Тұраламайтыны анық!

Алдымен аймақ басшысы облыс орталығындағы ірі жоба – «Сарыарқа» шағын ауданындағы тұрғын үйлер құрылысымен танысты. Мұнда құрылыс қарқынды. Төрт үй бой көтеріп келеді. Облыс әкімі келесі жылдан бастап аталмыш ауданда жылына 100 мың шаршы метр тұрғын үй салатын жағдайға жету жолдарын қарастыру қажеттігін атап өтті. Жалпы «Сарыарқа» шағын ауданында құрылыстың тұралап қалмайтыны анық. Өйткені мемлекет қаржысынан бөлек қолғабыс жасауға ниетті өңіріміздің ірі кәсіпорындары да баршылық. Айта кетейік, облыс орталығында қазіргі таңда жылына 220 мың шаршы метр үй салынуда. Алдағы уақытта әлі де еселей түсу көзделіп отыр.

Облыс әкімімен кездескен мердігер компаниялар бұйымтайларын бүгіп қалмады. Мәселен, «Жәрдем» құрылыс компаниясы бүгінде екі үй тұрғызуда. Үйдің біреуі бойынша республикалық қазынадан бөлінген қаржыны игеріп тастапты. Енді оның құрылысын жалғастыру үшін келесі жылы ақшаның бөлінуін күту керек. Ал мердігер үйдің құрылысын орта жолда қалдырмай, биыл желтоқсанға дейін аяқтауға мүдделі. Ол үшін 300 млн. теңге қажет. Облыс әкімі Б.Бақауов құзырлы органдарға мәселені шешудің тиімді тетіктерін іздестіруді тапсырды. Бірақ бәрі заң шеңберінде болуы тиіс, деді аймақ басшысы.

- Біз жергілікті қазынадан бір үйдің құрылысына барлық қаржыны бөліп, соны толық аяқтауға қауқарлымыз. Алайда біз жұмыстың басқа жолын таңдадық. Яғни мақсатымыз – жергілікті құрылыс компанияларының қысы-жазы үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасау, - деді облыс басшысы Б.Бақауов.

Биыл бюджет және жекеменшік қаражат есебінен барлығы 12 үй салынады. Оның біразы қолданысқа берілді. Енді тағы 8 үйдің құрылысына конкурс жарияланбақ. Олардың алтауы кірпіштен салынса, екеуі панельді болады деп жоспарлануда. Облыс әкімі дәл осы нысандардың құрылысына жергілікті фирмаларды қатысуға шақырды. Әйтпесе өзіміздікілер уыстан жіберсе, өзге өңірлерден «ентелеп» отырғандар жетеді. Сонымен қатар мердігерлердің өз қаражатына үй салып, кейін әкімдікке өткізу мүмкіндігін пайдалануларына әбден болады. Тек үйдің жоба-жоспарын, шаршы метрінің құнын билікпен келісіп алғаны жөн.

«Сарыарқада» инженерлік желілер тарту тендерін ұтып алған кәсіпорын басшылығы да аймақ басшысына базынасын жеткізді. Айтуынша іске кірісу үшін әлі сүрілмеген бірқатар үй кедергі болып отыр. Қала әкімі Нұржан Әшімбетов тиісті шешімдер енді ғана шыққанын, сондықтан тұрғындарды көшіргеннен кейін жұмыс алға жылжитынын мәлімдеді. Облыс басшысы жауапты органдарға себебін іздемей, түйінді тарқатудың жолдарын іздестіруді ескертті. Сонымен қатар, су құбырларын, кәріз жүйесін тартуда да түйткілдер бар көрінеді. Облыс әкімі Б.Бақауов алдағы уақытта аталмыш ауданның мәселелері жөніндегі арнайы жиынға тікелей қатысып, мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға атсалыспақ.

Ойланбаса, оңбайды!

