Байланыстан ажырамайды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында тұрғындарды байланыспен қамтамасыз етуге баса назар аударып, бірқатар тапсырма берді.

- Ұялы байланыс пен интернетке, әсіресе, ағартушылық ресурстарға, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қолжетімділікті арттыру қажет. Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың қарызына қарамастан, байланыс қызметін үзбеу керек, - деді Мемлекет басшысы.

Бұл тұрғыдан алғанда Павлодар облысында қиындықтар туындамауы тиіс. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірдегі 358 елді мекеннің барлығы бірдей жергілікті цифрлық телефон байланысымен қамтылған. Яғни, әр ауылда үй телефонын қосу мүмкіндігі бар.

Ал интернет желісі 344 ауылдық аймаққа тартылған. Өкінішке қарай, тұрғыны аз, тиісті технология бойынша желімен қамтылмаған 14 елді мекенде ғаламторға қосылу мүмкіндігі жоқ. Бұл ретте басқарма «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы мен басқа да провайдерлерге ұсыныс хаттар жолдап, түйткілді шешу жолдарын қарастыруда.

Бұл ретте айта кетер жайт, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыста елді мекендерді кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету жобасы қолға алынған. Соның нәтижесінде Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен 105 ауылдың тұрғыны жоғары жылдамдықты жаһандық желіні қолдана алады.

Таяу күндері мұндай игілікті өзге елді мекендер азаматтары да көреді. Осы жылы «Қазақтелеком» АҚ 10, ал «Транстелеком» АҚ 2 ауылды жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосуды жоспарлап отыр. Осылайша, жыл соңына дейін 250 және одан да көп тұрғыны бар елді мекендердің 97 пайызы үшін кеңжолақты ғаламтор қолжетімді болады. Ал қалған ауылдарда спутниктік технологияларды қолдану мүмкіндігі қарастырылмақ.

Интернет желісіне қосылумен қатар, оның ақысын уақытылы төлеу мәселесі бар. Осы орайда тұрғындарды ғаламтор желісімен қамтып отырған ірі компания – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына хабарласып, төлемге қатысты енгізілген өзгерістерді сұраған едік.

- Компания төтенше жағдай кезінде абоненттерді қолдап, қызмет көрсету ақысы бойынша қарызы бар тұрғындарды байланыстан ажыратпау жөнінде шешім қабылдады. Яғни, қаржылай қиындыққа байланысты төлемді уақытылы жасай алмаса да, телефон мен интернет мүмкіндіктерін үздіксіз пайдаланады. Бұл үшін қосымша ақы, комиссиялар алынбайды, - деген жауап алдық.

Дәрігерлерге сый

Мемлекет басшысы ұялы байланыс қолжетімділігін арттыру қажеттілігін де айтқан болатын. Бұл тұрғыдан алғанда біздің облыста ауқымды іс атқарылды деуге әбден болады. Аймақта 330 ауыл, яғни барлық елді мекеннің 92 пайызы ұялы байланыспен қамтылған. Тек 28 ауылдың тұрғындарында мұндай мүмкіндік жоқ. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл мәселе көп ұзамай оң шешімін табатынын хабарлады. Атап айтқанда, осы жылдың соңына дейін «Мобайл Телеком Сервис» компаниясы 18 ауылды «Теле2» желісіне қосады. Сонымен қатар, байланыс саласындағы жаңа оператор – «Восток Телеком» ЖШС алдағы екі жыл дересінде 250 және одан көп тұрғыны бар елді мекендерде ұялы телефон қызметін қолжетімді қылмақ.

Ал қазіргі уақытта қолданыс-тағы байланыс операторлары өз абоненттері үшін мүмкіндігінше оңтайлы жағдайлар қарастыруды қолға алды. Мәселен, «Beeline» компаниясы төтенше жағдай кезінде күні-түні тынымсыз еңбек етіп жатқан медицина саласының қызметкерлеріне түрлі бонус береді.

- Біздің абоненттер арасында денсаулық сақтау саласында қызмет ететін адамдардың тізімі дайындалды. Ақ желеңді қолданушыларымыздың барлығына бірдей 30 наурызға дейін басқа операторларға 1000 минут тегін қоңырау шалу немесе 100 Гигабайт интернет трафигін тегін пайдалану мүмкіндігін береміз. Бұл -
карантинге жабылған Нұр-Cұлтан, Алматыдағы ғана емес, барлық облыстағы дәрігерлердің елеулі еңбегі үшін жасаған сыйымыз, - дейді компания өкілдері.

Өз кезегінде мемлекет те ұялы байланыс операторларына зор қолдау көрсетпек. Нақтысы, 250 және одан да көп тұрғыны бар ауылдарға 3G, 4G технологиясы бойынша жоғары сапалы қызмет көрсететін компанияларға салықтық жеңілдіктер қарастыру жоспарланып отыр. Мұндай шаралардың барлығы тұрғындар үшін кең жолақты, жоғары жылдамдық интернет желісі мен ұялы байланыстың қолжетімділігін арттыра түсетіні анық.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz