжірибе жасап көрді. Тәттінің мұндай түрі балаларына да, отағасына да ұнапты. Тіпті, жолдасы «қоспаны шоколодпен көмкеріп, неге сатпасқа?» деген идеяны ортаға тастапты.

Шынымен, неге ұлттық өнімдерді түрлендіріп, тұтынушылардың талғамына сай етіп жасамасқа? Мұндай сауал Айнұр Темірованы Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жетеледі. Сөйтіп, өткен жылы «Бизнес-Мектеп» жобасы аясында кондитерлік өнімдер дайындауға қатысты оқудан өтіп, сертификат алды. Кейін «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұлттық үлгідегі тәттілер шығару жобасын сәтті қорғап, 2,5 млн. теңгелік грантқа ие болды. Бұл қаржыға цехқа қажет құрал-жабдықтар мен шикізат сатып алды.

Осылайша, мемлекеттік қолдау нәтижесінде тың кәсіп басталды. Айнұр Темірова облыс орталығындағы цехтардың бірін жалға алып, кондитерлік өнімдерді шығару ісіне кірісті. Жаңадан үш жұмыс орны ашылды. Бүгінде күніне шамамен 10 қаптама кәмпит дайындайды. Біреуінің бағасы - 1500-2000 теңге шамасында.

- Тұтынушылардың қалауына қарай бір қорапта қоспадан және талқаннан жасалған кәмпиттер болады. Кейбіреулері тек қоспасы бар шоколодтарды құп көреді. Тапсырыс қабылдаған соң шоколадты ерітіп, қоспа, жентті әлгі шоколадпен қаптап, арнайы қалыпқа құйып, қатырып, дайын болған кезде тапсырыс берушінің мекенжайына апарып беремін. Әсіресе, той иелерінен тапсырыс жиі түседі. Одан бөлек, Павлодар қаласындағы екі дүкеннен біздің өнімдерді алуға болады. Алдағы уақытта ірі сауда желілерімен де байланыс орнатсам деймін, - дейді Айнұр Темірова.

Осы орайда ұлттық үлгідегі кәмпиттерге деген сұраныс жергілікті туристік фирмалар тарапынан зор екенін атап өту керек. Тіпті, бірқатары өңірге келетін меймандарға павлодарлық тәттілерді ұсыну үшін серіктестік орнатуға бейілді көрінеді. Сол арқылы қоспа мен женттен жасалған өнімдерді облыстың бренді ретінде туристерге таратпақ.

Павлодарлық кәсіпкер ісінің одан әрі дамуы үшін шикізатқа деген тәуелділіктен арылып, жеке шаруа қожалығын ашпақ ниетте.

- Шыны керек, кәмпиттер дайындауға қажет сапасы жоғары, дәмі тіл үйіретін сары май, жент пен қоспаны табу қиын. Бұған дейін жентті семейлік «Адал ас» компаниясынан алатын едім. Енді өзім дайындаймын. Сары май мен қоспаны жергілікті шаруалар тұрақты түрде жеткізіп тұрады. Алдағы уақытта сүт өнімдерін өзгелерден сатып алмас үшін мемлекеттік бағдарламалардың бірі арқылы ірі қара мал алып, шаруашылық ашсам деген жоспар бар, - дейді кәсіпкер.

Осылайша, Айнұр Темірова ұлттық үлгідегі кәмпиттер өндірісінің толық циклын өз қолына алмақ. Яғни, шикізаттан бастап дайын өнімге дейін өзі әзірлеп, сапалы өнімдерді ұсынбақ ниетте.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz