Астанада Гумилев атындағы Еуразиялық университетте «Бейіс хазірет» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл жас тарихшы, этнограф Оразалы Шыңғыстың қазақ халқының ірі діни және саяси қайраткері Бейіс Тәктенұлы туралы 3 жыл бойы жинаған еңбегінің нәтижесі еді. Шыңғыс Төлегенұлы Оразалы – жас шежіреші, этнограф, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің түлегі, Мәскудегі Жоғарғы экономика институтының ғылыми қызметкері, МГУ-дің зерттеуші-аспиранты, этнография, шежіреге арналған бірнеше еңбектің авторы.

Кітап тұсаукесеріне Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қайрат Байбосынов, мемлекет және қоғам қайраткері, Құнанбай қажының ұрпағы Сиязбек Мұқашев, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Наурызбай Тағанұлы, өлкетанушы, жазушы Тортай Сәдуақас және т.б. қатысты. Сондай-ақ, Өзбекстаннан, Ресейден келген шетелдік қонақтармен бірге Қазақстанның Алматы, Атырау, Павлодар, Атбасар сияқты қалаларынан Бейіс хазіреттің ұрпақтары болды. Сол күні Астанадағы Әзірет Сұлтан мешінде дұға бағышталып, мешіт асханасында ас берілді.

Бейіс Тәктенұлы - (1849-1917) жаңа заманның жарқын тұлғаларының бірі, белгілі ағартушы, қазақ халқының рухани тәлімгері. Ол 1849 жылы Баянауылда дүниеге келген. Әкесі Тәктен, одан іле анасы ерте дүниеден өтіп, атасы Жанғозы қажының қолында өседі. Өз қолымен жазған таржума-и халіде (өмірбаянында): «Шырағым, сен оқуың керек», - деп Жанғозы қажы Ташкентке бара жатқан бір саудагерге ертіп жіберетіндігі баяндалған. Барған бетінде Арғын махалласына кіріп, бір жыл байдың жалшысы болады. Көкілташ медресесіне кіріп, сонда оқиды, одан кейін Бұхара медресесінде оқуын жалғастырады. Осыдан соң, Мединедегі белгілі мұсылман мектептерінің бірі – Махмудия медресесі директорының шақыртуы бойынша сонда барып, оқуын әрі қарай жалғастырады. Өмірінің 16 жылын Мекке мен Мединедегі оқуға арнайды. Туған елінен алыста болса да, киелі жерде кездескен қандастарына барынша қол ұшын беріп, жәрдем жасап жүреді. Меккеге қажылыққа барған Құнанбай қажы, Досжан халфе қажылық етуші қазақтарға арнап қонақ үй (тәкие) салады. Бейіс хазірет сол тәкиенің меңгерушісі болады, медреседе сабақ береді. Мұрағат құжаттарға сәйкес ол қонақ үйі Хамидия медресесі тұрған ауданда, Меккенің жанында, Қағбадан 2 шақырым жерде болған екен. Өкінішке қарай, бұл үй мен медресе ғимараты осы күні сақталмаған.

Елден хабар келіп, халқы ауыр күй кешіп, діни қуғындауға түсіп жатқанын естіп, мүфти Мұхамедияр Сұлтановтың шақыруымен Бейіс хазірет 1891 жылы туған еліне оралады. Орынбордағы Хусаиния медресесінде дәріс береді. Мүфти М.Сұлтановтың екі жүзді саясатына көзін жеткізеді. Өзін Меккеден шақырғандағы мақсаты жәдитшілерді жақтаушылар алдында өз беделін көтеру екені белгілі болады. Бейіс хазірет үш жыл «Діни мәжілісте» және медреседе қызмет етеді. Жоғарыда аталған мүфти өз қызметі барысында мұсылмандардың азаматтық және саяси құқықтарын қорғайды, діни және ағартушы мекемелеріне реформалар жүргізеді деген үміттерін ақтамайды. Керісінше, мүфти билікпен келісімпаздық саясатын ұстанып, шалағай шаралармен ғана шектеледі. 1894 жылғы 12 сәуірде мүфти М.Сұлтанов Орынбор діни назараты имам мен ахундарына үндеу жасап, «мұсылмандарды орыс дініне енгізеді» деген сөзді жоққа шығаруға тырысады. Ол «Ресейде Исламды бұрын да, қазір де, болашақта да барлық мұсылмандар еркін ұстана беретін болады, өйткені ол заңмен белгіленген» деп бекемдей түседі.

Бейіс хазірет Орынбор мүфтиінің екіжүзді ұстанымына түбегейлі қарсы іс-әрекеттер жасайды. 1901-1905 жылдары өзі Меккеде тұрған кезінде жақсы таныс болған Меккенің шерифі Аун әл Рафикпен байланыста болады. Ол қарым-қатынастың нәтижесінде 1901 жылдан бастап Меккенің шерифі Бейіс хазіреттің құрметіне Атбасар және Көкшетау уездерінен қажылыққа барған қазақтарға «кисва» (қасиетті Қағба жабылғысы) сыйлап жіберетін болған екен. 1901 жылы Сүлеймен Мекебай, 1903 жылы Данияр Қойшин және басқалар осындай сыяпатқа ие болған. «Кисваның» жыртыстарын «Байтоллаһтың қара жабуы» деп те атайды екен.

Бейіс хазірет секілді белсенді дін қайраткерлерінің, соның ішінде өз тарапынан ашқан медресесін де жабуды көздеген патша жандайшаптары                               1900-1902 жылдары Ресей Ішкі Істер министрлігі Ақмола облыстық басқармасының құзырымен «О воспрещении муллам и другим учителям, не знающим русской грамоты право преподавать в медресе» атты жарлық шығарады. Бейіс хазірет орыс тіліндегі сынақтан мүдірмей өтіп, медреседегі оқытушылығын жалғастыра береді. Жалпы, хазірет орыс тілін жетік білетін алғашқы имамдардың бірі болған, оған қоса араб, түрік, шағатай тілдерін білген, үнемі сол тілдердегі кітап, газеттерді жазып алдырып, тұрақты оқып отырған.

1892 жылы Ресей императорының бұйрығымен Көкшетау және Ақмола өңірлеріне миссионерлік істі күшейтіп, қазақтарды православиеге мәжбүрлеу үшін шіркеу салып, тіпті Библияны қазақшаға аударады. Қазақ балаларын шоқындыру мақсатында орыс-қазақ мектебін ашады. Науан, Бейіс хазіреттер қазақ жерінде ислам дінін сақтап, қазақтарды шоқындыруға қарсы қызу күрес ұйымдастырады. Белсенді әрекеттерімен көзге түскен 1897-1905 жылдарда «Атбасар уезіндегі қоғамға қауіпті адамдар» тізіміне енгізіледі. Ақмола ішкі істер басқармасы тыңшыларының хабарлауынша Бұхара әмірлігімен де, Осман империясымен де «күдікті адамдар» арқылы байланыста деп бақылау жүргізіп отырады.

Осы жағдайларға байланысты Бейіс хазірет Атбасарға көшіп келіп, онда          1897 жылы медресе ашып, халықтың ұлттық және діни дәстүрлерін қорғауға және сақтауға бар күш-жігерін салды. Жоғарыда айтылғандай, Бейіс хазірет Осман империясының зайырлы және діни көшбасшыларымен белсенді түрде хат алмасып тұрды. 1903 жылы Бейіс хазірет, Науан хазірет, Сексенбай Төленкеұлы, Шорманов Сәдуақас қазақтарды шоқындыруға мәжбүрлеуге қатысты РПШ-нің (Ресей Православиялық шіркеуі) дін саясатына қарсы күресте көмек өтініп, Осман империясының сұлтаны II Абдул Хамитке хат жазады. Түрік сұлтаны II Николайға хат жолдап, түріктерге бауырлас қазақ халқының дін ұстаудағы құқына қол сұқпауын сұрайды. Бұған қоса, үлкен делегация аттандырады, олар дала өлкесінің мұсылмандарына барынша көмектеседі: жаңа медреселер ашады, адамдарды оқытуды ұйымдастырады, ислам туралы кітаптар аударып, кең көлемде халыққа таратады.

