Павлодар облысы бойынша тексеру комиссиясының басшысы Айнагүл Құрманова бастаған өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуын бақылайтын топ Баянауыл ауданында болып қайтты.

Алдымен ат басын бұрған нысан Майқайың-Екібастұз автожолын қайта жаңарту жұмысымен айналысып жатқан «StatusLuxe» ЖШС болды. Кәсіпорынның өндіріс басшысы Диас Ахметқалиевтің айтуынша, аталмыш бағыттағы 8 шақырымның жұмысы жақын арада аяқталатын болады.

- Қараша айына жеткізбей нысанды тапсырамыз деген жоспар бар. Ауа райы да осы мүмкіндікті пайдаланып қал деп тұрғандай. Техника мен жұмысшылар жеткілікті. Біз өз тарапымыздан мойнымызға алған міндеттемемізді жауапкершілікпен орындап шығамыз, дейді ол.

Дәл осы тас жолдың 9 шақырымына жөндеу жұмысын жасау «Гидропром» ЖШС-не сеніп тапсырылған екен. Бас инженер Қанат Әубәкіровпен аз-кем сұхбаттасқанымызда бел-гілі болғандай, мамыр айының аяғында басталған жұмыс қарқыны еш бәсеңсімеген. Тіпті, сметалық жобада көрсетілмеген бірлі-жарымды жұмыстарды компания өз есебінен атқарып жатқанға ұқсайды. Мәселен, жолаушыларға ыңғайсыздық тудырмау үшін айналма жолға қиыршық тас төсеуді қосымша жүзеге асырыпты.

Мердігерлердің айтуынша, белгілі бір себептермен тапсырыс беруші «Павлодар облысының құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ тарапынан соңғы екі айда атқарылған жұмыстар қаржыландырылмай отыр екен. Сөйтсе де, еңбекақыны уақытылы төлеп отыр. Себебі олар үшін маңыздысы мамандардан айырылып қалмау.

- Жалпы алғанда, атқарылып жатқан істерге көңіліміз толды. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстың сапалы атқарылуы. Әрине, қаржының мерзімінде игерілуі де назардан тыс қалмайды. Бүгін айтылған кейбір мәселелердің шешімін табуына ықпал ететін боламыз, - деп қорытындылады Айнагүл Құрманова.

Айта кетуіміз керек, облысымызда мұндай бірнеше комиссия құрылған болатын. Алдағы күндері құрамында облыстық мәслихаттың депутаттары, Қоғамдық Кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері енген топ барлық қала-аудандардағы жұмыстармен танысып шығатын болады.

Жұмабек СМАНОВ, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz