Қалай құтқаруға болады?

Алмас, Павлодар қаласы:
- Шомылу маусымы басталғалы бері оқыс оқиғалар жиі орын алуда. Суға түсу ережесін сақтамай, рұқсат етілмеген орында шомылған азаматтар қайғылы жағдайға душар болып жатады. Бірақ көпшілік мұндай жағдайлар орын алғанда суға батқан адамды қалай құтқаруды білмейтіні шын. Ол үшін қалай әрекет ету керек?

Сауалға облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Сергей СЫТНИК жауап береді:

- Суға кеткен адамға жәрдемдесудің бірнеше тәсілі бар. Біріншісі – құтқарушы суға батып бара жатқан адамды қол астынан ұстап, шалқасынан жүзе отырып сүйреп шығара алады. Екіншісі – суға батушыны бір қолмен шашынан немесе жағасынан ұстап, басын су бетінде ұстауға тырысып, жағаға қарай жүзеді. Үшіншісі – суға батушының екі қолынан ұстап артқа қарай тартып, өзі сол қолын оның қолының астынан арқасына өткізіп, екінші қолымен шынтағынан жоғары ұстап, бір қырымен жүзеді. Судан шығарғаннан кейін әлгі адамды арқасынан ұстап, еңкейтіп, ішіндегі суды шығаруы керек. Адам суға батқанда 0,5-2 литр су жұтып қояды. Одан соң, зардап шегушінің аузын құмнан, лайдан тазарту қажет. Егер адам дем алмаса, «ауыздан ауызға» әдісімен жасанды дем алдыру керек. Басын шалқайтып, екі саусақпен мұрнын басып, минутына 18-20 рет жиілікпен аузына үрлейді. Суға мас күйде түсуге, тыйым салынған жерлерде шомылуға болмайды.

Ауланы бүлдіріп кетеді

Айнұр, Павлодар қаласы:
- Лермонтов көшесінде орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде тұрамын. Кешкі уақытта подъездің алдында жасөспірімдер жиі жиналады. Түнімен шулап, тұрғындарға ұйқы бермейді.  Шекілдеуік, темекінің қалдықтарын тастап кетеді. Оларды қалай жөнге салсам болады?

Павлодар облыстық прокуратурасы 4-ші бөлімінің басшысы Ренат РАХМЕТОЛЛА жауап береді:

- Мұндай бұзақылықтың алдын алу мақсатында еліміз бойынша тұңғыш рет Павлодар өңірінде «Zero Tolerance» пилоттық жобасы қолға алынған болатын.  Сіз мобильді қосымшаны PlayMarket және  AppStore электронды дүкенінен  жүктеңіз.  Сөйтіп, жоғарыдағы тәртіпсіздікті ұялы телефон арқылы суретке, бейнежазбаға түсіріп, қосымшаға жолдай аласыз. Тәртіпсіздіктің нақты қай көшеде орын алғаны жөнінде пікір қалдыруыңыз керек. Жобада арнайы мекемелердің ұяшықтары орнатылған. Қазіргі уақытта  ішкі істер департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, денсаулық сақтау басқармасы, тұрғын  үй инспекциясы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау департаменттері енгізілген. Егер мәселеңізге нақты қандай орган жауап беретінін білмесеңіз, кез келгеніне жолдаңыз. Кезекші оператор өзі реттейді.

Үй алсам деп едім...

Меруерт, Екібастұз қаласы:
- 2 жылдың ішінде 2,5 млн.теңгеге жуық қаржы жинадым. Бірақ Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы емеспін. Қолымдағы қаржыға 1 бөлмелі пәтер алсам деп едім. Маған Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі көмектесе ала ма?

Сауалға  Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі  Павлодар облыстық филиалының кеңесшісі   Жұлдыз СМАҒҰЛОВА   жауап береді:

- Сіз  Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болмасаңыз да, пәтер алу мүмкіндігіне ие бола аласыз. Бірақ сізге жаңа пәтер берілмейді. Жинаған қаражатқа ескі тұрғын үйлерден пәтер іздеуіңізге болады. Баспана иесімен келіскен жағдайда біздің банкке жүгіне аласыз. Мамандар  құжаттарыңызды тексереді. Егер барлығы талапқа сай келсе, сізге 50 пайыз көлемінде несие беріледі. Бастысы, пәтердің жарты сомасы жиналса болғаны.

Қалай тексеремін?

Алуа, Ақсу қаласы:
- Жолдасыммен ажырасқалы алиментке арыз бергенмін. Ол ай сайын тұрақты түрде берешекті қайтарып келеді. Бірақ соңғы 5 айда жолдаған сомасының көлемі әртүрлі. Аударған қаржысының мөлшері азайып барады. Қызымның әкесінің жалақысын қалай тексере аламын?

Сауалға Павлодар қалалық сотының судьясы Бақыт СӘТИЕВА жауап береді:

- Мәселеңізбен тек сот орындаушылары айналыса алады. Себебі сот шешімі осы мамандардың қолында. Олар борышкердің  жұмыс орнынан жалақының мөлшері туралы анықтама сұратады. Бірақ ай сайын тек бір ғана мөлшерде қаражат төленуі мүмкін емес. Себебі борышкер жұмыс орнын ауыстыруы немесе жұмыс сағаты азаюы мүмкін. Аударған сомасы жұмыс орнынан жолданса, алаңдауға негіз жоқ.

Үстеме жұмысқа тарта ала ма?

Айдар, Шарбақты ауданы:    
-  Менің інім мектепте мұғалім болып қызмет атқарады. Жақында бастығы қызметінен тыс мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған. Еңбек демалысына да әлі шықпады. Жұмыс берушінің қызметкерді үстеме жұмысқа тартуға құқы бар ма?

Облыстық еңбек басқармасы басшысының орынбасары Марат ҚАБЖАМИТОВ жауап берді:

- Мектептің  ішкі жағдайына байланысты жұмыс берушінің қарауындағы  кез келген қызметкерге қосымша жұмыс ұсынуға құқығы бар. Егер қызметкер осы ұсынысқа келісімін берсе, екі жақты еңбек шарты жасалады. Яғни, екінші атқаратын қызметі үшін қосымша жалақы төлеу мәселесі  бекітілуі тиіс. Ал қызметкер келісімін бермеген жағдайда, оны мәжбүрлеп қосымша жұмысқа тартуға тыйым салынады. Ортада өзара келісім болуы керек.

Талапқа сай орнатылмаса...

Айгүл, Павлодар қаласы:
- Жақында мемлекеттік мекемелердің бірінде ҚР  Мемлекеттік Туы талапқа сай қойылмағанын көрдім. Мемлекеттік рәміздердің стандарт талаптары бұзылған жағдайда заңға сәйкес қандай шаралар қолданылады?
 
Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек ӘЛІБАЕВ жауап береді:

- Ай сайын мемлекеттік рәміздердің қолданылу талаптарын тексеру мақсатында  әкімдік және ішкі саясат басқармасында бекітілген кесте бойынша мониторинг жүргіземіз. Рәміздерді қолдануда  қателіктер орын алған жағдайда  ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 418-бабы бойынша  жеке тұлғаларға 50, шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйымдарға 100, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 150, ірі кәсіпкерлікке 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Қарызды өндіру мүмкін бе?

Бақытгүл, Баянауыл ауданы:
- Жолдасыммен ажырасқанымызға 7 жыл. Ұлымды жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Қазір балам 14 жаста. Әкесі тарапынан ешқандай көмек көрсетілмей келеді. Кәмелет жасқа толғанға дейін алиментке арыз жаза аламын ба? Сондай-ақ, бұған дейін төленбеген қарызды өндіріп алу мүмкін бе?

Сауалға Павлодар қалалық сотының судьясы Бақыт САТИЕВА жауап береді:

- Әрине. Балаңыз 18 жасқа толғанға дейін әкесі алимент төлеуге міндетті. Сіз арыз беру үшін сотқа барып, өтініш жазуыңыз керек. Өзіңізбен бірге балаңыздың туу туралы және неке бұзу туралы куәліктерді алуыңыз қажет. Өтініш 3 күн ішінде қаралады. Құжаттар толық дайын болған соң әкесі баласына алимент төлеуге міндеттеледі. Бірақ оған дейінгі қарызды өндіре алмайсыз. Себебі алимент арыз жазылған күннен бастап төленуі тиіс.

Атасының сыйлығы еді...

Дариға, Май ауданы:
- Ұлым 8  жаста. Былтыр атасы оған ауылдағы үйін сыйлаған болатын. Балам оған иелік етуге әлі кішкентай. Кәмелет жасқа толмаған  баланың ата-анасы ретінде әлгі баспананы сата аламын ба?  

Сауалға заңгер Сәбина ШӘПЕНОВА жауап береді:

- Атасы үйін немересінің атына жаздырып қалдырса, баспана иесі балаңыз болып табылады. Сондықтан ол 18 жасқа толмай, сіз үйді сата алмайсыз. Тұрғын үй ұлыңыздың атына жазылғандықтан, ол үйге толықтай өзі ғана жауапты. Кәмелет жасына толған соң, қағаз жүзінде сізге  рұқсат бере алады. Сол кезде ғана сатуыңызға болады.

saryarka-samaly.kz