Шапық Шөкин Павлодар облысы Баянауыл өңірінде дүниеге келген. Кезінде қазақтан шыққан тұңғыш геолог, академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен энергетика саласының қыр-сырын меңгеріп, Кеңес одағы көлемінде абыройға бөленген ғалым.

Көрнекті қазақ энергетигі Ш.Шөкин – Қазақстан энергетикасын дамытуға арналған «Қазақстан энергетикасы», «Ауыл шаруашылығын энергиямен қамтамасыз етудің ғылыми негіздері», «Қазақстан энергетикасын дамытудың негіздері», «Энергетика және Қазақстанның су шаруашылығы», «Қазақстанның жылу-энергетикалық балансы» сияқты 500-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Ол жетекшілік еткен жылдары Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтында Ертіс-Қарағанды каналының жобасы, Қапшағай су-электр станциясының құрылысы, Сібір өзендері суларының біраз бөлігін Қазақстан мен Орта Азияға бұру, өзен ағысын реттеу, жану теориясы, жаңа бу қазандықтары, плазмалық технология, жалпы энергетикалық зерттеу-лер жүргізілді.

Бүгінгі таңда елімізде Қазақстан электр энергетикасы жүйелі түрде дамуда. Болашақта елімізді тұрақты энергиямен қамсыздандыру аясында «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Қазақстанның 2030 жылға дейінгі электр энергетика-сының даму жоспары» жүзеге асырылуда. Бұл - Ш.Шөкин арманының орындалуы. Академик тұлға өз өмірінде 20-дан астам су-электр станциясын (гидростанцияларды) салып, іске қосқан екен!

Осындай іргелі бастамалары мен нәтижелі еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылы академик Шапық Шөкинге «Халық Қаһарманы» атағын берген болатын.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

- Ол Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының алғашқы директоры болды. Академик Шөкин басқарған кезде институт еліміздегі құнды эксперименталды базасы бар, тіпті кейбір зерттеулері бойынша әлемде баламасы жоқ ірі әрі жаңашыл ғылыми мекемеге айналды. Қазақстанның энергетика саласындағы ғылыми жаңа-лықтарының барлығы осы институтпен байланысты. Шапық Шөкиннің тікелей араласуымен Қазақстан энергетикасы ғылыми-техникалық болжамының кешенді жүйесі, Ертіс-Қарағанды каналының, Қапшағай гидроэлектростанциясының жобалары жасалды, – деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Естеріңізде болса, 2016 жылы желтоқсанда Алматы қаласының Алмалы ауданындағы бір көше академик Шапық Шөкиннің есімімен аталғанын сүйіншілеп хабарлаған едік. Бұл шешім Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қабылданған шаралардың қатарында іске асты. Сол мақаламызда еліміздің энергетиктер қауымы Шапық Шөкин атамызға еңселі ескерткіш орнату мәселесін көтеріп отырғанын жазғанбыз. Енді міне, қазақша айтқанда Құдай қолдап, Қазақстанның тұғырын көтерген алып азаматқа асқар таудай ескерткіш қойылды. Бұл - өскелең ұрпаққа тамаша өнеге. Қазақстанда қойылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен Қазбек Жарылғапов пен Мирлан Азмағамбетов жасаған эскиз үлгілері үздік деп танылған.

Ескерткіштің ашылу салтанатына академиктің ұлы Қанат Шөкин, энергетика ғылыми-зерттеу институтының президенті Халық Абдуллаев, Алматы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов, археолог-ғалым Карл Байпақов, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Осылайша, Алматының қақ төрінде жерлесіміз, бүкіл Қазақ елінің мақтанышы Шапық Шөкинге лайықты ескерткіш бой көтерді. Ақжолтай хабарға қуанбағанда қайтеміз?! Бұған ең алдымен туған халқының шексіз сүйіспеншілігі әсер етіп отыр десек, шындықтан алшақтау сөз емес. Бір мәліметтерде Қазақстан инженер-энергетиктер одағының Қапшағай су-электр станциясына академик Шөкиннің есімін беру жөнінде ұсыныс бергені де айтылған. Бұйыртса, оған да жетіп қалармыз. Артық деп айтуға ешкімнің аузы бармас.

Нұрбол ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz