Жанат Тұрғанбек Павлодар облысы Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауылында 1949 жылы 12 шілдеде дүниеге келді. Жергілікті орта мектепті бітірген соң Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, 1977 жылы үздік бітірді.

Журналистік еңбек жолын облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде тілші болып бастап, осы басылымда өмірінің соңына дейін қызмет
атқарды.

Жанат Тұрғанбек өзінің баспасөздегі 20 жылдық қызметінде алғыр публицист, ізденгіш журналист ретінде танылды. Оның қаламынан әйгілі бабаларымызды таныстыруға бағытталған танымдық дүниелер, өткір мәселелерді қаузаған материалдар, әңгімелер, сүбелі туындылар шықты. Жанат ел тарихын, тұлғаларын, шежіресін жетік білетін. Жастайынан тірі «шежіре» – ауыл қарттарының әңгімелеріне, ғибратты асыл сөздеріне құлақ түріп өскен ол бабаларымыздың шешендік өсиеттерін жатқа айтатын. Әзіл әңгімеге де шебер болды. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында қоғамда абыройлы, ортаға сыйлы еді. Амал не, бойындағы барын, ойындағы нәрін жарқыратып бере алмай, дүниеден ерте кетті. Жанат Тұрғанбек 1997 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Бірақ есімі ел есінде мәңгілік сақталады.

Журналист Жанат Тұрғанбекке

Журналист ол ақынша толғанатын,
Тұғырдағы қырандай қомданатын.
Талапкердің өлеңін тартпасынан -
Бісміллә, - деп ақырын қолға алатын.

Жүз рет өңдеп әйтсе де сол өлеңді,
Редакторлық бейнетке көнеді енді.
Баянтау мен Ертістен іздеген соң,
Қайта туған Қасым мен Төлегенді.

- Келеді екен келбеті ақын ұлға,
Тұтанбаған от бар, - деп, - заты мұнда.
Өңдей-өңдей өлеңін талапкердің
Өзі жазып шығады ақырында.

Арман ҚАНИ, 1992 жыл.

 

Қош бол, бауырым

Көңілді тағы да зіл қайғы басты,
Кетіп жатыр арадан өңкей жақсы.
Жердің үсті тар еді неткен мұнша -
Неткен жебір кең еді жердің асты.

Жақсы інім, көпке әйгілі парасатың,
Жас демей жасы үлкендер санасатын.
Құйма құлақ аталы сөз иесі -
Затыңа Жанат атың жарасатын.

Амал не көтереміз қазаңды ауыр,
Қабыл ал, перзентіңді Баянауыл.
Есімің есімізде жүрері анық,
Жаннатта болсын орның, Жанат бауыр.

Бақи ӘБДІҚАДЫРҰЛЫ, 27 мамыр 1997 жыл.

saryarka-samaly.kz