Кітап авторы Ш.Оразалы зерттеу жұмыстарының арқасында түрік сұлтаны делегациясының қазақ еліне сіңіп кеткен кейбір мүшелерінің ұрпақтарын тапқан екен. Солардың бірі Найзабек имам – Омбы облысы Таврический ауданы мешітінің имамы (ол да Астанада өткен шараға қатысып отырды) – түрік сұлтаны II Абдул Хамиттың бұйрығы бойынша қазақ делегациясының мүшесі Ғабдолланың ұрпағы.

1905 жылғы 10-15 сәуір аралығында араб, түрік елдері басшыларының ықпалының арқасында министрлер кабинетінің төрағасы С.Витте өкім шығарып, «Улем жамағаты» тобының мәжілісі өтіп, мұсылмандар қауымының проблемаларын талқылайды. Оған Петербург мешітінің имамы Г.Баязитов, Москвадан Х.Агаев, Көкшетау уезінің имамы Науан хазірет, Атбасар уезінің имамы Бейіс хазірет, сондай-ақ, Қазан, Уфа, Симбирск, Троицк, Астрахан, Томск және басқа қалалардан уәкілдер қатысады. Ресми баяндаманы Бейіс хазірет жасап, көптеген ұсыныстар енгізеді. Аталған мәжілістің қорытындысы бойынша арнайы петицияны талдап, бекіту үшін комиссия құрылады. Оның құрамына мырза-полковник К-М. Тевкелев, қази Р. Фахретдинов, Уфа өкілі Сәлімгерей Жантөрин, округтік соттардың мүшелері Д.Сейдалин мен Г.Тимуров, Тәктенұлы Бейіс және т.б. кіреді. Осы мәжілісте қабылдаған шешім бойынша кейіннен Бакуде, Уфада, Нижний Новгородта, Орынборда жиналыстар өтеді. Онда елдің қоғамдық-саяси өмірінде мұсылмандардың құқықтарын кеңейтуді, оларды кемсітуге жол бермеу, ал түркі тектестерге Ресейдің басқа халықтарымен бірге ұлттық және азаматтық құқықтар беру, мәдени дамуларына жағдай жасауды талап етеді.

Бейіс хазірет Алаш Орда үкіметін құру үшін олардың өкілдеріне барынша көмектескен. Алаш қайраткерлері Айдархан Тұрлыбаев, Мұқан Әйтпенов, Омар Алмасов, Әбілқасен Аңсағаев, Байсейіт Әділов, Хайретдин Болғанбаевтармен жақын араласқан.

Діни тұлға туралы жоғарыда аталған мұрағаттардан 600-ге жуық құжат қазір аударылу үстінде және ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігімен келісуден өтіп жатыр. Бұл жұмыс аяқталған соң барлық деректер, құжаттар жария етіліп, жеке кітап болып шығады. Сөздің аяғында мұрағаттардан табылған бір құжатқа сілтеме жасап кетейік, сол кездегі Бейіс хазіреттің белгілі замандастарының бірі Жанбатырұлы Қараменді қажының жазғандарынан:

«Тәктен баласы Бейіс - шамасы милади бойынша 1849 жылы Баянауыл өңірінде туған. Бейіс хазірет Бұхара, Мекке-Медина шәріпте оқып шығыпты, шайырлығы бар адам. Хазіреттің қираты жақсы, оқыған Құраны адамды өзіне тартып отырады. Халық арасында Қозғанның пірі аталған хазірет медресе ашып, дәріс беріпті. Шәкірттер Уфадағы діни назаратына қазылар алдында емтиханнан өтіп, имам хатиб уа мүдәріс дәрежесіне шаһадатнама алып қайтады. Хазірет жәдитшілерді жақтады, басқалар оны қаламайды. Ол уақытта біз жәдит жағын қолдамаймыз. Себебі ол уақытта түсінбейміз. Хазірет марқұм фаниден кеткенше Атбасар болысындағы Түркібай ауылында болып өмір сүрген. Қабірі өзеннің жағалауында, өз жайлауында көмілді. Алла рахметіне ғарық болсын».


Мұхит ОМАРОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

saryarka-samaly.kz