Ал Павлодар қаласында Лесная-Гагарин көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйдің құрылысын жүргізіп жатқан мердігер «Нұр-Pavlodar» серіктестігінің жұмысын облыс әкімі қатаң сынға алды. Себебі фирманың жұмысы тым сылбыр. Қара күздің жақындағанына қарамастан, үйдің іргетас қадалары енді ғана қағылып жатыр. Бір қызығы, мердігер бар пәле үй салынатын жердің тым балшықты болуында деп байбалам салып отыр. Сондықтан құрғатуға қыруар уақыты кеткен-мыс. Аймақ басшысы мұндай жауапты сылтауға балады. Өйткені аталмыш компания Екібастұз бен Ақсуда да үй тұрғызуда. Онда да құрылыстың мерзімінен кешігуі тіркеліп отыр. Айта кетерлігі, әлгі ұйым көбінде ірі компаниялардың қаражатына салынатын нысандарға ие болады. Мәселен, Лесная-Гагарин көшесіндегі үйге «Қазақстан алюминийі» АҚ тапсырыс берген. Кәсіпорынның құрылысқа жауапты өкілдері де мердігердің жұмысына көңілі толмайтынын жасырмады. Тіпті, бұлай жалғаса берсе, мердігерді ауыстыру мәселесі туындауы мүмкін. Қысқасы, енді мердігер «есін жимаса», жылдар бойы жинаған абыройынан айырылуы ықтимал.

Жататын орын бар!

Колледждерді таңдауда ауыл баласы көбінде оның жатақханасы бар-жоғына баса мән беретіні белгілі. Шыны керек, облыс орталығындағы мұндай білім ордаларының басым бөлігінде жатақхана атаулы аз еді. Енді сол олқылықтың орны тола бастағанға ұқсайды. Мәселен, Павлодар монтаждау колледжінің 200 орынға шақталған жатақханасының құрылысы аяқталуға жақын. Ал түсті металлургия колледжінде білім алатын студенттер биыл қыркүйектің екісінен бастап жаңа әрі жайлы бөлмелерге жайғасады. Заманауи студенттер үйінің құрылысы толық аяқталыпты. Сондай-ақ колледж жастарының талапқа сай жабдықталған футбол және баскетбол алаңдарында бос уақыттарын өткізуге мүмкіндік бар.

Көлік және коммуникация колледжінің де көрер қызығы – алда. Мұнда қазіргі таңда футбол алаңы мен жүгіру жолдары төселуде. Енді келесі жылға жатақхана құрылысы жоспарланыпты. Тек мұнда спорт алаңдары мен жатақхананы орналастыру жобасында қателіктер жіберілген. Яғни қазіргі жоба бойынша жатақхана салынатын орынның асты - толған инженерлік желілер. Егер желілерді жылжыту сияқты жұмыстар жасауға тура келсе, бұл құрылыстың құнына айтарлықтай өзгеріс енгізеді. Сондықтан облыс әкімі Б.Бақауов кішкентай қателіктің үлкен шығынға ұрындыратынын ескертіп, жобаны қайта пысықтауды тапсырды.

255 аула абаттандырылса...

Аймақ басшысы шаһарда салынып жатқан бірқатар саябаққа аялдады. Соның бірі – С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің корпустары мен жатақханасы арасын байланыстыратын жолда реттеліп жатқан студенттер саябағы. Мұнда қазір ағаштар егіліп, айналасы абаттандырылуда. Шамдар мен орындықтар орнатылып, әдемі бір жастар серуендейтін орын болмақ. Дачный шағын ауданында да ескерусіз жатқан аумақ енді тұрғындардың саялайтын бағына айналады.

Жалпы облыс орталығында алдағы уақытта да саябақтар қатары артады. Қазірдің өзінде алтауы абаттандырылып жатыр. Н.Әшімбетовтің айтуынша, тағы төрт саябақтың жобасы жасалуда. Осылайша, бірнеше жыл ішінде қаланың саябақтар бағдарламасын түйіндеу көзделіп отыр.

Айтпақшы, қаланы аралау кезінде аймақ басшысы келесі жылы облысымыздың үш қаласында аулаларды абаттандыру жұмысын аяқтау мүмкіндігін қарастыруды сөз етті. Биыл Павлодар қаласында 130 аулаға көрік кірді. Әлі 200 аула көріктендіру кезегін күтуде. Оған шамамен 1 млрд. 600 млн. теңге қажет. Ал Ақсуда – 15, Екібастұз қаласында 40 аула жөндеу көрмеген. Облыс әкімі Болат Бақауов үш шаһардағы осы аулаларды 2018 жылы толық жөндеп бітсе, облыстың 80 жылдығына үлкен сый болар еді, деді. Сондықтан құзырлы органдарға осындай мақсат қоя алға басуға кеңес берді. Тек бұл арада әр аула жеке зерделеніп, жөндегеннен кейін астындағы желілерді қопару жағдайларына жол бермеу керек.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz