Ойын Глазгодағы «Селтик Парк» стадионында өтті. Оны тамашалауға келген жанкүйерлердің қарасы да көп болған. Шотландтықтар өз жерлестерін барынша қолдауға тырысты. Себебі «Астана» командасы да оңай шағыла қояр жаңғақ емес еді. Қалай дегенмен, Қазақстанның чемпиондары. Онымен қоса, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде мадридтік «Атлетико» сияқты мүйізі қарағайдай футбол командаларына қарсы тұрып, суырылып шыққан. Бірақ бұл жолы Станимир Стойловтың шәкірттеріне сәттілік серік болмады.

Жерлестеріміз кездесуді тартысты бастады. Ойынның 20-шы минутында қонақтар сапынан жартылай қорғаушы Серікжан Мұжықов қарсыластар қақпасына қатты соққы бағыттап, алғашқы қауіпті сәтті тудырды. Бұдан соң да ойын алма-кезек шабуылдармен өрбіді. Тек 32-ші минутта астаналық Евгений Постниковтың автоголы «Селтик» командасына үлкен серпіліс әкелді.

Бірнеше минуттан кейін Е.Постниковте жағдайды түзететіндей мүмкіндік болып еді. Бірақ оның баспен бағыттаған добы қақпадан сәл қисық кетті. Есесіне, алаң иелері өздеріне берілген мүмкіндікті қалт жібермеді. Бірінші тайм аяқталар тұста «Астана» командасының ойыншысы Ласло Кляйнхайсер қателікке бой алдырып, допты қарсыластарға беріп қойды. Ал қақпашымен бетпе-бет келген «Селтиктің» жартылай қорғаушысы Скотт Синклейрге гол соғу қиынға соқпады.

Екінші тайм қазақстандық команда үшін мүлде сәтсіз болды. Кездесудің 60-шы минутында С.Синклейр дубльдің авторы атанды. Артынша алаң иелері тарапынан жартылай қорғаушы Джеймс Форрест гол соқты. Ал ойындағы нүктені тағы да өз спортшыларымыз қойды. Өкінішке қарай, астаналық Игорь Шитов кездесудегі екінші автоголдың «авторы» атанды.

«Астана» және «Селтик» футбол командалары арасындағы жауапты кездесу үстіміздегі жылдың тамыз айының 22-сі күні, елімізде өтеді. Бірақ ол ойынға деген үміт аз.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz