Ержан Ербатыр - дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің 11-сынып оқушысы. Оқуды бірінші орынға қоятын ол - «Алтын белгіден» үміткер. Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, арман еткен саласы бойынша білім алуды мақсат тұтады. Таңдап отырған саласы да өзгеше. Ол мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі мамандығына құжаттарын тапсырмақшы. Мұндай таңдау жасауы да тегін емес.

- 6-7-сыныпта білім алған кезімде ғаламтор арқылы шайға арналған тәтті кондитерлік өнімдердің қалай жасалатынын көрдім. Бұл іске қызығушылығым оянып, әлеуметтік желідегі видеоға қарап, торт пісірдім. Кейін 2 мәрте шеберлік сағатына қатысып, қабілетімді шыңдадым. Сөйтіп, ата-анама, туған-туыстарыма арнап түрлі кондитерлік өнімдерді жасап келемін, - дейді жас түлек.

Ержан Ербатыр тіл үйіретін тәтті өнімдерін тек өз әулетіне арнап жасайды екен. Отбасылық мере-келерде, жақындарының туған күн-дерінде міндетті түрде торт пісіреді. Бұдан бөлек, бәліш, печенье, кекс, рулет, чизкейк сынды дәмділер жасағанды ұнатады. Әсіресе, жанұясы шоколадтан жасалатын «Брауни», «Вупи пай» торттарын ерекше жақсы көреді екен.

- Отбасымызда 3 ағайындымыз. Мен ортаншы баламын. Ата-анамның екеуі де дәрігер. Ағамның оқыған мамандығы шет тілімен байланысты болса да, бос уақытында үйде ыстық тамақ әзірлегенді ұнатады. Ал мен тәттілерді дайындаумен айналысамын. Болашақ мамандығымды таңдағанда әке-шешем еш қарсылық білдірген жоқ. Қазіргі уақытта кондитерлік өнімдерге тапсырыс жоғары. Тортты жасауға қажетті заттар дүкенде толып тұр. Келешекте мен де осы салада еңбек етіп, тың идеяларды ұсынғым келеді, - дейді Е.Ербатыр.

Ержан Ербатыр қазіргі уақытта болашағын шешетін сынақ – ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үстінде. Жас түлек ағылшын тілі мен география пәнін таңдаған. Ұстаздары мен ата-анасының сенімін ақтау үшін «Алтын белгіні» де алуы тиіс. Болашақта кондитерлік салада аспаздарды дайындайтын арнайы мектеп ашқысы келетінін де айтты.

saryarka-samaly.kz