Кеспетас төсеудегі кемшілік

Алдымен аймақ басшысы Абай көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бірден жаяу жүргіншілер жолына кеспетастың қиқы-шойқы төселіп жатқанын көріп, мердігерге ескерту жасады. Бұл жұмыстарды «Бонус-Строй» фирмасы жүргізуде.

- Сіздердің бұған дейін тағы басқа жобалардағы жұмыс-тарыңыздың сапасына қатысты ескертулер жасадым. Дәл бұлай тротуарға кеспетас төсеу жарамайды. Түні бойы асығыс-үсігіс төселгенге ұқсайды. Мына түрімен бір қыстан да шықпайды. Келесі көктемде қайтадан төсеулеріңізге тура келеді, - деді облыс әкімі мердігер ұйым өкіліне.

Ә.Сқақов жеке үйлер аулаларына кіретін жерлерге жиектас орнатылып, кеспетас төсеудің де қисынсыз екендігін ескертті. Яғни, бұл материалдар техниканың жүруіне лайықталмағандықтан, тұрғындар көлігі арлы-берлі өткеннен кейін жарылып, жарамсыз күйге түсетінін айтты. Абай көшесінің тұрғындары бетонның жобада көрсетілген М-400 маркалы түріне ұқсамайтынын алға тартқан көрінеді. Облыс әкімі бұл материалдың сәйкестігін анықтау үшін арнайы зертханада сараптамадан өткізуді тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы қала әкімі Қайрат Нүкеновке жұмыс сапалы атқарылмайынша, тұрғындар тарапынан ескертулер жойылма-йынша, актіге қол қойылмасын, ақша аударылмасын, деп кесіп айтты. Тұрғындардың бірі Алексей Тансур іргесіне жол жөндеу жұмыстарының жеткеніне қуанышты. Дегенмен, ол жиектастар тротуарлық жерлерде көлденеңінен емес, тігінен орнатылуы тиіс деген пікірін білдірді. Бұл жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі үшін қажет, деді. Мердігер компанияның өкілі кемшіліктерді түзетуге әрі тұрғындардың талап-тілегін ескеруге уәде берді. Мұндағы жөндеу жұмыстары шілде айының ортасында аяқталуы тиіс.

Бұдан кейін облыс әкімі Затон шағын ауданында тартылып жатқан жылу желісінің құрылыс алаңында болды. Жоба алдағы жылу маусымына дейін аяқталмақ. Бұл жылу магистралі биыл қолданысқа берілетін жаңа мектепті жылумен қамтитын болады. Ал келесі жылға тағы 900 метрге желі жобаланбақ. Ол аталмыш шағын ауданда құрылысы жоспарланған 11 көпқабатты үйге жылу жеткізетін болады.

Аймақ басшысы «Ertis Olympic» бассейніне барды. Аталмыш нысан алдында егілген гүлдердің солғын тартқанын көріп, Әбілқайыр Сқақов облыс орталығын көгалдандыру, гүлзарларды күтіп-баптауға көңілі толмайтынын айтты. Шаһар басшысы Қ.Нүкеновке әрбір гүлзарға әкімдіктен жауаптыларды бекітуді тапсырды. Ал былтыр қыркүйекте қолданысқа берілген бассейн алғашқы қыстан сәтті шыққан. Тек төбесінің кейбір жерінен су аққан көрінеді. Құрылыс фирмасы кемшілікті жоюда.  

Усолка жағажайы жайнайды

Облыс әкіміне Усолка жағажайын абаттандыру жобасы таныстырылды. Жобаны әзірлеуші «Архпроект Plus» ЖШС инженері Азамат Шәкіровтің мәлімдеуінше, 1800 метрге созылатын жағажайды абаттандыру екі кезеңге бөлінген. Алғашқысында жұмыстар Бекхожин көшесінен №7 құтқару станциясына дейін жүргізіледі. Екі қабат түрінде болмақ. Үстінде жаяу жүргіншілер, велосипед жолдары қарастырылады. Велосипедті жалға алатын орындар да жобада бар. Ал төменгі бөлігінде тұрғындар суға қарап, тынығып отыруға арналған орындар жасалады. Мұнда орнатылатын орындықтарды су көтерілетін шақта алып тастап, кейін қайта қою мүмкіндіктері қарастырылмақ. Сонымен қатар, балалар, спорт алаңдары, жаттығу құралдары болады. Екінші кезеңі аталған судан құтқару станциясынан «Ertis Olympic» бассейніне дейін бағытталады. Бұл аралық алғашқысына қарағанда тарлау болғандықтан, мамандар мұнда тек жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын, орындықтар қарастыру мүмкін болғанын атап өтті.

Облыс әкімі бұрыннан ағашы бар жерлердің мәселесі қалай шешілетінін сұрады. Жобалаушы ұйым өкілі жасыл желек бірде-бір жерде кесілмейтінін мәлімдеді. Аймақ басшысы орталық жағажайдағыдай гүлзарларды суару мәселесі туындамас үшін бәрін алдын ала ойлас-тыруды тапсырды. Сондай-ақ, Әбілқайыр Сқақов зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына жағдай жасау жағы ескерілсін, деді. Қауіпсіздік мәселелеріне де мән беру жүктелді. Жобалық құжаттар тамызға дейін әзір болады деп жоспарлануда.

- Жағажай жобасын осы маң-дағы үйлердің тұрғындарына таныс-тырыңыздар. Тіпті, ұсыныстарға арналған жәшіктер орнатып, тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ асыңыздар. Жобаны әзірлеуде ұсыныстар ескерілуі керек, - деді облыс әкімі.

Араға бір мүшел салып...

Жаяу Мұса көшесі, 4-үй мекен-жайындағы ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысан күзде араға 13 жыл салып, қайтадан бүлдіршіндерді қабылдамақ. Бұрынғы балабақша ғимараты 2007 жылы денсаулық сақтау басқармасына өтіп, 2017 жылға дейін түрлі бағыттағы орталық қызметін атқарған. Үш жыл қаңырап тұрған ғимаратқа биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы күрделі жөндеу жүргізіліп, алдағы қыркүйекте 10 топқа балалар қабылдауға әзірленуде. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, бұл балабақша аталмыш шағын ауданға аса қажет. Себебі, ең жақыны  Ш.Құдайбердиев көшесі, 4 мекенжайында және Дачный шағын ауданында орналасқан. Ғимарат заманға сай толық жабдықталады. Тілдерді тереңдете оқыту, Lego конструкциялау, бейнелеу өнері сияқты бағыттар ашылады.

Мердігер ұйым басшысы жұмыстар уақытылы аяқталатынын уәде етті. Бүгінде 62 азамат еңбек етуде. Облыс әкімі Ә.Сқақов ғимарат қасбетінің қалай әрленетінін сұрады. Жоба бойынша бояу жоспарланыпты. Алайда мамандар қабырғалары жұқалау нысан термопанельмен қапталса, дұрыс болады деген пікір білдірді. Аймақ басшысы ғимараттың бір қабырғасын бояп, көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ, басқа материалмен қаптаған жағдайда қосымша қанша шығын қажет болатыны есептелмек.

Сүреңсіз аулаға рең кіреді

Облыс әкімі Назарбаев даңғылы 204 мекенжайындағы 18 подъезді үйдің ауласына арнайы барды. Бұған дейін аймақ басшысы аталмыш үйде тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерін құттықтап келгенде ауланың сүреңсіз күйін көріп, кейін қайта оралуды жоспарлаған екен. Яғни, қалай көрік беруге болатынын көріп қайтты. Ардагер ауладағы шұрық-тесік темір шарбақты футбол алаңында балалардың добы сыртқа ұшып, алаңсыз отыруға да мұрша бермейтінін айтыпты.

- Қаламызда соғыс ардагерлері аз қалды. Олар тұратын аулаларды жөндеуге басымдық беру керек деп санаймын. Ақсақалдарға жағдай жасау үшін көп дүниенің қажеті жоқ.  Аулада тұрғындар тынығатындай мүмкіндік болуы тиіс, - деді облыс әкімі Ә.Сқақов.

Аймақ басшысы аталмыш аулаға жаттығу құралдарын, футбол алаңы мен бүлдіршіндер асыр салатын алаң қарастыруды тапсырды.

Биліктен қайыр болмаған соң тұрғындар өздері ескі тақтайлардан жамап-жасқап орындық, үстел орнатып алыпты. Ал №15 подъездің тұрғыны Людмила Мельник бастаған белсенділер есік алдын гүлге орап қойыпты. Ол қолымыздан келгенін жасаймыз, енді билік балаларға алаң орнатып берсе деген тілегін білдірді.

Қос ғимараттағы жөндеу 

Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры ғимараты-ның қасбеті жөнделуде. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында мәдениет ошағының сырты қапталып, жаңа кейіпке енеді. Жобада қасбетті термопанельмен қаптау қарастырылған екен. Алайда сәулетшілер ресейлік керамогранит қолдануды ұсынып отырған көрінеді. «Аттик-строй» ЖШС мердігер ұйым өкілі де сәулетшінің пікірін алға тартты. Аймақ басшысы Ә.Сқақов материалды өзгерту «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының талабына қайшы екенін еске салды. Яғни, шарт бойынша жобаларда қазақстандық материал үлесі 90 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл мәселені өзінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімхановтың қатысуымен тағы бір пысықтауды тапсырды. Жұмыс барысымен танысуда мердігер ұйым өкілі алғашқы аванс түріндегі қаржы аударылысымен жұмыс қыза түсетінін айтты. Облыс әкімі қаржының уақытылы жіберілмеуі өздеріңіздің тиісті талаптарды орындамауларыңыздан, деді. Белгілі болғандай мердігер эскроу-шот ашпаған. Айтуынша, екі жыл бұрын мұндай шоттармен мәселе туындап, биылғы жоба бойынша бас тартыпты. Бірақ, түсіндіру жұмыстарынан кейін мердігер ескроу-шот ашуға келісімін беріпті. Ал бұл - қазіргі таңда облыс билігінің қойып отырған басты талаптарының бірі. 

- Мемлекеттің, халықтың қаражаты қайда жұмсалып жатқаны көрініп тұруы тиіс. Бүгінгі күні барлық төлемдер ақшаны аудару арқылы іске асатынын білеміз, демек, қаражатты шоттан қолға алудың қаншалықты қажеті бар?! Тек жалғыз мақсат болуы мүмкін. Қолма-қол ақша жүрген жерде көлеңкелі экономика болады, - деді облыс әкімі.

Аталған мәдени ошақтың іргесіндегі спорт ғимараты – «Батыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде де күрделі жөндеу жұмыстары қызу. Бұл ғимарат 80-ші жылдардан бері жөндеу көрмеген. Мұнда барлық жылу, су, электр желілері, едені, есіктері мен терезесі ауыстырылып, төбесі жөнделеді. Қыркүйек айында толық аяқталады деп жоспарлануда. Әбілқайыр Бақтыбайұлы мердігер ұйым басшылығына жұмыстарды уақытылы, бастысы, сапалы іске асыруды тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі «Batyr Mall» сауда-ойын-сауық орталығының, «Спецмашин» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен танысты.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz