Облыстық орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінде Айт намазы басталардан жарты сағат бұрын өкіл имам Нариман Ермекұлы уағыздар айтты.

Келесі кезекте Мәшһүр Жүсіп мешітінің кең ауласында қалалық «Ақмешіт», «Ғазиз», «Әбу Бәкір Сыддық», «Бижан», «Ар-Рахман» мешіттері бірлесіп ұйымдастырған «Ораза Айт - берекелі мереке» атты мәдени-рухани-спорттық шаралар сағат 14.00-ден 18.00-ге дейін жалғасты. Бұрын-соңды болмаған бұл аста-төк ерекше мерекелік шараға шамамен 10 мыңға жуық қала тұрғындары келіп тамашалап, белсене қатысты. Балаларға арналып тәтті тағамдар арзан бағамен сатылды. Мешіт ауласына тұрақты орналасқан 6 қанат ақ орда да келушілерді ыстық ықыласпен қарсы алып, даяшылық жасады.

Өкіл имам барша жұртты Айт мерекесімен құттықтап: Бұл - исі мұсылман жұрты үшін құрметті болған, қадірлі һәм қасиетті мейрам. Бүгінгі шара – сіздердің, халықтың осы мерекені шынайы сезініп, ықыласпен тойлатып, дүбірлетіп, мәз-мейрам, шат-шадыман күйде өткізсін деген ниетпен жасалып отыр. Мерекелеріңіз мүбәрак болғай, - деді.

Жастар арасына дәстүрлі қазақ күресі, арқан тарту, қол күрестіру, гір көтеру қатарлы спорттық ойын-шаралары ұйымдастырылса, жасөспірімдер мен балдырғандарға арнап мешіт ұстаздары Құран жарысы, көңілді старт, викторина, өлең-тақпақтар мәнерлеп оқу, тоғызқұмалақ қатарлы әртүрлі ұлттық ойындармен қатар иләһи ән-күй бәсекелерін қыздырды. Сонымен қатар, алтыбақанда ойнаған қыз жігіттер Айт көркін айшықтай түсті.

Спортық сайыстарда оза шапқан команда мен жеке жеңімпаздарға арнайы сый-сияпат жасалып, диплом табыс етілсе, әрбір іс-шараға қатысқан барлық бүлдіршіндерге 800 мың теңгенің ойыншықтары мен сыйлық кітаптары тегін үлестірілді.

Бұл күні «Барыңмен бөліс!» қайырым-дылық қызметі де демеушілер арқылы 30 отбасына азық-түлікпен, әртүрлі мұқтаждыққа тап болған 8 адамға ақшалай көмек көрсетіп, шалғайдағы екі ауылға халықтан жиналған киім-кешектерді табыс-тады.

Шара соңында Мәшһүр Жүсіп мешітінің ауласында 18 үлкен қазанға Айт мерекесіне орай арнайы басылған дәмді палау, 5 мың литр минералды су және 5 мың бөлке ақ наннан жиналған қауым мешіт ауласындағы көгалға жайылған кілемдер үстіне отырып, түгелдей дәм татып, «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып ерекше қуанышқа бөленді.

Отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі.

Мәшһүр Жүсіп мешітінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz