Біздің анықтама:

Туған күні:

04.02.2000 жыл

Ойнайтын клубы:

«Ертіс» жасөспірімдер командасы

Ойнайтын позициясы:

сол қапталдағы қорғаушы

Үлгі тұтар ойыншысы:

Стефан Живкович («Ертіс») және Виейра Марсело («Реал Мадрид»)

 

Ертіс Әлназаров – болашағынан зор үміт күттіретін спортшы. Бұл - жаттықтырушысы Асхат Мұсатаев берген баға. Білікті бапкердің айтуынша, небары 17 жасар футболшы қазірдің өзінде-ақ ала допты шебер ойнатып, жасыл алаңда қарсыластарын қапыда қалдырып жүр. Ертіс соңғы екі жыл дересінде футбол орталығында Асхат Нұрланұлының жетекшілігімен жаттығады.

Биыл «Ертіс» футбол командасының жасөсіпірімдер құрамасы сапына ресми түрде қабылданып, бірнеше жауапты матчқа қатысып үлгерді. Бұған дейін спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта Евгений Беловтың, Андрей Булановичтің қол астында жаттығып, аяқ доп ойынының қыр-сырын үйренді. Ал биыл аталмыш білім ордасын тәмамдап, спорт саласындағы жолын әрі қарай жалғастыру үшін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетінің студенті атанды.

- Кішкентайымнан футболға әуес болдым. Ата-анамның айтуынша, енді ғана аяқ басып, жүре бастағанымнан-ақ доп теуіппін. Мектепте оқып жүргенімде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бауыржан Мұқышевтің жетекшілігімен достарымызбен команда құрып, туған ауылдың атын талай турнирде абыроймен қорғадық. 7-сыныпта Павлодар қаласына қоныс аударып, спорт мектебінде білім алуды жөн деп шештім. Екі жыл бұрын «Ертіс» клубының футбол орталығына іріктелген жасөсіпірімдер қатарынан табылдым. Қазіргі таңда сол жақтағы қорғаушы ретінде «Ертіс» жасөспірімдер құрамасында ойнаймын. Жаттықтырушыларым қорғаушы өз қақпасын қорғауда ғана емес, шабуылды бастауда да мықты болуы тиіс деген талап қояды. Сол талапты орындауға тырысып жүрмін. Келешекте «Ертіс» футбол командасының негізгі құрамасы сапында ел біріншілігінде ойнап, павлодарлық команданың чемпион атануына өз үлесімді қосқым келеді, - дейді жас футболшы.

Ертістің шеберлігінен бөлек, есімі де көпшілік назарын аудартады. Өзімен аттас клубта ойнауын бұйырған бақ деп пайымдайды ол.

- Мен дүниеге келген 2000-ыншы жылы «Ертіс» футбол клубының аты дүрілдеп, тіпті шетелдіктердің қызығушылығын тудырған екен. Жарты жыл бұрын, яғни 1999 жылы кезекті рет ел чемпионы атанып, жанкүйерлерін қуантты. Сол сияқты менің де ел құрметі мен қошеметіне бөленіп жүруімді қалап, ата-анам осы есімді таңдаған көрінеді. Оған қоса, мен туған Ақтоғай ауданындағы Мүткенов ауылы Ертіс өзенінің жағасында орналасқан, - дейді Ертіс Әлназаров.

«Ертістің» Ертісі жанкүйерлер сенімі мен үмітін ақтасын деп тілейміз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz