Бұл жөнінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті. Оның айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, бүгінгі таңда үй жағдайында жұмыс істеп жатқан барлық мұғалімнің еңбекақысы толығымен сақталады және ешкім қызметінен қысқартылмайды.  Бұл талап жеке меншік балабақшалардың қызметкерлеріне де қатысты екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде балабақшаға бармаған балғындардың да орны сақталатын болады.

- Дәл қазір балабақшалар шартты режимде жұмыс істеуде. Әзірге өңірдегі мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленуі тиіс 35 607 баланың 8 159-ы (23 пайыз) ғана бақшаға барып жүр. Десе де, біз ата-аналарға мүмкіндігінше балаларды үйінде қарауын сұраймыз. Балғын отбасында болған уақытта оның орны сақталады және бала-бақшаға төлем жүргізілмейді, - деді Дінислам Болатханұлы. Сонымен қатар, ол төтенше жағдайға байланысты оқушыларға арналған шығармашылық, спорттық және зияткерлік шаралар мен олимпиадалардың барлығы кейінге шегерілгенін айтты.

Сондай-ақ, баспасөз мәсли-хатында осы оқу жылының 6 сәуірінен бастап оқушыларды қашықтықтан оқытуға байланысты дайындық барысы да сөз болды.

- Жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу мақсатында төртінші тоқсанда оқушылар қашықтықтан білім алады. Осыған байланысты облыс оқушыларының әрқайсысының интернет желісіне қосылу мүмкіндігін анықтап жатырмыз. Атап өтерлігі, бүгінде өңірдегі барлық мектеп интернет желісіне толық  қосылған. Бұл жағынан біздің облыста мәселе жоқ. Алайда шалғайдағы кейбір елді мекендерде интернет байланысы нашар әрі интернеті жоқ балалар да бар. Дәл қазір осы мәселелерді шешу үшін қолдан келгенше жұмыс жүргізудеміз, - дейді өңірдің бас ұстазы.

* * *

(Облыс оқушыларының қашық-тықтан оқыту жүйесіне дайындығы жөнінде газетіміздің алдағы нөміріндегі «Бас тақырып» айдарынан толық оқи аласыздар).

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz