Облыстық білім беру басқармасы 15 маусымнан бастау мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынуда. Дегенмен, лагерьлерге қатысты шешім аймағымыздың эпидемиологиялық ахуалына байланысты шығарылмақ.

Бұл мәселе облыс әкімдігінде оқу жылының аяқталуына, жазғы демалысты ұйымдастыру тақы-рыбына арналған алқалы жиында талқыланды.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы биылғы оқу жылы елдегі жағдайға байланысты өзгеше өткенін, төртінші тоқсан толықтай қашықтықтан ұйымдасты-рылып, интернеттің кейбір мектептерде тым баяу екенін көрсеткенін мәлім етті. Айтуынша, 253 мектепте интернет жылдамдығы секундына 4-15 мегабитті құраған, ол тым болмағанда 15-20-ға арттырылмақ. Отызға жуық мектепте интернет мүлдем жоқ немесе тым әлсіз екен. Биыл мектептерді 3770 түлек бітіреді. Олардың 86,2 пайызы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген.

Аймағымыздың бас ұстазының мәлімде-уінше, жазғы каникулды ұйымдастырудың екі нұсқасы қарастырылып қойған. Бірі – дәстүрлі, екіншісі – қашықтықтан. Бүгінде өңірде 750 лагерь жұмысын бастауға дайын. Оның 12-сі - қала сыртындағы лагерьлер.

Облыстың бас санитар дәрігері Зәмзәгүл Досжанова аймағымызда коронавирус инфек-циясының өсімі 2 пайыздан аспаған жағдайда ғана рұқсат етілетінін атап өтті. Ал соңғы аптада өсім 5,3 пайыз көлемінде болған.

- Лагерьлер жұмысына инфрақұрылым толық дайын. Бірақ, қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс. Ешқашан болмаған пандемия кезінде лагерьлердегі қауіпсіздік екі есе жоғары деңгейде болуы керек. Сондықтан, асықпауымыз қажет, - деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Сондай-ақ, облыс әкімі жазғы лагерьлер жұмыс істемеген жағдайда да құзырлы органдар балалардың бос уақытын қайда, қалай өткізіп жатқанын бақылап, біліп отыруы тиіс екенін еске салды.

Д.Болатханұлы биыл 16 мың аз қамтылған отбасылар балаларын, жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жазғы демалыспен қамту жоспарланғанын айтты. Бұл дегеніңіз - осы санаттағы балалардың 100 пайызы. Осы мақсатқа бюджеттен 189 млн. теңге қарастырылыпты. Одан бөлек, демеушілер 467 балаға лагерьлерде тынығуға жолдама беруге әзір. 5531 оқушыны еңбекпен қамту жоспарланған.

Жаз кезіндегі балалар қауіпсіздігі де сөз болды. Былтыр 10 бала суға батып кеткен. Олардың барлығы лайықталмаған орындарда шомылған. Осы ретте, төтеншеліктер ата-аналарға жауапкершіліктерін түсіндіру жұмыстарына ден қою керек, деді. Себебі, бес жылда 31 бала суға кетсе, олардың 90 пайызы ата-ананың қарауынсыз болған. Облыс әкімі бұл бағытта арнайы роликтер, сюжеттер жасап, халық ара-сында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

 

Г.МАҒЖАН.

saryarka-samaly.kz