Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Тілеулесов жастар саясатын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Айтуынша, аймағымызда NEET (ешқайда оқымайтын, жұмыс істемейтін) жастар үлесі 4,9 пайызды құрап отыр. Еліміз бойынша бұл көрсеткіш - 7,4 пайыз. Өңірімізде биыл олардың үлесін кем дегенде 0,3 пайызға кеміту көзделіп отыр. Биыл өңірде жоғары оқу орындарынан 3321 түлек түлейді. Олардың басым бөлігі жұмыспен қамылып, оқуын жалғастыруды көздеп отырса, ал 99-ы жұмыссыздар қатарын толықтыратын түрі бар. Колледждер бітіріп шығатын 4500 жастың арасында да 180 азамат әлі қайда барып, қандай еңбекпен айналысатынын білмейді.

Міне, осы жұмыссыз-дықпен күресте жастарды кәсіпкерлікке бейімдейтін бағдарламаларды барынша қолдану жоспарлануда. Атап айтқанда, «Жас кәсіпкер», «Еңбек» бағдарламалары арқылы оқыту, грант үлестіруге басымдық берілмек. Мәселен, жастарға биыл 905 грант  және 517 шағын несие берілмек. Былтыр Жастар жылында 1200-ден астам жас кәсіп ашуға қайтарымсыз қаржы алған. Облыс әкімі сол қаражаттың қаншалықты тиімді нәтиже бергенін сұрады. Мамандардың айтуынша, олардың 22-сі кәсібін тоқтатыпты. Олар мал өсіруді мақсат еткен көрінеді. Алайда айналымдық қаражат болмауынан бизнес өрге баспаған. Бұл ретте, аймақ басшысы бизнес бастауда кеңес тиісінше берілмегенін, бірыңғай үйлестірушінің болмауы кері әсер еткенін ескертті. Сондықтан, әр жобаның түпкі нәтижесі сараланып отыруы тиіс, деді облыс әкімі.

Жастар арасында жұмыс-сыздық көрсеткішін төмен-детуде Әбілқайыр Сқақов «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына, «Жасыл ел» жасақтарына көптеп тарту қажеттігін айтты.

- Облысымызда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдар-ламасы аясында 217 жоба іске асырылуда. Мердігер-лерге жөндеу, құрылыс жұмыстарына тартылатын азаматтардың 50 пайызы жастар болуы тиіс деген талап қойылған. Кем дегенде 3 мың студентті аулалар мен ауруханалардың, әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыс-тарына жұмылдыруға болады. Бұл - үлкен мүмкіндік, - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы ақылы бөлімде оқитын студенттердің оқу ақысы бойынша қарыздары барын алға тартты. Сондықтан, жұмысқа орналастыру арқылы бұл мәселені де реттеуге септігін тигізетінін атап өтті.

Сондай-ақ, «Жасыл ел» жасақтарына, әсіресе, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар мен студенттерді көптеп тарту тапсырылды. Биыл 2 мыңнан астам азамат «Жасыл ел» арқылы жазда табыс табады деп жоспарланған.

Өңір басшысы жастар саясатын қаржыландыруы нашар аудан-қалалардың жұмысын сынға алды. Мәселен, облыс орталығында осы бағытқа бөлінген қаржы кеміген. Былтыр 31 млн. теңге бөлінсе, биыл 15 млн. теңгеге түсірілген. Шаһар басшысы Қайрат Нүкенов қаржыны түрлі іс-шараларға жұмсағаннан гөрі нақты экономика секторына бағыттауды жөн көргендерін мәлім етті. Ол жұмыстарға жастар тартылады деп сендірді. Әбілқайыр Бақтыбайұлы бастысы түпкі нәтижесі байқалсын, деді. Ақтоғайда да мардымды қаржы қарастырылмапты. Аудан әкіміне жастарға жағдай жасауды назарға алу тапсырылды.

Облыста ерікті жастар қатарының артқаны байқа-лады. Аймағымызда 40 шақты үкіметтік емес ұйым жұмыс істеуде. Олардың арасында волонтерлікпен айналысатындардың пандемия кезінде айтарлықтай көмегі болғанын облыс әкімі ерекше атап өтті. Төтенше жағдай кезінде 4 мыңнан астам ерікті еңбек еткен. Биыл Еріктілер жылында арнайы шағын гранттар тағайындалмақ. Р.Тілеулесовтің айтуынша, 19 жоба байқауға өтініш білдіріп, олардың 11 мақұлданыпты. Әрқайсысына 1 млн. теңге идеяларын іске асыруға беріледі. Жалпы, биыл оқушылар мен студенттердің волонтерлік бағытта белсенділігі байқалып отыр.

Облыс әкімі «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша барғандармен жасалған шарт-тардың 41-і бұзылғанын айтып, себебін сұрады. Оның 17-сі Баянауылда болып шықты. Аудан әкімі оның себебін жас мамандар жоспарын өзгертіп, тұрмыс құрып, қалалық мекендерге қоныс аударуымен байланыстырды. Алайда аймақ басшысы себеп қолдаудың тиісті деңгейде көрсетілмеуінен екенін ескертті. Осы ретте, бірде-бір шарт бұзылмаған Тереңкөл, Павлодар, Май аудандарының тәжірибесіне сүйенуге кеңес берді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz