«Павлодар жылу желілері» АҚ бас инженерінің орынбасары Сергей Дуиздің сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта 524 тұрғын үйде ыстық су жоқ. Тамыз айының соңына дейін үйлердің 95 пайызын сумен қамту жоспарланған. Өткен жұмада Усолка, Дачный шағын аудандарында су толтыру және қыздыру жұмыстары жүргізілді. Сенбі күні ыстық су берілді. Сонымен қатар, екінші Павлодардағы жылу магистралінде орын алған ақаулар жойылып, ыстық сумен қамтамасыз етілді.

Павлодар қаласында жылу маусымына дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Бүгінде 520 тұрғын үй жылу маусымына 100 пайыз, 535 тұрғын үй 80 пайыз дайын. Ал 162 тұрғын үйде пәтер иелері кооперативі жөндеу жұмыстарымен айналысуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы 10 қыркүйекте аяқталады деп күтілуде. Жуырда Ломов көшесі, 171, Қамзин көшесі, 170, Катаев көшесі, 60, 89, Гагарин көшесі, 48 үйлердің жылу желілері жөндеуден өткен. Биыл жылу маусымы 15 қыркүйекте басталмақ.

Еске сала кетейік, Павлодарда 1217 көпқабатты үй мен 132 ПИК тіркелген.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz