Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты қарттар, зейнеткерлер және көмекке мұқтаж өзге де топтағы азаматтарға қамқорлық көрсетуді мақсат еткен акция қызу жалғасуда. Қазіргі кезде өңірдің 40 мыңнан астам тұрғынына 290 миллион теңгеге азық-түлік жиынтықтары, жеке меншік сектордағы малға арналған жем-шөп, отын және басқа да заттар түріндегі көмек көрсетілді.

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалының баспасөз хатшысы Диана Ерғалымның айтуынша, осы уақытқа дейін 438 павлодарлық отбасына күнделікті тұрмысқа қажетті жиынтық қораптары берілген.

- Жоспар бойынша 1 сәуірге дейін 1500 отбасына азық-түлік, гигиена заттары және бетперделер салынған қораптарды жеткізіп беретін боламыз. Десе де, акция аясында көмекке мұқтаж азаматтардың барлығын қамтуға тырысамыз деген ойдамыз, - дейді Диана Ерғалым. Оның айтуынша, қамқорлық акциясының шарапатын шалғай ауылдардағы тұрғындар да көруде.

Н.АҚЫТЕГІ.


Игілік жолында

«Biz birgemiz» акциясы аясында павлодарлық еріктілер белсенділік танытуда.

Павлодар қаласының жастары бірлесіп, Nur Otan партиясының «Халыққа көмек» жобасы аясында жәрдем жасауда. Нақтысы, облыс орталығындағы көмекке мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті. Облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Ғабит Хафиздің айтуынша, жәрдем түрлі топтағы адамдарға, жалғызбасты аналарға, жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға жасалады.

Санитарлық талап бойынша, волонтерлар көмек алушы адамдармен байланысқа түспеуі керек. Тәртіп бойынша, көмекке зәру тұлғаларға телефон немесе домофон арқылы қоңырау шалынады. Еріктілер азық-түлік және гигиеналық заттар салынған жиынтықтарды 2-3 метр ара қашықтықта тұрып табыстайды.

Азық-түлік жиынтығы алғаш-қылардың бірі болып Рахима Шұғайыповаға берілді. Зейнеткер - 70 жаста. Қарт ананың 6 немересі мен 3 шөбересі бар. Ол қиын кезеңде қол ұшын созған жастарға алғысын білдіріп, батасын берді.

Қайырымдылық акциясына Павлодар облысының тумасы, қазақ эстрадасының әртісі Ринат Малцагов та қатысты.

Жансері СЪЕЗБЕК

saryarka-samaly.kz