Жолдас ҚОСПАҚҰЛЫ, Павлодар қаласындағы «Ақмешіт» мешітінің имамы:

- «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» қажеттігін ислам шариғаты ежелден мойындап қойған. Жаратқанымыз Құран Кәрімде сырқаттансаң жазылудың емін ізде десе, Пайғамбарымыз хадистерінде әр аурудың, науқастың емі болады деп айтып кеткен. Сондықтан ислам діні, Құран кітабы екпе салу сүннетіне қарсы емес. Екіншіден, 2015 жылы Астанада ел имамдарының форумы өткенде ҚМДБ-ның ұйытқы болуы-мен тұғырнамалық құжаттар қабылданды. Сол құжаттың бірі медицина саласына арналып, мұсылман қауымы вакцинадан бас тартпайды деп анық жазылды. Сайып келгенде, өзін шын мұсылман санайтын пенде вакцинаға ешқашан қарсы шықпайды. Дәстүрлі емес дінді ұстанып, санасы уланған бірлі-жарым азаматтардың екпеден бас тартып жатқаны туралы естіп, көріп жүрміз. Былтыр Ақтөбе облысына барғанда ондай жандарды ұшырастырдық. Меніңше, олармен дұрыс жұмыс жүргізіп, насихат шараларын күшейту керек. Білікті медицина мамандары тартылып, әлеуметтік желінің күші арқылы екпе пайдасы туралы толыққанды әрі шынайы ақпараттар молынан таратылса құба-құп. Осы арқылы біз олардың бойындағы фобияны жоя аламыз. Ал жалпы, министрліктің көтеріп отырған бастамасын өз басым қолдаймын.

 

Меруерт ҚАЗБЕКОВА, Мәжіліс депутаты: (Интернеттегі сұхбатынан үзінді)

- Отандық медициналық статистиканың ақиқаттан алыстығын мен үзбей айтып келемін. Құзырлы министрлік соңғы 10 жылда елімізде вакцина әсерінен баланың мүгедекке айналуына қатысты бірде-бір дерек жоқ дейді. Қоғамдық ұйымдар өз зерттеуін жүргізуде. Мысалы, Аружан Сайнның қайырымдылық ұйымының мәліметінше, бала мүгедектігінің 3 пайызы осы екпе егудің салдарынан болған. Осыған орай, біз министрлікке шынайы зерттеу жүргізуді ұсындық. Қазақстанда екпе сору бұқаралық сипат алған. Біз екпе егуге қарсы емеспіз. Тек министрліктен мүгедектік пен екпенің арасында қандай да бір байланыс барына зерттеу жүргізуді өтініп отырмыз. Ата-аналар кез келген екпенің жанама әсері болатынын білуге құқылы. Осыдан бірер жыл бұрын Павлодар облысындағы Майқайың орта мектебінің 6-сыныбында оқитын екі бала жансақтау бөліміне түспей тұрып, бізде екпеге деген қорқыныш болмаған. Балалардың екпеден кейін ауруханаға түсу оқиғалары аз емес. Шенеуніктер ондайда вакцинаны тоқтатып, тергеу жүргізеді. Соңынан ауруға оның қатысы жоқ дегенді айтады. Ресейде екпені екі облыста сынақтан өткізді. Бізде ондай сынақ та жоқ. Сондықтан діни көзқарастарды желеу етіп, екпе жасатпағандарды айыппұл салып, жазалау мүлде дұрыс емес.

 

Дәулет ЗӘКӘРИЯНОВ, облыстық дін істері басқармасының басшысы:

- Білуімше, дәстүрлі емес дінді ұстанатын ата-аналардың кейбірі екпеге қарсылық танытады. Біз оларға бұл әрекеттерінің дұрыс еместігі туралы қолдан келгенше үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеміз. Еліміздегі кез келген діни конфессияның басшылары вакцина мәселесіне келгенде оң көзқараста. Мемлекеттің саясатына қарсы келмейді. Тек жұрттан ала-бөтен дәстүрлі емес ағымдарды ұстанатындардың пікірі, ұстанымдары министрлік мамандарының қатаң шараларға баруына түрткі болып отырған сыңайлы.

Мемлекетте қабылданған заң азаматтар тарапынан орындалуға міндетті. Мәселен, еліміздегі кез келген азамат әскери борышын өтеп, Отанын қорғауға міндетті. Ол үшін арнайы заң бар. Кейбір жат ағымдардың түсінігінде қолға қару алуға болмайды делінгенмен, олар заң аясындағы жауапкершілік құтыла алмайды. Сол секілді өзге тұлғалардың денсаулығына төндіретін қатердің алдын алу үшін түрлі ауруларға қарсы екпе жасау міндетті болуы шарт.

«Алаңды» үйлестірген – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz