«Селтик» командасы Қазақстанға «ұпай бермейміз» деген сеніммен келді. Алайда астаналық аяқдоп шеберлері олардың бұл жоспарының күл-талқанын шығарды. Ойынның жоғары деңгейде әрі тартысты өткенін ерекше атаған жөн. Жерлестеріміз сырт алаңда кеткен еселерін толығымен қайтаруға тырысты.

Есепті алғашқы болып астаналықтар ашты. Ойынның 26-шы минутында Дмитрий Шомконың қақпаға бағытталған қатты соққысын қайтармақ болған Кристофер Айер абайсызда автоголдың авторы атанды. Өкінішке қарай, қонақтар көп ұзамай есепті теңестіріп кетті. Голдың авторы - шотландиялық хавбек Скотт Синклейр. Осылайша үзіліске екі тарап 1:1 есебімен тарқасты.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қызықтың барлығы екінші таймда орын алды. «Астана» командасының ойыншылары шабуылды үдете түсіп, бірінен соң бірі 3 гол соқты. Бұл ретте, жерлестер сапынан Серікжан Мұжықов пен Патрик Твумаси нәтижелілігімен көзге түсті. Соңғысы дубльдың авторы атанды. Мұндайды «Селтик» ойыншылары күтпегені анық. Қонақтар біршама абдырап қалды. Шотландиялық команданың бапкері Брендан Роджерс алаңдағы шабуыл шебінде жүрген үш ойыншысын бірден қорғаушыларға алмастырды.

Біздің жігіттерде көрсеткіштерін күшейтетін бірнеше мүмкіндік болды. Өкінішке қарай, қарсыластардың қақпасына бағыттаған әр соққысы межеге жетпей жатты. Есесіне ойын соңына дейін қонақтар екі мәрте көзге түсті.

Осылайша, осыдан бір апта бұрын өз алаңдарында «Астананы» айқын басымдықпен жеңген «Селтик» екі ойынның есебі бойынша Чемпиондар лигасының келесі турына өтті. Ал қазақстандық команда Еуропа лигасында өнер көрсететін болады.

saryarka-samaly.kz