- Нұрлан Қаукенұлы, Павлодар облысында мәртебесі анықталмаған қанша адам бар? Оларды іздестіруде қандай жұмыстар атқарылуа?

- Аймағымызда 14 мыңға жуық адамның мәртебесі анықталмады. Олардың өңірімізде тұрмайтыны белгілі болды. Қазіргі уақытта іздестіру шаралары жалғасуда. Осы уақытқа дейін филиал мамандары аудан орталықтары мен шалғай ауылдарды аралап, жергілікті халықпен кездесу ұйымдастырды. Мұндай жұмыстарды жергілікті билік те жүргізуде.

Жұртшылыққа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін түсіндіріп келеміз. Биылғы жылдың алғашқы үш айы ішінде халық МӘМС-тің пайдасын көріп үлгерді деп айта аламын. Осы жүйе аясында бағасы қымбат МРТ, КТ құрылғыларынан тегін өткен азаматтар көп. Бұдан бөлек, қымбат оталарды ақысыз негізде алып, денсаулығын қалыпқа келтірген адамдар да бар.

- 1 сәуірге дейін сақтан-дырылмаған адамдар МӘМС-ке қалай қатыса алады?

- Мәртебесі анықталмағандар тегін қызметті алуы үшін екінші деңгейлі банктер арқылы ай сайын жарна аударуы керек. Қазіргі уақытта емханаларда ақша төлеуге арналған терминалдар орнатылуда. Жыл басынан бері әлеуметтік сақтандыру қорына жарна аудармай келген адам сәуір айында 4 ай үшін ақы төлеуі тиіс. Яғни, қаңтар, ақпан, наурыз және сәуір айының төлемін жасайды. Тек қана сәуір айына ғана ақша төлесе, МӘМС-ке қатыса алмайды. Бұдан бөлек, 12 айға алдын ала төлем қабылданбайды. Сондықтан өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар жарнаны ай сайын төлегені жөн. Барлық қаржы ҚР Ұлттық банкіндегі қордың есебіне келіп түседі. Қаражат келісімшартқа отырған медициналық ұйымдардың қызметі үшін төленеді. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтыған қала тұрғындары ай сайын 2651 теңге, аудан орталықтары мен ауыл тұрғындары 1326 теңге қаражат төлеуі тиіс. Ал сақтандыруға қатыспаған тұрғындар екінші пакетке жататын ем шараларды ақылы негізде алатын болады.

- Алғашқы үш айда меди-циналық көмек барлық халыққа тегін көрсетілгендіктен, 1 сәуірде мәртебесі анықтал-маған тұрғындар арасында түсініспеушілік туындайтыны сөзсіз. Мұндай жағдайда жұртшылық қайда хабарласа алады?

- Біз бұл жағдайға дайынбыз. Жоғарыда атап өткендей, емханаларда арнайы терминалдарды орнаттық. Жергілікті тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты толық ақпаратты fms.kz сайтынан ала алады. Бұдан бөлек, келісімшартқа отырған барлық медициналық ұйымда арнайы стикер орнатылған. Мәселе туындаған жағдайда 8 (718 2)70-41-23, 70-41-24 нөмірлері бойынша хабарласуға болады. Бұдан бөлек, 1406 нөмірі де қызмет көрсетеді.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz