Өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті көшпелі брифингі барысында аталмыш жобалардың бірқатарын көзбен көріп қайттық.

Ауданға сапарымыз Ертіс ауылынан басталды. Мұнда жергілікті тұрғын Жауда Әбенов бие байлап, қымыз өндірісін қыздырып отыр. Алғашында жерлестерінен жылқы сүтін сатып алып, қымыз жасау- мен айналысқан. Кейін өз жеке шаруашылығын ашты. Ал 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 2,5 млн. теңге несие алып, жылқы басын көбейткен.

- Бүгінде кәсібімді ашып, нәсібін көремін деген азаматтар үшін мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп отыр. Мысалы, мен үстемеақысы небары 6 пайыз болатын несиеге қол жеткіздім. Қорада 27 бас жылқым бар. Соның ішінде, 9 бие сауып отырмын. Күніне 50 литр қымыз өндіреміз, - дейді «Әбенов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Ж.Әбенов.

Осылайша Жауда Сәрсенбайұлы отбасылық бизнесті дамытып отыр. Оған жұбайы мен екі ұлы қолғабыс етуде. Ертістіктердің айтуынша, «Әбенов» ЖК-нің қымызы өзіндік брендке айналған. Жергілікті жұртшылық оны «Жауданың қымызы» деп таниды. Сапасы жоғары. Алайда, кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жылқы басын еселеп арттырып, ауданда алғашқы болып қымызхана ашпақ ниетте.

Қуанарлығы, ауданда бизнеске бет бұрған жастар қатары артуда. Солардың бірі – Дархан Оразбаев. Жас кәсіпкер аудан орталығында автокөліктерге қызмет көрсететін кешен құрылысын қолға алған. Әзірге екі ай бұрын ашылған техникалық қызмет көрсету орталығы жұмыс істеуде. Бір демде 11 көлікке қызмет көрсете алатын қауқары бар. Заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Ал жақын болашақта автокөлік бөлшектерін сататын дүкен, қонақүй және азық-түлік дүкені келушілерге есігін айқара ашпақ.

- Ауданда темір тұлпарлардың саны артып келеді. Бірақ оларға сапалы қызмет көрсететін орталық жоқтың қасы. Сондықтан осы кәсіп түрін бастауды шештім. Бизнесті амытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама арқылы 19 пайыздық үстемемен 20 млн. теңге көлемінде несие алдым. Оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайтын болды. Бұл – өте тиімді. Аталған қаражатқа жалпы аумағы 700 шаршы метрді құрайтын ғимараттарды сатып алдым, - дейді Д.Оразбаев.

Кәсіпкердің болашаққа деген жоспары да ауқымды. Ауданда жаңа автокөлік сататын салон ашуды армандайды.

Ертіс ауылында өндірісі 20 жылдан астам уақыт бойы тұралап тұрған диірмен жұмысы қайта жанданды. Қайта өңдеу өнеркәсібін қолға алып, жұртшылыққа қажетті өндіріс ошағына «жан бітірген» жергілікті кәсіпкер - Құлмұрат Разиев. Алғашында ауыл шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтар сататын дүкен ашып, бизнесін дөңгелеткен. Біршама уақыттан кейін жеке өндірісін ашуға ниеттенген. Дәл сол сәтте оған 1994 жылдан бері өндірісі тоқтаған диірменді сатып алуға ұсыныс түскен.

- Диірмен ғимаратын сатып алып, біртіндеп қайта қалпына келтіре бастадым. Барлық жұмысты өзімнің жеке қаражатымның есебінен жүзеге асыруға тырыстым. Сондықтан нысанды іске қосқанға дейін 10 жылға жуық уақыт өтті. Есесіне ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, құрал-жабдықтарын жаңарттым, - дейді кәсіпкер.

Диірмен тәулігіне 5 тонна ұн өндіретіндей қуатқа ие. Өнімді жергілікті наубайханаларға тапсырады. Павлодар қаласынан да сұраныс бар. Әзірге мұнда төрт адам еңбек етуде. Күзге дейін тағы екі жұмыс орны ашылмақ. Жалпы, ауданда бұдан бөлек екі ірі және бірнеше ұсақ диірмендер бар. Алайда, кәсіпкер бәсекелестіктен қорықпайтынын айтып отыр. Себебі Ертіс астықты аудан. «Өндіріске қажетті бидайдан тапшылық көрмейміз», - дейді кәсіпкер.

Биыл Панфилов ауылында су құбыры салынуда. Құрылысы мамыр айының басында басталған. Қазірдің өзінде 4 шақырымға жуық су құбыры салынды. Мердігер жұмыстарды мерзімінен бұрын аяқтаймыз деп құлшынып отыр. Нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның жалпы құны 575 млн. теңгені құрайды. Нәтижесінде, ауылда 200 үйдің барлығы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылмақ. Атап өтерлігі, ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында мердігер тереңдігі 800 метрден асатын ұңғыма қазуға мәжбүр болып отыр.

Жалпы, Панфилов ауылында атқарылып жатқан игілікті шаралар көп. Қазіргі кезде жергілікті мектепке жаңадан модульдік қазандық орнатылуда. Себебі, ескі қазандық мектепке жапсарлас орналастырылған. Бұл қауіпсіздік талаптарына қайшы келеді дейді мамандар. Жоба құны 19 млн. теңгені құрайды. Модульдік қазандықтардың артықшылығы оның үнемділігінде. Жылуды ұзақ уақыт ұстап тұра алатын қасиетіне байланысты онда типтік қазандықтарға қарағанда бірнеше есе аз көмір жағылады. Дәл осындай модульдік қазандықтар ауданның Қарақұдық, Қызылағаш ауылдарында да орнатылады.


Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz