Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында Қазақстан халқының кемінде 30% бұқаралық спортпен айналысуы керектігін атап көрсеткен еді. Бүгінде Павлодар облысы бойынша спортпен тұрақты түрде айналысатындардың саны өңір тұрғындарының 29,5%-ын құрайды. Бұл - республика бойынша үздік үштікті қорытындылайтын көрсеткіш.

Облыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған 27 спорттық мектепте 21993 жеткіншек спортпен шұғылданады, олардың 6630-ы - ауыл жастары.

Павлодар қаласында спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында 306 оқушы оқиды. 299 жас спортшы спорттық шеберлік мектебінде, сондай-ақ олимпиадалық резервті даярлау орталығында 55 спортшы тәлім алуда. Жыл сайын облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы ұйымдастыратын спорттың олимпиадалық, ұлттық және халықтық түрлерінен облыстық кешенді спартакиадаға ұзын саны 15 000-нан астам адам қатысады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да спортпен айналысуы назардан тыс қалған емес. Биыл тірек-қозғалыс аппаратының және көру мүшесі зақымданған жандар арасындағы облыстық спартакиадаға 120-дан астам адам қатысты. Сондай-ақ «Астана күні» қарсаңында 30 шақырым қашықтыққа дуатлон бойынша жарыс өткізілді. «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне орай, дуатлоннан Павлодар облысының ашық чемпионаты өткізілді. Оған облыстың атақты спортшылары, қала мен аудан өкілдері мен 500-ге жуық әуесқой спортшылар бақ сынады.

2017 жылғы 24-27 тамыз күндері аралығындағы кезеңде Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркінде Қазақстан және ТМД елдері туристері достығының «Ертіс меридианы-2017» атты ХХVII өңіраралық слетін өткізу жоспарлануда. Ал 11-16 қыркүйек аралығында облыс спортшыларының Ақтөбе қаласында өтетін «Ақбидай» VI республикалық ауылдық ойындарына қатысуы жоспарланған. Сондай-ақ, 15-24 қыркүйекте Атырау қаласында мүгедектер арасында Қазақстан Республикасының V спартакиадасы өтеді. Онда Павлодар облысының құрамасы спорттың 9 түрі бойынша бәсекеге қатысатын болады (жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу, пауэрлифтинг, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, оқпен ату, таэквондо). 2017 жылғы қаңтардан бастап облыс әкімінің бастамасымен өңірдегі 200 мектепте шахмат үйірмелері жұмыс жасауда. Бұл бастамаға облыс бюджетінен 126,0 млн. теңге бөлінген. Жалпы, 2016-2017 оқу жылындағы спартакиадалар мен жарыстардың барлық кезеңдеріне 92 мыңнан астам оқушы қатысады деп жоспарланған.

Бүгінде облыста материалдық базаны нығайту, спорттық құрылыстарды қайта жөндеу және салу бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Білім беру ұйымдарында 390 спорт залы, 1192 спорт алаңы, 200 бейімделген үй-жайлар, 11 жүзу бассейні, 162 ату тирі, 326 гимнастикалық қалашық, 55 хоккей корты бар. Мектеп және колледждер аумағында жасанды жабындысы бар 55 спорттық алаң жұмыс істеп тұр.

Биыл Павлодар медициналық колледжінде жасанды жабындысы бар стадион салынды. Сондай-ақ, 2016-2017 оқу жылында Павлодар политехникалық колледжінде спорттық жаттығу залы пайдалануға берілді.

Мектептердегі спорт залдардың материалдық базасын нығайту үшін 2017 жылы облыс бюджетінен 162,1 млн. теңге бөлінген. Әлеуметтік жоба шеңберінде «Samruk-KazynaTrust» қорының көмегімен облыстағы 70 мектепте 248,5 млн. теңгеге спорттық құрал-жабдықтар сатып алынған. Қазіргі уақытта облыстағы спорттық мекемелердің құрал-жабдықпен қамтылу көрсеткіші 88,3%-ды құрайды. Өңірдегі аз жиынтықты 55 мектепте спорт залдары жоқ. Оның 2-уі қалалық мектеп болса, 55-і - ауылдық жерлерде орналасқан мектептер.

Павлодар облысындағы 147 ауылдық округте спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушылардың жалпы саны 255 адамды құрайды. Оның 121-і - білім беру саласында қызмет ететін мамандар. Ауылдық округтерде спорт жөніндегі әдіскер-мамандардың тапшылығы Ақтоғай, Май, Павлодар, Успен аудандарында және Ақсу қаласының ауылдық аймақтарында байқалып отыр.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында облыс бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін барлығы 101 спорттық нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Атап айтсақ, Павлодар қаласында жеңілатлетикалық манежді және жекпе-жек залын салуға арналған жобаның сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сонымен қатар, құрамында ескекші арнасы, биатлон, триатлон тас жолдарын ел игілігіне беру де алдағы уақыттың еншісінде.

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ

saryarka-samaly.kz