Лездеме

Лездеме. Кезекті нөмірге қатысты негізгілерін ғана сөз еттік. Арқаны кеңге салатын сәт емес бұл. Әрқайсымыз беретін материалдарымызды атап шықтық. Жауапты хатшымыз қағазына түртіп алды. Басшылық бірлесе олардың әрқайсысының орнын сайлады. Нөмірге баруы тиіс бүгін болатын кездесулер келісілді. Лездеме атына сай лезде өте шықты. Осымен тарқастық...

Журналистер қосыны

Ал кеттік... Жүгіріс енді басталды. Журналистердің «жарысы» іспеттес. Арлы-берлі ағылу. Өйткені, бүгін - «газет күні».

Жалпы, бұл екі сөзді естігендеріңіз бар ма? Газетте жұмыс істейтін дос-жараныңыз, туыс-туғаныңыз, танысыңыз болса, әлбетте, құлағыңыз шалғаны анық. Газет жұмысының қыр-сырына қанық болсаңыз, оның қаншалықты маңызды екенін жақсы білесіз.

«Газет күні». Біз, газет журналистері үшін бұл екі сөз - «қауырт», «шапшаңдық», «қарбалас», «тығыз», «қырағылық» деген сөздермен мағыналас. Өйткені, бұл күні артық-ауыс уақытымыз болмайды. Ырғалып-жырғалып жүруге хақымыз жоқ. Оқырманымызға жол тартатын әрбір материалымыздың артық-тыртықсыз аттануына жауаптымыз. Мақалалардың үтір-нүктелеріне дейін түгендеп жатырмыз. Әлбетте, ерте жазылып, ерте қатталған мақалаларымыз «газет күніне» дейін түзеліп, «теп-тегіс жұмыр келіп айналасы» оқырманға жол тартуға әзір тұр. Ал «газет күні» болған, шұғыл түрде алдағы нөмірде жарық көруі тиіс жағдайларды жазуда қимылымызды ширатамыз. Нұржайна, Фархат, Жарқынбек, Данияр, Айдана, Қарлығаш, Алпысбай, Құндыз, Мерекелер бұл күні материалдарының артық-кемін анықтап, ақ параққа шыққан туындыларына тағы бір үңілуде. Оқырманның алдындағы жауапкершіліктің әсері болар, әйтеуір қабақтары қатулы...

«Газет күніміздің» соңына қарай шұғыл тапсырма түсті. Одан үркетін біз жоқ. Бойымыз үйренген. Жұмысымыздың ерекшелігі де – осында. Ойымызды жинақтап, аз уақыттың ішінде тапсырманы тап-тұйнақтай орындап тастадық. Кейін келсе де, ол нөмірге жолдамасын алып кетті. Әрине, айта салғанға бұл оңай көрінуі мүмкін. Алайда, осы сәттегі жауапкершілігіміз «жай күндергіден» еселене түсті. Қаншама адам бір журналистің материалын асыға күтіп отыр. «Көпті кешіктірмейін, мақаламнан ағаттық кетпесін» деген ой да асыққанда айтарлықтай ауыр болады емес пе?!

Не керек, ерте дайындалғаны бар, кейінгісі бар, буылып-түйіліп, барымыз «Хатшылыққа» аттанып, біз «ух» деп терең тыныстадық...

Хатшылық

Абыр-сабыр хатшылықта қызды. Хатшылықтағы ханымдар мен мырзалар қабылдаған мақалалар мен хат-хабарларды «құтты орнына» қондыруға кірісті. Компьютерге үңіле, саусақтары пернетақта мен тышқан тетігін сырт-сырт басқан төрт беттеушіде тыным жоқ. Санитас апай мен Нұрлан ағаны, Маржан мен Ерболатты бұл күні мүлдем мазалауға болмайды. Біздің материалдарымыз бен қашан да қырағылық танытып жүретін Дархандай фотографымыздың фотосуреттерінің барынша үйлесім тауып, бірін-бірі толықтыра түсуіне күш салуда. Әр мақаланың орналасатын беті де ауыспауын қадағалап әлек. Себебі, саяси тақырыппен ойын-сауықтық мақалалар қатар жайғастырылмайды.

Реттеліп, безендірілген дайын беттер бірінен соң бірі корректор апайларымыз – Айман мен Зәмзәгүлге аттанды. Қолдарынан қашанда қаламдары түспейтін қос түзетушіміз ақ қағазға шығарылған мақалалардың әр жолын мұқият қарап, қате кеткен тұстарды түзетіп жатыр. Компьютерлік нұсқасына дұрысын енгізіп, беттеушілердің қолына өткізді. Осы «жетеуге» басшылық ететін «хатшылық» қожайыны Сая апайы-мызды (Молдайып) «газет күні» «ұстау», тіпті, қиын. Зыр жүгіріп жүр. Қолындағы жоспарына жүз қарап, алдын ала белгіленген мақалалардың толық қатталуын қадағалап жүр. Бірі де ұмыт қалмауы қажет қой. Ертеңнен күтетін оқырманы, іздеушісі бар.

Беттер хатшылықтың «қазанында қайнап», бабына келтірілді де редактордың орынбасары Мұрат Аяғановқа келіп түсті. Сүзгіден өтті, беттелуге қатысты хатшылыққа ойын айтты. Келісе, кеңесе отырып, ортақ тоқтам жасалды. Журналистерден шығып жолда бәлен аялдамаға тоқтап, бірі «арып», бірі «семіріп», бірі «құлпыра түскен» мақалалар соңғы нүктеге жетті. Редактор Нұрбол Жайықбаев алдына түскен әр беттегі материалдың орналасуы мен тақырыптың дұрыстығын електен өткізді. Кем-кетігін түзетіп, ертеңгі нөмірдің «бет-әлпетін» әрлеп, қолын қойды...

«Ұшып» кетті

Осылайша, сан сатыдан өткен газетіміздің кезекті нөмірі Естай көшесінен Ленин көшесіне әп-сәтте «ұшып» кетті. Баспаханада басылып, дап-дайын газет нөмірлері ертең сіздің қолыңызға түседі. Күтіңіз...

Айтпақшы, мақалалардың да «бағы» болады. Бірі тұтынушысына «әп-сәтте ұшып кетсе», бірі «жайланып тұрып жата береді». Лезде ұшып кететіндердің «бағы бес елі». Кейде ерте қатталса да, кеш кететін кейбірі кейін келіп, «суырылып аттанатындарға» кейіп қарайтындай сезіледі...

Кейде «мықтап жайғасып, әне-міне кетейін» деп тұрғанның да қонған орнынан үркітіп жіберетін жайлар болады. Беттің басына орналасып алып, «ертең сізге «төрден» сәлем бере, жетемін» деп отырғанда, сырғып төменге түсетіндер де бар. Нөмірден қалмай кететіне «тәубе» деп тұрғанда, тағы бір «дөкей» түссе, ол орын да «көзден бұлбұл ұшады». Осылай, «бағы жанбай» келесі-і-і нөмірлерден орын күтеді...

P.S. Оқырмандарымыз жиі телефон шалып, газетімізде жарық көрген мақалаларға қатысты ойын айтып, пікірін білдіреді. Енді бірі, арнайы келіп, жүздесіп, дидарласып кетеді. Осындай сәттерде журналистердің кейде асыға, жүре сөйлеп, «аға, бүгін «газет күні» еді», «апа, жұмысым көп еді» деп әңгімені барынша қысқа қайыруға әрекеттенсе, айып етпеңіздер. Себебі, бүгін – «Газет күні!»

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz