Тарқата айтсақ, 25 жасқа енді аяқ басқан жігіт осыдан бірнеше жыл бұрын ниеттес замандастарымен бірлесіп, көтерме бағамен жеміс-жидек сатумен айналысады. Ал биыл ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері мен сатып алушылар арасын жақындастыратын жоба құруды жөн санапты. Сөйтіп «KazAgroTrade» жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып, электрондық платформа жасап шыққан.

- Жеміс-жидек, көкөніс сатып жүріп, өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейін жеткенше айтарлықтай қымбаттайтынын аңғардық. Сондықтан тауарлардың делдалсыз сатылуына үлес қосуды ұйғардық. Осылайша, электронды платформа құру идеясы туды, - дейді серіктестік жетекшісі Әлфараби Ерлікұлы.

Әлфараби бұл істе әріптестерінің де үлесі молын айтады. Серіктесі Ернұр Бейсекеев те жобаның жемісті жүзеге асуына атсалысып келеді. Жастардың айтуынша, бұл жоба арқылы енді шаруалар қолда бар өнімін ешбір делдалсыз тұтынушыға өткізе алады. Яғни серіктестіктің интернет сайтына кірген клиенттер осында қалаған ауыл шаруашылығы өніміне өтінім қалдырады. Онда қажетті өнімнің көлемі, сұрпы, жеткізілетін қаладағы мекенжай, байланыс телефондары көрсетіледі. Бұл өтінімдер автоматты түрде бір мезетте барлық тауар өндірушілердің ұялы телефонына смс-хабарлама ретінде түседі. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай тәсіл егіс алқабында жүрген шаруаларға өте қолайлы. Себебі интернет іздеп шапқыламайды. Келген хабарламадағы байланыс телефоны арқылы сатып алушымен тікелей сөйлесіп, өнімін өткізеді. Жоба басталғанда алғашқы екі апта іскер азамат тегін қызмет көрсеткен. Енді сайтқа тіркелген әрбір өндіруші бұл қызмет үшін айына 5 мың теңге төлейді. Кәсіпкер ірі тауар өндірушілерде өнімін өткізу қиындыққа соқпаса, шағындарында кедергілер кездесетінін біледі. Сондықтан платформа шағын шаруаларға жәрдемдеседі деуге болады.

Қазіргі таңда IT-технологияның арқасында түзілген платформаға 400-ге тарта шаруа қожалығы тіркеліпті. Көбі – павлодарлықтар. Қазіргі таңда жас бизнесмендер Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлерін қосуға күш салуда. Негізі жоба бүкіл Қазақстанды қамтуға көзделген. Елімізде жобаның бірде-бір
баламасы жоқ.

Жастардың бастамасына мемлекет те демеу берді. Нақтысы биыл аталмыш серіктестік сайтты жаңғыртуға және жарнамалауға «Даму» қоры арқылы 3 млн. теңгенің грантын ұтып алған. Алдағы уақытта бастаған істі әлі де жетілдіре түсуге жігіттер бар күш-жігерлерін салмақ.

Елімізде әркімнің кәсіпкерлік қызметпен еркін айналысуына, өз мүлкін кез келген заңды іскерлік бастамалар үшін пайдалануына Ата Заңымыз кепіл береді. Міне, осы конституциялық құқығын Әлфараби сияқты азаматтар игілігіне жаратуда. Демек, Қазақстанда ниет болса, кез келген кәсіпті дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік мол.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz