Оның ішінде аймағымыздың намысын Павлодар қаласының «Вертикаль» және Баянауыл ауданының «Арлан» командалары қорғады. Бұдан бөлек, достық меридианында еліміздің Көкшетау, Қарағанды, Шымкент, Тараз, Семей, Ақтөбе, Петропавл, Рудный, Талдықорған қалаларынан бір-бір команда және Ресей елінен «Экстрим» тобы бақ сынады.

Тарихқа көз жүгіртсек, сонау 1987 жылдан бастау алған туристік сайыс талай кезеңді басынан өткерді. Алғашқы он жыл бойы облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің жүлдесіне өткізілген бұл шара 1999 жылдан бастап Павлодар облысының дене тәрбиесі және спорт басқармасының еншісіне тиді. Содан бері жарыстарды өткізу деңгейі біршама көтеріліп, ауқымы кеңейіп, жаңа серпіліс, жаңа тыныс алды. Ал 2008 жылы жиырмасыншы мәрте ұйымдастырылған «Ертіс меридианы» туристер слетіне республикалық мәртебе берілген болатын.

Туристік слеттің салауатты өмір салтын, патриоттық сезімді қалыптастырып, табиғатқа құрмет-пен қарауда, спорттық туризм саласындағы жаңа дәстүрлерді, достықты дамытуда маңызы зор екендігі анық. Бірнеше күнге созылған шара барысында қатысушылар әртүрлі кезең бойынша жарысқа түсті. Атап өтер болсақ, спортшылар «Командалық арақашықтық», «Туристік эстафета», «Көпті көрген турист» сияқты бірнеше кезеңдерден сүрінбей өтулері тиіс болды. Оның аясында тауға өрмелеудің бірнеше кезеңдерін, жарақат алған адамға алғашқы медициналық жәрдем көрсету, құтқару жұмыстарын ұйымдастырып, жүзеге асыру, сонымен қатар қайықпен су өткелінен өту сияқты тапсырмаларды артқа тастады. Туристер белгіленген аймақтардан жүріп өтіп, барлық талаптар мен тапсырмаларды орындады.

Күн ұясына батқан шақта жылдағы дәстүр бойынша туристік әндер байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, фотосуреттер сайысы өткізілді.

Жалпы, көп сайыс қорытындысы бойынша Қарағандының «Созвездие» командасы топ жарды. Екінші орынды көкшетаулық «Синегорье» командасы иеленсе, павлодарлық «Вертикаль» үшінші орынға тұрақтады.

Осылайша, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағындағы төрт күндік туристік шеберлік бәсекесі өте шықты. Дәстүрлі республикалық бұл шара келер жылы да жалғасады деп күтілуде.

Данияр ЖҰМАДІЛ
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz