«ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы-ның бас директоры, басқарма төрағасы Димаш Досанов сала өкілдеріне жылы лебізін білдіріп, кәсіпорынның жетістіктеріне тоқталды.

- Баршамызға 20 жылдық мерейтой құтты болсын. Бұл уақыт ішінде талай белесті бағындырдық. Аталмыш уақыт аралығында компанияның мұнай тасымалдау көлемі 2 есеге ұлғайды. Нәтижесінде 800 млн. тоннадан астам мұнай тасымалданды. Салық төлемдерінің көлемі 11 есеге артты. 20 жыл ішінде мемлекетке төлеген салық құны 300 млрд. теңгені құрады. Бұл жетістіктің бәрі - кәсіпорынның тұрақты дамуының көрсеткіші. Ортақ жеңіс. Кәсіпорын еліміздің одан әрі дамуына өз үлесін қосады деген сенімдемін, - деді Д.Досанов.

Бұл күні кәсіпорын мамандарын Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов құттықтады.

- Құрметті мұнай саласының арда-герлері! Мерейтой құтты болсын! Заманға сай технологияны меңгеріп, әлемдік стандартты енгізіп отырған компания еліміздің ірі мұнай тасымалдаушы ұйымына айналып отыр. 20 жыл ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ жеке мемлекеттік серіктестік аясында табысты жұмыс атқарып келеді. Еліміздегі көптеген игі істерге қолдау көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған IPO бағдарлама-сын алғаш жүзеге асырған кәсіпорын. Компания қызметкерлеріне зор денсаулық, мол табыс тілеймін, - деді Болат Жұмабекұлы.

Шара барысында мұнай саласында қажырлы еңбек еткен ардагерлер мен сала өкілдері марапатқа ие болды. Оларға ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі мен Алғыс хаттары табысталды. Тағы бір тобы «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Облыстық «Сарыарқа самалы» газеті компаниямен көп жылғы ынтымақтастығы үшін Алғыс хатқа ие болды.

Мереке соңы өңіріміздің жас өнерпаздарының концертіне ұласты.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz